Алаш қаласы болған...

4165
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұсынылған Мұратбек Кенемолдиннің материялын назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Азаматтық қарсыласу жылдары Алашорданың астанасы Семей қаласының сол жақ бөлігінде, яғни қарт Ертістің сол жағалауында бостандық сүйгіш барша қазақтың жігерін жанып, азаттыққа ұмтылдырған Алаш атты керемет қала болған... Қазақтың көрнекті публицист-жазушысы, қоғам қайраткері Жүсіпбек Аймауытов 1927 жылы баспадан шыққан «Ақбілек» романында осы Алаш қаласы туралы: «Ертіс үлкен өзен. Өре басы Қытайдан келеді. Екі қабағы ызғындай ел. Ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда-кәсіптің, от арба, от кеменің тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы – Семей. Семей – бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы Семейде. Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді.

Ертістің оң қабағында – Семей, солында – Алаш қаласы...»,- деп айтатыны бар.

Алаш қаласы дегенде, оның осыған дейінгі көне тарихына тоқталып өткен дұрыс секілді. Мәселен, қарт Ертістін оң жағалауындағы баяғыдан орыстары басым тұратын Семей қаласының халқы сонау ерте кезден бастап сол жағалаудағы қазақтар жиі қоныстанған елді мекенді – «Заречная Слободка» деп атап кеткен-тін. Ал енді оның «Заречная Слободка» деп аталуына, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында «Тінібай махалласы», «Жоламан махалласы» деп жазатын шағын елді мекендер негіз болған еді. Іргетасы сонау 1830-1840 жылдары қаланды деп саналатын бұл Тінібай және Жоламан слободкаларының пайда болу және даму тарихы өз алдына жеке бір үлкен әңгіме.

1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Алаш қайраткері Райымжан Мәрсековтің басшылығымен құрылған Семей облыстық қазақ комитеті өзінің алғашқы 7 наурыздағы шешімімен Семей қаласының «Заречная слободка» деп аталатын бөлігін Алаш қаласы етіп жариялайды. Әрине, бұл арада Уақытша Үкіметтің жергілікті органдарының бірі, мысалы Семей облыстық атқару комитетімен арада Алаш атауына байланысты ұзақ уақыт түсініспеушіліктің, тіпті керек десеңіз үлкен дау-дамайдың туғаны туралы айта кеткен жөн. Сол себепті болар 1917 жылдың 11 мамырында Алаш қалалық атқару комитеті «О преобразовании Заречной Слободки в город Алаш и Алашском Исполнительном Комитете» деп аталатын арнайы шешім де қабылданған болатын-ды. Мұнда бұрынғы Заречная Слободкасының қазіргі уақытта Алаш қаласы болып аталатыны, ал Алаш қалалық атқару комитетінің Уақытша Үкіметті мойындайтыны, сондай-ақ оның жергілікті басқару органы Семей облыстық атқару комитетіне бағынатыны туралы айтылған еді. Содан 1927 жылға дейін, яңни он жылға жуық уақыт бойы көне Семейдің сол жақ бөлігі, яғни Ертіс өзенінің сол жағалауы ресми түрде Алаш қаласы болып аталып келді.

Жалпы, бұл Заречная Слободка елді мекені 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін-ақ ел аузында Алаш қаласы болып аталып келген еді. Бұлай дейтініміз, оған Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихының құжаттама орталығында сақталған «План города Алаш утвержденный 28-ноября 1916 г.» деп аталатын ресми құжат дәлел болады. Бір атап айтарлығы, бұл Алаш қаласының план-картасынан Абай, Алашорда, Тінібай, Алтайбаев, Ерыкалов тәрізді тағы басқадай көше атаулары жазылғанын көреміз. Демек, 1913 жылы «Қазақ» газетінде алғаш Алаш зиялылары Әлихан Бөкейхан, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Халел Ғаббасов және тағы басқалар «Алаш» не сөз?» деген тақырыпта әңгіме көтерген уақыттан бастап Заречная Слободка елді мекені Алаш қаласы болып аталған емес пе екен? Өкінішке орай, Алаш қаласы атауы 1927 жылдың 15 қыркүйегінде өткен Семей облыстық атқару комитеті жиынының қаулысымен Жаңасемей қаласы болып өзгертілді.

Алаш қаласы тарихы – ел тарихы. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетінің ректоры, профессор, белгілі алаштанушы-ғалым Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың «Шәкәрім және Алашорда», «Алаш қаласының тарихы» атты кітаптарынан осы Алаш қаласы және жалпы Алаш қозғалысы тарихына қатысты көптеген құнды мәліметтерді оқып білуге болады. Мысалы, бұл зерттеулерде архивтік құжаттардың негізінде сол кездегі Алашорда үкіметі мен облыстық қазақ комитеті, Земство басқармалары кеңселерінің, «Сарыарқа» газеті және «Абай» журналы редакцияларының Семейдің Алаш каласы бөлігіндегі Абдрахман Жүсіпов, Қаражан Үкібаев, Александр Ерыкалов тәрізді Алашорда үкіметі тілегінде болған дәулетті әрі зиялы азаматтардың үйлерінде орналасқаны туралы деректер айтылады. Мысалы, жаңағы 1916 жылы сызылып жасалған Алаш қаласының бас жоспары секілді құнды деректер Алаш қаласы тарихына қатысты тағылым мен танымды барынша кеңейтіп, тереңдете түсері даусыз.

1917 жылдың күз айында Томск қаласында өткен Сібір автономистерінің съезіне қатысып қайтқан Әлихан Бөкейханды Семей жұртшылығы алдымен бұрынғы облыс губернаторының үйі, қазіргі Семей тарихи-өлкетану мұражайы ғимаратында құшақ жая карсы алады. Ол уақытта бұл ғимарат - «Бостандық үйі» болып аталған екен. Алаштың ақиық ақыны С.Торайғыров «Сарыарқа» газетіндегі «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласында Алаш көсемін алғашқы күні қара халық осы Бостандық үйінде қарсы алып, ұлт зиялылары Райымжан Мәрсеков, Ахметжан Қозыбағаров, Шынжы Мұсатаев, Мәннан Тұрғанбаев, Иман Әлімбеков және тағы басқалар барша қазақты бостандық, теңдік алуымен кұттықтағанын, ал келесі күні Әлихан Бөкейхановтың пароммен Ертістен өтіп, Алаш қаласының жұртшылығымен үлкен жиын өткізгенін әңгімелеп жазады.

1917 жылдың сәуір айында Бостандық үйі деп аталатын бұл ғимаратта Семей қазақтарының тұңғыш облыстық съезі өтеді. Онда Қазақ автономиясы туралы мәселе тұңғыш рет көтеріліп, ұлттық мемлекетімізді құру жөнінде шешім қабылданады. Міне, осы жиында ғұлама ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы съезд делегаттарын құттықтап, сөз сөйлейді. Ол турасында Сұлтанмахмұт Торайғыров «Таныстыру» поэмасында:

Семейдің съезінде байқадық қой,

Екенін қарт кемеңгер һәм терең ой.

Оқығандар болмаса жай қазақтан,

Онан басқа кім шықты көрсетіп бой, -

деп айтады. 1917-1918 жылдары Бостандық үйінде Семей облыстық Земство басқармасы өз жиындарын өткізіп тұрды. Осы жылдары оның жұмысына Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков алма-кезек басшылық етеді. Ал, Семей уездік Земство басқармасының кеңсесі Алаш қаласындағы Семейдің атақты бай-саудагері Қаражан Үкібаевтың үйінде орналасып, жұмыс жасады. Мәселен, 1918 жылдың 12 қаңтарындағы Ахметжан Қозыбағаров басқарған Семей уездік Земство басқармасының Алаш мектептері комиссиясының мүшелеріне жіберген ресми шақырту қағазында:

«Отдел народного образования просить т.т. членов комиссии пожаловать на заседания, назначенные на 14 марта с.г. (четверг) в помещении Земской Управы – г. Алаш, дом Укубаева, к 5 часам вечера» деп көрсетілген.

Семейдің көнекөз қарттары, жалпы, осы Алашорда үкіметінің белсенді жақтасы Қаражан Үкібаевтың бір үйі қазіргі Семей топографиялық колледжі аумағында, шамамен Кешірім Бозтаев атындағы көшенің басталатын тұсында орналасқан десе, ал енді келесі бір үйі «Океан» базары маңында болғанын айтады. Шынында да, 1916 жылғы Алаш қаласының бас жоспарында қазіргі К.Бозтаев көшесі орнында ертеректе Алашорда көшесі болғаны белгіленіп көрсетілген. Міне, осы Алашорда көшесіндегі Қаражан Үкібаевтің жаңағы айтқан үйлерінде 1918-1919 жылдары Алаш қалалық коғамдық басқармасы, Алаш қалалық Думасы, Семей уездік Земство басқармасы тәрізді Алашорда үкіметінің басқару органдары кеңселерінің орналасуы тегін емес секілді. Бұл арада Ахат Шәкәрімұлының «Менің әкем, халық ұлы - Шәкәрім» естелігінде Алашорда үкіметінің кеңсесі Абдрахман байдың үйінде орналасты деген фактіні де назардан тыс қалдырмаған абзал. Мәселен, қазір Алашорда үкіметінің кеңсесі негізінде Абдрахман Жүсіпов деген байдың «Океан» базары аумағында өзіне арнап салдырған он бөлмелі үйінде орналасқаны архивтік құжаттармен айғақталып отыр. Абдрахман Жүсіпов те кезінде Қаражан Үкібаев секілді өз үйін Алашорда үкіметіне жалға берген көрінеді.

1918-1920 жылдары Әлихан Бөкейхан басқарған Алашорда үкіметінің бас кеңсесі осы Абдрахман байдың үйінде орналасты. Сондай-ақ мұнда «Сарыарқа» газетінің редакциясы мен «Жәрдем» баспаханасы да қоныс теуіп, онда Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Имам Әлімбеков, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шынжы Керейбаевтар жұмыс істеген. Ал енді кеңес үкіметі жылдары бұл ғимаратта педагог-ағартушы Мәннан Тұрғанбаевтың редакторлығымен «Қазақ тілі» (қазіргі «Семей таңы») газеті, сондай-ақ Семей облыстық Жазушылар одағының төрағасы, ақын-қаламгер Қасен Тұрлыхановтың басқаруымен «Еңбек» журналы шығып тұрған. Алайда бұл ғимарат кейінде «Қазақстан» деп аталатын қонақ үй, одан соң ресторан ретіңде пайдаланылды. Семей губерниялық атқару комитетінде әр жылдары басшылық қызметте болған Смағұл Сәдуақасов, Әбілқайыр Досов, Рахым Уәлиахметов сынды тағы басқадай Алаш арыстары осы «Қазақстан» қонақ үйіңде уақытша тұрып қызмет еткен. Әрине, қазір бұл ғимарат жоқ. 1970 жылдардың аяғына қарай «Океан» базары аумағында көп қабатты тұрғын үйлер салынғанда бұзылып тасталған. Алайда, Алашорда үкіметі мен Семей уездік Земствосының кеңселері орналасқан Абдрахман Жүсіпов пен Қаражан Үкібаевтің үйлері қазіргі «Океан» базары аумағындағы алаңда орнатылған ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің ескерткішіне таяу жерде болғанын ел-жұрт ұмытпас үшін ерекше атап айта кетуіміз керек.

Сондай-ақ осы «Океан» базары артыңдағы Колхозная көшесінде бұрындары «Химчистка» кеңсесі орналасқан екі қабатты ғимарат сол кездегі Семейдегі Александр Ерыкалов деген атақты бай-көпестің үйі болған. 1918 жылы мұнда Алаш атты әскер полкінің әскери штабы мен әскери госпиталь орналасқаны туралы деректер бар. Мәселен,  Александр Ерыкаловтың үйін Алашорда үкіметінің басқару органдары, Семей уездік Земство басқармасы және түрлі әскери ұйымдар өз қажетіне қарай жиі пайдаланып отырғанын мына бір мұрағат кұжаты айғақтай түседі. 1919 жылдың 25 наурызында Семей уездік Земство басқармасының төрағасы Ахметжан Қозыбағаровтың қол қоюымен Семей уездік әскер бастығына жіберілген бұл құжатта:

«На 1-го апреля с/г созывается чрезвычайное Уездное Земское Собрание приблизительно в составе до 60 человек с представителями от волостей.

Для занятии Собрания в таком количестве присутствующих, помещение, занимаемое Управой слишком тесное, других же частных и общественных зданий с обширной вместимостью в городе не имеется.

В виду изложенного Уездная Земская Управа просить Вас отвести 2 большие комнаты в Заречно-Слободском высшем Земском училище, помещающимся в доме Ерыкалова, находящимся на углу Алаш-Ординской улице и Заречно-Слободской Базарной площади, занятом в настоящее время под квартиру военнопленных офицеров - славян, с тем чтобы воен. офицеров разместить на время заседания, которое продлится дней 7-мь, в других трех комнатах, в том же зданий» - деп жазылған.

Ал оған Семей уездік әскер бастығы:

«Для сведения Вашего сообщаю, что отвод комнат в доме Ерыкалова занятом военнопленными офицерами, под заседания УЗ собрания представляется возможным» деген жауап қайырған.

Алаш тілегіндегі Александр Ерыкаловқа келсек, ол Алаш қалалық қоғамдық басқармасын басқарған. Және де өзі өте бай адам болған. Алаш қаласында ондаған сауда дүкендері мен жүк қоймалары, мал соятын қасапханалары, тері және жүн өңдеу кәсіпорындары жұмыс істеген. Семейлік өлкетанушы В.Кашляк «Семипалатинск: их именами названы...» кітабында А.Ерыкалов «шоқынған қазақ» дейді.

Сонымен қатар осы «Океан» және «Новостройка» базарлары аумағында бірнеше мұсылман бейіттері орналасқан. Тіпті бұл аумақтарда «Могильная» деген көше атауы да болған. Бұл көне зираттарда 1830 жылдары бұрынғы Заречная слободка, кейінгі Алаш қаласының алғашқы іргетасын қалаушылар Тінібай Кәукенов пен Жоламан Жандарбеков тәрізді қазақтың игі жақсылары жерленген. Бүгіңде жасы сексенге тақаған Жазид Машрап ақсақал өзінің бала кезінде үлкендерден «Новостройка» базарына (қазақтар «қара базар» деп атаған) қарама-қарсы орналасқан көп қабатты биік үйлер тұрған жерде ертеректе қазақ бейіттері болғаны, онда атақты ақын Кемпірбай Қаржаубайұлының жерленгені туралы естігенін айтады. Қазір әйгілі жырауға Жаңасемей қаласында арнайы көше аты беріліп, ал оның мүрдесі жерленді деген жерге граниттен ескерткіш белгі қойылған. Бұл арада айтпағымыз, осы Алаш қаласының іргетасын қалаушы белгілі тұлғаларға да арнап неге осындай бір ескерткіш қоймасқа?! Мәселен, Тінібай Кәукенов пен Жоламан Жандарбеков Семей өңіріне аттары жақсы танымал қазақтың би-старшындары, ақсүйек байлары ғана емес, үлкен дін иелері әрі меценат адамдар болған. Олар XIX ғасырдың 30-40 жылдары Заречная Слободкасы елді мекендерінде қол астындағы халқына арнап мешіт-медреселер салдырған. Өкінішке орай, патша заманында Жоламан мешітін діни миссионерлер өртеп жіберген. Сол сияқты Тінібай қажының ағаштан салған медресесі кеңес өкіметі кезінде, яғни 1960 жылдары Ертіс жағасында өзен вокзалын салуға байланысты бұзылып тасталған. Ал енді Тінібай мешіті болса, бүгінде мұсылман қауымын ізгілік пен имандылыққа үндеп, қызмет етуде. Бір сөзбен айтқанда, елдің елдігін, қазақтың қазақтығын сақтап қалған, халқына дін-имандылық жолында бағыт-бағдар беріп отырған ұлтжанды азаматтар болған.

2008 жылы Қазакстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен елімізде Алаш қозғалысын 90 жылдық мерейтойы аталып өткені белгілі. Осыған орай республикамыздың Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Орал, Жымпиты тәрізді қалаларында үлкен салтанатты жиындар өткізіліп, Алаш арыстарына арналған ескерткіштер ашылды. Өз кезегінде Семей қаласында «Алаш идеясының Еуразия кеңістігіндегі ықпалы: тарих және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-практикалык конференция өткізілді. Ең бастысы, сол кезде мемлекет қаржысына Алашорда үкіметінің, соның ішіңде Шығыс және Батыс бөлімдерінің орталықтары – Семей және Жымпиты қалаларында Алаш арыстарына арналып алып ескерткіш-монументтер орнатылатыны туралы айтылған-тын... Мысалы, сол тұста Семейде Алаштың алғашқы құрбаны болған Алашорда милициясының 22 жасар командирі Қазы Нұрмұхаметұлына арналып ескерткіш қойылады  деген де әңгіме қозғалған еді. Бұл қанды оқиға негізінен 1918 жылдың көктемінде қазіргі «Семей» қонақ үйіне қарама-қарсы «Жеңіс» гүлзары орналасқан жерде болған. Кейбіреулер оны «Алаш қаласында болды» дегендей пікір айтады. Қалай десек те, бұл негізінен Омбыдан келген қызылдар командирі Звездов басқарған карулы отрядтың Семейде большевиктер үкіметін орнатуымен байланысты болған қайғылы оқиға-тын. Алашорда басшылары бұл уақытта ақ гвардия офицерлерінің көмегімен Алаш милициясын соғыс өнеріне үйретіп, әскери жаттығулар жасап жатады. Сол сәтте осы арадан өтіп бара жатқан қызылдардың атты әскерінің бірі винтовкадан оқ атып, содан Қазы Нұрмұхаметұлы қаза болады.

Алаш милициясы бастығының қазасына байланысты Алаш каласыңда каралы митинг өткізіліп, онда Алашорда ақсақалы Шәкәрімнен бастап Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсеков, Мұстақым Малдыбаев, Жүсіпбек Аймауытов тәрізді т.б. ұлт зиялыларының  қайғырып   сөз сөйлегені туралы «Қазақ» газетінің 1918 жылғы санындағы «Алаш құрбаны» атты мақалада жан-жақты айтылады. Онда ғұлама акын Шәкәрім:

«Әлеумет! Мынау жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған Алаш азаматының тұңғышы. Мұны өлді демеңдер. Бұл күні һәм мұнан соңғы «ұлтым» деген азаматтар мына мен сиякты болып, «ұлтым» деңдер деп, өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті. Марқұмның аты да Қазы еді, Қазы - би деген сөз. Қазы билігін айтып кетті. Қарағым, Қазы, өліміне өкінбе! Арманың жоқ! Құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек.

Оқығандар, жастар! Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. Мұның үй ішінің міндеті сендердің мойындарыңда! Бір кішкентай кезінің қарашығы (бір жасар ұл баласы) қалыпты. Соны тәрбиелеп адам қылу - бәріңнің, барша Алаштың мойнына парыз һәм өздерің де бұл оқиғаға қажымаңдар. Құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне енді ғана көзім жетті. Алпыс жасқа келгеңде мұндай ұлт үшін құрбан болатын азаматты көремін деген үмітім жоқ еді. Көрдім, енді бүгін өлсем де арманым жоқ. Қарағым, Қазыжан, қадіріңді біліп кұрметтей алмасақ, кешу қыл. Хош, қабірің нұрлы болсын!» -деген еді.

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа - өнеге. Енді қазір араға бір ғасырдай уақыт салып, халқы үшін құрбан болған сол Алаш арыстарына арнайы ескерткіш орнату мәселесі біртіндеп іске аса бастады. Ұлы Абайдың 165 жылдық мерейтойы кезінде Семейде алашшыл ер, абайтанудың білгірі Қайым Мұхамедхановқа арналып ескерткіш қойылды.

Алашорда үкіметінің құрылғанына 90 жыл, Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толған екі бірдей мерейтойлар өтіп, енді міне биыл Алашорда үкіметінің 100 жылдығы өткелі тұр. Алашорда қайраткерлерін мәңгілік есте сақтау мақсатында оларға арнап Семей қаласында үлкен бір ескерткіш-монумент орнатып, Алаш қаласы атауын қайтарудың әлдеқашан-ақ уақыты жетті.

Сондай-ақ бұрынғы Алаш, қазіргі Жаңасемей қаласында 1930 жылдарға дейін Алашорда атымен аталатын ұзын көше болған еді. Егерде мүмкін болса, Семей қаласындағы бір көшеге Алашорда және бір мектепке «Алаш мектебі» деген атаулар беру, «Алаш арыстары» аллеясын ашып, оған тарихи тұлғалардың тас мүсіндерін қою, бір кезде Алашорда үкіметінің басқару органдары орналасқан ғимараттарға ескерткіш тақталар орнату шараларын жүзеге асыру қажет секілді.

Елдің елдігі, оның өрлігі мен ерлігінде деген. Ата тарихымызды танып білгенде ғана нағыз Алашшыл ұлтжанды азаматтардың өсіп, тәрбиеленіп шығары сөзсіз.


Мұратбек КЕНЕМОЛДИН

Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері,

ҚР Ақпарат саласының үздігі.

Пікірлер