Биыл күз айларында 12-18 жас аралығындағы балаларға «Pfizer» вакцинасы салынуы мүмкін деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Еуразия" арнасына сілтеме жасап.
Бұл туралы мәлімдеме жасаған Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Денсаулық сақтау министрлігі осы препаратты елге жеткізу үшін қазір келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.
Қазақстандықтар үшін бұл препарат қазан айында қолжетімді болуы тиіс. Қазір елде дельта штамының өршуіне байланысты дерт балалар арасында дендеп жатқанын айтып, дәрігерлер дабыл қағуда. Сол үшін ата-анасының рұқсатымен, екпе 12 жастан асқан жеткіншектерге салынуы мүмкін.
"Бұл әлем тәжірибеде бар" деген ведомство өкілінің сөзінше, бүгінде дейін әлем елдерінде «Pfizer» вакцинасын қабылдаған балаларда ешқандай жанама әсер байқалмапты. Одан бөлек, бас қалада өткен брифингте жаңадан шыққан тағы бір вакцина жайы қозғалды. Күні кеше Ресейде ресми тіркеуден өткен бір компонентті «Спутник лайт» екпесін де жақын уақытта ел аумағына жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр екен.
«Бұл вакцинаның тиімділігі 80 пайызды құрайды. Ең бастысы, бір дозалы. Кей азаматтар екі дозасын салғысы келмесе, осы "Спутник лайтты" салғызса болады. Елге әкелу мәселесіне байанысты қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр», — дейді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің реси өкілі Ержан Байтанаев.
"Спутник лайт" екпесін өндірген ғалымдардың дерегінше, бұл вакцинаның айтарлықтай кері әсері жоқ. Тек екпе салынған орынның ауырсынуы байқалып, сирек жағдайда дене қызуы көтерілуі мүмкін.
Айта кету керек, бүгінге дейін елімізде екпенің қос компонентін 2 млн 700 мың қазақстандық қабылдаған. 11 мың отандасымыз медициналық қарсы көрсетіліміне сәйкес, вакцина салдырудан босатылған.
Тағы бір жайт, министрлік өкілдерінің айтуынша, биылғы жылдың 10 тамызына дейін екпенің бір компонентін алып үлгермеген қызметкерлерді жұмыс беруші қызметінен шеттетуге құқылы.
"Адырна" ұлттық порталы.