“Славян базары-2021” Халықаралық өнер фестивалінің бас жүлдесінің иегері Рухия Байдүкенованың қатысуымен баспасөз отырысы өтті

362
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар  қызметінде халықаралық «Славянский базар-2021» өнер фестивалінің гран-при жүлдесінің иегері Рухия Байдүкенованың қатысуымен баспасөз отырысы  өтті.

XXX-шы дәстүрлі Халықаралық өнер байқауы биыл  14-19-шы  шілде аралығында Белорусь елінің Витебск қаласында  өтті. Қазақстандық делегация дүбірлі  додадан  елге бүгін түнде оралды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі  Рухия Байдүкенованың халықаралық аренада Қазақстанның лайықты өкілі болуы үшін қолдау көрсетсе, «Хабар» Агенттігі «Славян  базары - 2021» Халықаралық өнер фестивалін тарату құқығына ие бас ақпараттық серіктесі  болды.       

 «Қазақ елін бұл жеңіспен құттықтаймын. Біз ақпараттық демеушілігімізді фестивальдің ашылу, жабылу салтанатты рәсімдерін көрсету арқылы, «Хабар», «Хабар 24» арналарындағы жаңалықтарда халыққа  Рухияның жеңісі туралы ақпаратты  тарату арқылы барынша қолдау білдіруге тырыстық. Еліміздің жас таланттарын «Хабар» Агенттігі қашан да  қолдап келеді»,- деді «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина баспасөз отырысында.

30 елдің өкілдері бақ сынасқан байқаудың қазылар алқасы мен ұйымдастырушылары, биылғы  қатысушылар арасында бәсекелестіктің  аса жоғары болғанын алға тартады. Екінші турда әншілер славян әндерін Беларусь елінің бас дирижері Виталий Кульбаковтың басшылығымен орындаған.

Бірінші конкурстық күннен кейін Рухия Байдүкенова 70 балдан            69 ұпай жинады. Қазылар алқасының ресейлік мүшесі Сергей Пенкин  қазақстандық орындаушыға 9 ұпай берсе, қалған  барлық мүшесі 10 ұпайдан берген.

«Қазақ еліне үлкен рақмет! Менің арманым орындалып жатыр. Жеңісімді халықпен бірге тойлау - бала күнгі арманым еді. Бұл менің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі деп білемін»,-деді «Славян базары-2021» халықаралық өнер фестивалінің бас жүлдегері  Рухия Байдүкенова.

Тартысты өткен байқауда бас жүлдені қазақ қызы Рухия Байдүкенова жеңіп алды. Бірінші орын серб қызы Ирина Арсениевичке бұйырса, екінші орынды украиналық Рената Штифель мен Даниил Мышковец алды. Үздік үштікті словак Иванна мен Әзірбайжан өкілі Тофиек Гаджиев қорытындылаған. Ал, байқаудың арнайы сыйлығы – «Славян үмітін» сербиялық  Ирина Арсиеневичке бұйырды.   

Айта кету керек, биыл қазылар алқасының мүшелері арасында Димаш Құдайберген де болды, ол 2015 жылы «Славян базарының» бас жүлдесін жеңіп алған болатын.

22 жасар  Рухия Байдүкенова Талдықорған қаласының тумасы. Ол бала кезінен вокалмен айналысқан. Қазіргі таңда ол Қазақ ұлттық өнер университетінің «эстрадалық вокал»  мамандығының  үшінші курс студенті.Жас әнші 2014 жылы «Жас қанат» республикалық жас орындаушылар байқауының финалисті атанса, 2015 жылы «Звезды Евразии» (Еуразия жұлдыздары) және «Голос Астаны» (Астана дауысы) халықаралық байқауларында бірінші орынды иеленген. Дауыс диапазонының кеңдігі бес октаваны құрайды.

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы