Елордалық науқастың жағдайы нақты диагноз қойылмағандықтан нашарлап жатыр

2747
Adyrna.kz Telegram

Елордалық Қанат Қабылов ақ халаттылардан жәрдем көре алмай қиналдым дейді. Оның айтуынша, дәрігерлер 7 ай бойы оның дертін таба алмай, бірі-біріне сілтеп шаршатқан. 47 жастағы ер азамат қазір бар жоғы 26 келі салмақпен төсек тартып жатыр.

Елорда тұрғыны Қанат денсаулығының күрт нашарлағанын байқаған соң дереу ауруханаға барған. Оған дейін жарты жыл сайын тұрақты тексеруден өтіп тұрдым дейді. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Магнитті-резонанстық томография қорытындысы омыртқа сүйектерінде қатерлі ісіктің зақымданған клеткаларын көрсетіпті. Жолдамамен қалалық онкологиялық ауруханаға келеді. Алайда дәрігерлерден күткен көмекті ала алмай, уақыт оздырып алдым деп налыйды 3 баланың әкесі.

«Қаңтар айынан бастап ешқандай ем алған жоқпын. Тек ауырғанды басатын екпе салды. Бүкіл жерден анализ алды (Шитовиттен, груднойдан, позвоночниктен алды). Бүкіл жер кесік қазір, тесік-тесік. Бірақ білмеймін, ешқандай нәтиже шығара алмайды. «Сен міне мынандайсың» деп анығын айтпайды», – дейді Қанат Қабылов.

Қанатқа 6 жыл бұрын өңештің ісігі диагнозы қойылып, операция жасалған. Онан кейін жағдайы түзелген соң, алаңсыз жүріпті. Бірақ дерт қайта мазалағандықтан ол өзіне ота жасаған дәрігерге барған. Ал ондағылар туберкулезге қарсы диспансерге жіберді дейді ол. Бірақ ағзада кох таяқшаларына тән ешнәрсе табылмаған, сондықтан сізде ісік деп қайтадан онкологиялық орталыққа жіберді дейді науқастың жұбайы Айнагүл.

«Ол кісі бізге алғаш келген кезінде ісік болды. Омыртқа сүйектері зақымданған. Бірақ біз бұл диагнозды растауға немесе жоққа шығаруға тырыстық. Біз оның сараптамасына қажетті барлық нәрсені жасадық деп ойлаймын. Науқастың жағдайы нашарлауда, омыртқа сүйектерінде өзгерістер бар, жақсарып жатқан ешнәрсе жоқ. Сондықтан біз оған сараптамалардың нәтижесіне қарамастан клиникалық түрде қатерлі ісік деп диагноз қойдық», – деді дәрігер Юрий Жуков.

Осыдан 6 ай ғана бұрын отбасын асырап, алаңсыз жұмыс істеп жүрген азамат қазір дәрменсізбін, жағдай дәл осылай болады деп ойлаған жоқпын дейді. Оның айтуынша, бұған дер кезінде көмек көрсетпеген, емдеуден бас тартқан дәрігерлер кінәлі.

«Қанат мырзаның жағдайында егер 2015 жылы жасалған операция салдарынан денсаулығы нашарлаған болса, құқық қорғау органдарына шағым жасау арқылы алдын ала тергеу барысында сот медициналық сараптама тағайындауы тиіс. Ота жасаған дәрігерлердің кінәсі анықталса, азаматтық тарап арыз жасау материалдық және моральдық залалды өндіруге болады», – деді заңгер Мамбетов Жамбыл.

Мемлекеттік емдеу орындарынан қолдау таппаған Қанат амалсыздан ақылы дәрігерлік қызметке жүгіндім дейді. Бірақ диагнозды нақты көрсететін аппаратқа түсу үшін қыркүйекке дейін кезек күтуі керек екен. Уақыт тығыз, сондықтан өмірмен күрескен азамат құзырлы орындардан көмек сұрауға мәжбүр екенін айтады.

"Адырна" ұлттық порталы

(фото stan.kz сайтынан)

Пікірлер