Адалдықтың алауы

2535
Adyrna.kz Telegram

Нұрмахан Оразбекті айтқанда жұрт елең ете қалады. Ол қорыққандықтан емес, есімін сыйлап, елге  сіңірген еңбегін білгендіктен. Оның ар жағында адалдық тұр. Ол – адалдықты тіс жарып айта алмайтын, қызыл тіл отыз екі тістің қалтарысында қалған кезең еді.  Бұл социализмнің жарқын көрінісі болса, ел басына Горбачев келген дәуір – «маңдайында қалы бар» Бас хатшының қайта құру кезеңі, халықты әрі-сәрі қылған аласапыран шағы еді. Осы кезде КСРО-да төтенше жағдай болды, ол туралы жақ ашып жарияламау баспасөздің құпия міндетіне айналды. Сол кезде Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде редактор болып отырған қазақ Нұрмахан Оразбек газеттің бірінші бетіне «Бұл – төтенше жағдай» деген өз пікірін білдіріп, қарапайым халықтың санасына бір терең сәуле құйды. Сөйтіп, Қонаев кетіп, Колбин келіп, Желтоқсанның зардабын шегіп жатқан ұлттың тағы бір азаматының соңына «үш әріп» шырақ алып түсті. Байырғы журналист жұмысынан босады, бірақ оның ерлігі қазақ баспасөзінің ерлігі боп тарихқа алтын әріппен жазылды.

Нұрекең алпамсадай тұлғалы болған­мен жүрегі нәзік еді. Барлық уақытта адамның көңіліне қарап тұратын. Ол екінші біреуді ренжітпеуге тырысатын. Өмірінің көбі баспасөзде өткен ол әрдайым адамның іскерлігі мен талантын бағалайтын. Жалқауды жаны жек көретін. Әсіресе, қалам ұстаған жастарға қыс пен жазда бөлмеде отырып алмай іссапармен жолда жүруді, жазғанда көпсөзділікке салынбай нақтысын айтуды талап ететін.
Ол – баспасөз арқылы қоғам қайраткері дәрежесіне жетті. Баспасөз оның наны болғанмен, ол Ахмет Байтұрсынұлының «Баспасөз – халықтың көзі, тілі һәм құлағы» деген сөзді қайталап отыратын. Ахметтер де айтылмайтын кезде сол кісінің еңбектерін терең талдап, өзгелерге үйретіп, үлгі тұтатын.
Өмірінің соңында ҚазҰМУ-дың журналистика факультетінде болашақ журналис­терге дәріс-сабағын өткізді. Сонда да ең бірінші шеберлік сағатын осы сөздің мәні мен мазмұнын айтудан бастайтын.
Ол – газеттің «майын ішкен» майталман еді. Қысқа хабар газеттің жаны, оны төрт бет газеттің кез келген жеріне сыйғызып, көркін келтіруге болады дейтін. Ал очерк – газеттегі роман. Оған тек қаламы қарымдылар ғана баруы керек дегенді уағыздайтын.
Саяси сауатты еді. Маркстен бастап, сол кездегі Саяси Бюро мүшелерінің туған, өлген жылдарын жатқа айтатын. Содан ғой, оның төтенше жағдайдың мәніне алыс Қарағандыда жатып талдау жасап, қорықпай қалам сілтеп отырғаны.
Жүрегі нәзік еді. Әрбір айтулы мереке мен әр айда қарауындағы қызметкерлердің сыйақы алуына қатты мән беретін. «Бұл оның наны, бала-шағаның қамын да ойлайық, біз сияқты баспасөздегілер бұған мән бермесе болмайды» деп, теңгенің түсуін қиыннан қиыстыратын. Ол кезде «Қазақстан» бас­пасы қазақ күнтізбесін шығаратын. Ол кісі директор, мен – бас редактормын. Күнтізбе редакциясы бар. «Мазмұнын арттыру керек, ауылдағылар оны күн сайын пайдаланғанда өздеріне керектісін алып қалатын болсын» деп басып айтады. «Өзіміздің қазаққа тән нәрселерді көп берейік. Осыны өзің қадағала» дейтін. Ал күнтізбеден түскен табыс баспаның бір жылғы шығынын бір өзі көтеретін. Таралым шіркіннің белі қайысып тұратын қайран кезең еді.
Бір күні: «директордың машинасы такси боп жүр екен» деген сөз шықты. Тексерсек, «өзіңіз түсте шықпайсыз, кешке кеш шығасыз, күтіп-күтіп шаршадым» дейді шопыр жігіт. Бұл да адамның бойындағы бір көрінеу қасиет, кішіпейілділік көрінісі.
80-ге тақағанда өмірден өткен Нұрмахан Оразбек өзінше бөлек тұлға. Ол – қаймықпайтын, қорықпайтын баспасөздің бірегей өкілі. Баспасөзде оның атын қалдырған осы қайсар мінезі мен қаламына сенген сергек қасиеті.
Нұрмаханның өз жолы бар. Баспасөзде біреуді жерге тығып жазғыру, бір ай өтпей аспанға шығарып ақтап алып жататын «жаз­ғыштар» да сол кезеңнің көркі болды. Бұл кісі өз жолында жас журналистерге «Жағымпаздық – журналистке тән қасиет емес» деген қағиданы үйретті. Ол жағымпаздықты жаны сүймейтін. Оның жүрегіндегі маздап жанған алау адалдықтың алауы болды. Ол алау сөнбейді. Бәрінің көз алдында адалдықтың алауы болып лапылдап жанған журналист Нұрмахан Оразбек әрдайым бізбен бірге. Ол да бүгін сегізінші ондықта өмір сүріп жатыр. Көзі тірісінде адамдар үшін жасаған жақсылығын айту – бізге парыз.

Өмір жолдарынан
Нұрмахан Оразбек 1937 жылы 1 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданы Қандөз аулында туып, Шорнақ ауылында өскен.
1955 жылы Шорнақ ауылындағы орта мектепті бітірді.
1955-1957 ж. Алматы облысы Іле кеңшарында және Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатында жұмыс істеді.
1957 жылы Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне оқуға түсті.
1962-1973 ж. Қарағанды облысының Жезді аудандық «Октябрь туы», Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» газеттерінде, «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алашта»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, Партия тарихы институтында әртүрлі қызметтер атқарды.
1974 ж. Қазақ ақпарат агенттігінде (ҚазТАГ) бас редактор болды.
1981 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді.
1982 ж. Қазақ ақпарат агенттігіне (ҚазТАГ) директордың орынбасары болып тағайындалды.
1988-1991 ж. Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Баспасөз министрлігінің мерзімді баспасөз бас басқармасының бастығы, ағылшын тіліндегі тұңғыш республикалық «Қазақстан» газетінің бас редакторы болды.
2000-2002 ж. республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторы қызметін атқарды.
1995-2015 жылдар аралығында «Қазақстан» баспасының директоры болды.
«Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталды.
2015 жылдың 9 желтоқсаныңда дүниеден өтті.


 

Пікірлер