Танымал режиссер, сценарист, жазушы Сатыбалды Нарымбетов 75 жасында өмірден өтті деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұған дейін әріптестері режиссердің ауыр сырқаттанып, ауруханада жатқанын хабарлаған болатын.
Сатыбалды Нарымбетов 1946 жылы 7 наурызда Түркістан облысының Түркістан ауданындағы Ащысай ауылында туған.
Мәскеу қаласындағы мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1984 жылы жоғары режиссерлік курсты (Г.Н. Данелияның шеберханасы бойынша) бітірген. 1969 жылдан «Қазақфильм» студиясында сценарийші әрі кинорежиссер ретінде қызмет етті.
1970 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері болды. Ал 2005 жылдан бері Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Дебют» бірлестігінің жетекшісі болған.
Ол «Құрманғазы» атты деректі фильміне (1972 жылы), «Зауал» (1981 жылы), «Күзгі бұралаң жол» (1984 жылы) қысқа метражды фильмдеріне, «Ұрын келген күйеу» (1987 жылы), «Созақтан шыққан Гамлет» (1990 жылы), «Көзімнің қарасы», «Жас аккордеоншының өмірбаяны» (1994 жылы), «Омпа» (1998 жылы) және тағы басқа көркем фильмдерге режиссерлік еткен.
"Адырна" ұлттық порталы режиссердің отбасына, ағайын-туыстарына, әріптестеріне қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.
"Адырна" ұлттық порталы.