Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысында мүмкіндігі шектеулі жандарды кешенді оңалтатын және оларды қарапайым әлеуметтік мәдени өмірге ықпалдастыратын белсенді шаралар қабылдануда деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс аясында балалар мен ересектерге арнайы әлеуметтік көмек көрсетіп жатқан екі оңалту орталығының қызметімен танысты. Соның бірі —
"Малика" әлеуметтік оңалту орталығы. Мұнда 16 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсетіледі.
"Бізде тірек-қимыл, жүрек-қан тамыр, тыныс алу жүйелері науқас, көруі, естуі нашар балалар бар. Олармен 15 күн бойы психолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, массаж жасаушы, логопед-дефектолог, педиатр сынды білікті мамандар жұмыс істейді", — дейді орталық директоры Шара Жарылғасова.
Орталықты қарау барысында облыс басшысы Оңдасын Оразалин жас емделушілермен және олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, уәкілетті өкілдерге мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге арналған балабақша ашу мәселесін шешуге қолдау көрсетуді тапсырды.
Өңір басшысы сондай-ақ, "Роза" орталығындағы науқастарға арналған оңалту орталығына да барды.
Бүгінде Ақтөбе облысында мүмкіндігі шектеулі 27,5 мыңдай адам тұрса, оның 4,5 мыңға жуығы — 18 жасқа дейінгі балалар.
Биыл өңірде балаларға арналған екі және ересектерге арналған бір мамандандырылған орталықта оңалту қызметтерін көрсету үшін мемлекеттік тапсырыс берілді. Қазіргі таңда аумағы 3 мың шаршы метр болатын тағы бір үлкен заманауи оңалту орталығын ашу үшін ыңғайлы ғимарат іздестіріліп жатыр.
Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!" атты сайлауалды бағдарламасы аясында мамандандырылған спорттық нысанның және т.б. құрылысы басталды.
"Медициналық, әлеуметтік оңалту қызметтеріне сұраныс жоғары. Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы бар. Осы жылдан бастап аталмыш бағытты дамытуға бюджеттен қосымша қаражат бөлдік. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады",- деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
"Адырна" ұлттық порталы.