Серік ЗИЯТОВ: Біз Жәңгірді толыққанды білмейміз

5568
Adyrna.kz Telegram

Жәңгір хан туралы көркем фильм түсіргелі жатыр екен. Сол жайлы ой өрбіткен Асхат Қасенғали ініміз Жәңгірді біздің толыққанды білмеймізді айтыпты. Сосын фейзбуктегі досымыз Zein Omar бізді белгілеп, пікір білдіруімізді сұраған екен.

Шынында да, Жәңгірді біздің толыққанды білмейтініміз рас. Соның ішінде Жәңгірдің көлеңкелі жақтарын өте аз білеміз дер едім.

Қазақстан тәуелсіздік алған кезде тарихымызды қайта саралай бастадық. Сөйтіп, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей болды. Қаншама хандарымыз бен батырларымыздың аты жаңғырды.
Солармен бірге ағыммен Жәңгір хан сияқты жекелген тұлғалар асыра дәріптеліп кетті.

Исатай мен Махамбет бастаған көтерлісті тудырған Жәңгірдің озбыр саясаты ғой. Жер мәселесі қай кезде де өткір болып келеді. Әсіресе, бүкіл тіршілігі төрт түлікке байланған халық үшін жерден айрылу-өліммен бірдей. Жер тарылған соң, малдан күй кетеді. Мұның соңы өлімге апарады.

Жәңгір, жаңылмасам, айналасындағы ақсүйектер мен төрелерге 1510 жер актісін берген. Есесіне қара халық зар илеп, жерінен айрылған.

Жәңгірдің 50 мың га жерге орман еккені туралы миф бір кезде Зиябек Қабылдинов пен Қайыпбаева жазған 8-сыныптың Қазақстан тарихына енді. Ал, Батыс Қазақстан энциклопедиясындағы деректер басқаша айтады. Ордада орман шаруашылығы 1890 жылдардың шамасында құрылған. Жәңгір еккен ағашқа келсек, бар болғаны 1-2 гектар жер ғой. 50 мың гектар жерге ағаш егу-бүгінгі күннің өзінде оңай іс емес. "Жасыл ел" деп жалаулатып отырғызған талдарымыз ендігі орман болатын кезі болды. Қайда орман? Ағашты еккен соң, баптау керек. Сол заманда 50000 (!) гектар ағаш егіле ме?

Бөкей хандығында жер мәселесі ХІХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының өзінде өткірлене бастаған. Жәңгір хан бола сала, халыққа жаудай тиген ғой. Содан мәселе ушыға келе, 1828 жылы Петербургтен сенатор Федор Энгель келген. Бірақ жер мәселесін тексеруге келген аталған шенеунікті Жәңгір жауырды жаба тоқып, шығарып салған. Сенатор Энгель сол кезде Жәңгірге хан ставкасының қасына ағаш егу туралы айтқан екен. Содан кейін Орынбордан тал алдырып, 1-2 гектар жерге ектірген ғой.
Бүгінгілердің аспандата айтып жүргені сол ғой.

"Бөкей Ордасына 200 жыл" деген 5 кітап шықты. Бұл кітаптарда Жәңгірдің ордасында болған саяхатшылардың жазбалары топтастырылған. Сонда Астраханнан келген орыс офицері айналадағы орманға таң қалыпты. Сосын өзінен бұрын келіп қызмет атқарып жатырғандардан сұрайды.

"Біз келгенде де орманды көріп, тамсандық. Білгелі жергілікті үлкен кісілерден сұрадық. Қарт қазақтар өздері ес білген кезде, айнала ну ағаш екенін айтты". Міне, бұрыннан қызмет атқарып жатқан әскери кісінің бірі жоғарыдағыдай жауап беріпті.

1926 жылдан бастап, КСРО ҒА-ның кешенді экспедициясы Қазақстанның топырақ құрамын, өсімдіктер әлемін де зерттеген. Сол ғалымдар Орда орманы туралы ертеден бар оазис деген қорытындыға келгенін Исатай Тайманұлы бастаған көтерліс тарихының бірегей зерттеушісі, прфессор Исатай Кенжалиев жазып кетті.
Жәңгірдің мектебіне келсек, 1841 жылы 25 желтоқсанда І Николай патшаның таққа отырған күнінің құрметіне ашылған ғой. Жәңгір ашқан мектептің есігі қара қазақтың балаларына жабулы болды. Мектептің жарғысында үкіметке еңбегі сіңген адамдардың баласы ғана оқитыны баса жазылған.

Жәңгірдің ставка салған рас. Бірақ сол ставканы салып жатырған кезде айналадағы орманның қатты зардап шеккенін орыс офицерлері жазып кетіпті. Жәңгірдің дастарханында арақ-шараптың түр-түрі самсап тұратынын, бірақ өзі ішпегенін де үйінде болғандар жазған.
Жәңгір өткізген бір той туралы деректер бізге жеткен. Тойға сойылған мал мен шашылған ақшаның есебі жоқ. Белгілі зерттеуші Берқайыр Аманшин хан өлгенде артында қалған мал-мүліктің есебін айтады. Соның ішінде не жоқ дейсіз. Тіпті, Франциядан арнайы алдырған электр станциясы да бар. Фатима тоташтың киімдеріні өзі мыңдаған-мыңдаған сом тұрыпты.

Жәңгір енді сол байлықтың бәріне қайдан ие болып жүр? Әбіш Кекілбаев Бөкей сұлтан Жайықтың арғы бетіне өткенде алдында бірер үйір жылқысы мен аздаған ұсақ малы болғанын жазады. Жәңгір аз ғана жылда халықтың қанын сүліктей сорып, байыған. Шахматов, Рязанов сияқты тарихшылар Жәңгірдің халыққа 20-ның (!) шамасында салық салғанын жазыпты. Салықтың ішінде киіз де бар, жүн де бар, қазы да бар...
Жәңгірдің жері бірнеше мың гектарға жеткен. Соншама жер неге керек дерсіз. Хан соның бәріне егін егіп, мал жаймаған. Жер рентасынан көл көсір ақша алып отырған.

Қорытып айтқанда, Жәңгірдің бүгінгі жебір, латифундист, меракантилист, сибарист сановниктерден еш жері артық емес. Жәңгір ставканы да, мектепті де, мешітті де қарақан басының қамы, өзінің сән-салтанаты үшін салды. Ал, өзі және айналасы қара халықтан түскен алым-салыққа шалқып өмір сүрді.

 

"Адырна" ұлттық  порталы

Пікірлер