Маңғыстауда рамазан айында "Қайырымды істер марафоны" аясында 5 мыңға жуық отбасыға көмек көрсетілді

2438
Adyrna.kz Telegram

Маңғыстауда Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпы ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқарма басшысының орынбасары Батырхан Қуанышбеков мәлім етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Маңғыстау облысы қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, аталған жобаның басты мақсаты - ел тұрғындарын ізгілікке, мейірімділікке үндеп, қайырымды істер жасауға шақыру.

«Қайырымды істер марафоны» жобасы бастау алғаннан рамазан айында 5 мыңға жуық отбасыға көмек көрсетілді. Жалпы облыс бойынша 2021 жылдың қантар – маусым айларында 40 мыңнан астам адамды қамти отырып, мұқтаж жандарға көмек көрсетілді. 1 наурыз – «Алғыс айту күніне» орай, облысымызда 100-ге жуық мерекелік және қайырымдылық шаралар ұйымдастырылды. Облыс әкімінің бастамасымен, наурыз айының 1 мен 31 аралығында «Мың алғыс!» қайырымдылық акциясы өтті. Акция аясында облыс бойынша аз қамтылған 1000 отбасыға азық – түлік қоржындары таратылды», - деді Батырхан Қуанышбеков.

Сондай-ақ, Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен көп қабатты тұрғын үйлерде құрылыс мекемелерінің демеушілігімен республикаға және өңірге танымал көрнекті азаматтарға арналып 10 мурал салынды. Атап айтқанда заманымыздың заңғар жазушылары Әбіш Кекілбаев, Есенғали Раушанов, Фариза Оңғарсынова, Кеңес одағының батырлары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, боксшылар Шоқыр Бөлтекұлы, Александр Драчтың бейнесі салынды.

Меценаттардың көмегімен Ақтау қаласының 3 шағын ауданынан «Сұңқар» спорт кешені салынып, қазіргі таңда 500 бала спортпен тұрақты шұғылдануға мүмкіндік жасалған. Сәуір айында Тұщықұдық ауылында демеушілердің көмегімен ауыл орталығына ашық балалар ойын алаңы салынды.

«Сонымен қоса Жыңғылды, Қызан, Жармыш ауылының мектеп түлектерінің демеушілігімен ауылдардың кіреберісіне инсталляция орнатып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсанында Ақшұқыр ауылында көп салалы «Сүлеймен Промоушн» спорт кешені демеушілердің көмегімен ашылды. Онда 500 бала күрес, бокс, гимнастика, суға жүзу сияқты спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік жасалған. Жетібай ауылынан дәстүрлі садақ атуды дәріптеу мақсатында меценаттардың қолдауымен «Садақ ату» залы ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Ақпан айында Мұнайлы ауданының орталығында «Миғраж» мешітінің жанынан демеушілердің көмегімен спорт кешені пайдалануға берілді. Бейнеу ауданының 2011 жылғы мектеп түлектері Рамазан айында игі іске себепкер болып, аудандағы көп балалы отбасыға үй тарту етті», - деді Батырхан Қуанышбеков.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер