Ақтөбе қаласында алғаш рет облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот ашылды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.
Әкімшілік сот мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық заманауи стандарттарын ескере отырып, технологиялық инфрақұрылыммен жабдықталған. Онда ақпарат орталығы, кіріс кеңсесі және өзіне-өзі қызмет көрсету орталығынан тұратын фронт-кеңсе жұмыс жасайды. Сонымен қатар мұнда медиаторлар, адвокаттар мен прокурорларға арналған жеке кабинеттер де бар.
Әкімшілік соттың ашылуына қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңыздылығына тоқталды.
— Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын жүзеге асыру мақсатында бірінші кезекте азаматтардың өтініштерін заң аясында сапалы қарау мәселесін қолға алуды тапсырған болатын. Осыған орай заңнама жобасы әзірленді және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданып, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіліп отыр.Бүгінде өтініш білдіру тәртібін жеңілдету үшін және бақылауды жақсартуға арналған «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Осы жүйемен жұмыс жасау үшін екі ай ішінде жергілікті атқарушы органдардың 2439 қызметкері оқытудан өтті. Сондай-ақ өтініш берушілер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында халыққа қызмет көрсету орталықтарының базасында 16 фронт кеңсе жұмысын бастады, — деген облыс әкімі жаңа әкімшілік Кодекстің мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштерін тиімді, уақытылы және сапалы қарауына ықпал ететініне сенім білдірді.
Салтанатты шарада Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев әкімшілік сот жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, яғни мемлекеттік органдар, азаматтар мен заңды тұлғалар арасындағы дауларды шешуге бағытталғанын, мамандандырылған әкімшілік сот 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген заң аясында жұмыс жасайтынын жеткізді.
"Адырна" ұлттық порталы.