Қан тапсырған бітімгер

2359
Adyrna.kz Telegram

Күні кеше қорғаныс министрлігінің бітімгершілікке дайындық орталығының жеке құрамы тұрақты қанмен толықтырылуға және Алматы қаласындағы медициналық мекемелердің пациенттеріне сапалы трансфузиялық көмек көрсетуге үлес қосты. Әскери қызметшілер 13 литрге жуық қан тапсырды. Бұл өлшеусіз үлес, жүздеген, бәлки мыңдаған адамның өмірін сақтап қалатын ізгі іс.

Әлемдік коронавирустық пандемия жағдайында үнемі қанмен қамтамасыз ету өте маңызды болып отыр. Сондықтан да әскерилер өмірі қыл үстінде тұрған жандардың жанын сақтап қалу мақсатында үнемі әріптестік танытып, донор болуға қашанда дайын. Бұл туралы бітімгершілік пен тілдік дайындықты талдау және бақылау бөлімінің бастығы полковник Руслан Маерманов мәлімдеді.

«Бізге хабарлағандай, балалар клиникасындағы науқас қан құюға өте мұқтаж көрінеді. Біз балаға көмектескіміз келеді және тезірек сауығып кетуін тілейміз. Әскери қызметшілер Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған «Ізгі істер марафоны» ұлттық жобасына белсенді қатысады және медициналық мекемелердің мұндай өтініштеріне жедел жауап береді» деді ол.

Жалпы бітімгер тек қана донор болып қан тапсырмайды, отан үшін жат жерде жанда тапсырады. Мыңдаған қазақ бітімгерлері Тәжікстанның таулы қыраты мен шатқалында шайқасып, лаңкестіктің оты жанған қауіпті үйімізге өткізбеу үшін қан төкті. 1992-1997 жылдары бітімгерлік миссиясымен Тәжікстанда болған Қазақстан бітімгерлерінің 57 сарбазы солайша көз жұмды. Жат жерде, туған жердің аспаны ашық болу үшін ерлік көрсетті.

2003 жылдан бастап Иракта соғыс бұрқ ете қалған сәтте де, Қазақстан бітімгерлері соғыс ошағына аттанып, 4 млннан астам жарылғыш затты залалсыздандырды. Сол арқылы он мыңдаған ирактық бейбіт тұрғындардың, балалар мен әйелдердің өмірін сақтап қалды. Бітімгерлік миссияны орындау барысында қазақстандық сарбаз жарылыстан қаза тапқан еді.

Артынша Ливан мен Африка мемлекеттерінде Қазақстанның бітімгерлік күштері өз миссияларын орындауға аттанды. Олар қауіпті аймақтағы тыныштық режимін сақтауға барын салып келеді. Африка мемлекетінде лаңкестік ұйымдардан әрекетіне, жауласушы тараптардың арасындағы бейбіт келісімнің сақталуына үлес қосуда. Бұл адамдық миссия. Қазақстан бітімгерлік күштері дәл осындай қызметтерді атқарған, атқара бермек те. Бейбіт күнде қан тапсырып, донор болған жауынгерлер, жат жерде мемлекеттік, адамдық мүддені қорғап, қиян миссияларды да сәтті атқаруға сақадай сай сайыпқырандар.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер