Шымкентте 20 азаматқа «ҚАЛАНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» атағын беру жөнінде шешім шығарылды

2647
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс бесінші сессиясында мәдениет, білім, денсаулық және сот салаларында еңбегі сіңген 20 азаматқа «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылданды. Одан өзге 7 мәселе қаралды.

Атап айтқанда, Шымкент қаласы мәслихаты депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселеге сәйкес, депутат Е. Қуатбаевтың өкілеттігі аяқталып, орнына Ж.Таңатарова сайланды.

Тағы бір маңызды мәселенің бірі - Шымкент қаласы бойынша әлеуметтік мәні бар қатынастардың тізбесін айқындауда біршама өзгерістер енгізілді. Бұл жөнінде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов баяндады.

Мәслихатпен бекітілген «Кешенді схема» жаңа 78 маршруттан тұрады. Оларды енгізуде депутаттар корпусы да белсенді қатысты. Депутаттардың қатысуымен шалғай шағын аудандар мен тұрғын алаптардың тұрғындарымен бірнеше рет кездесулер өткізіліп, жоспарланған бағыттар талқыланып, кездесулер қорытындысы бойынша маршруттарға тиісті өзгерістер енгізілді.

Сонымен қатар, схемаға сәйкес 7 шағын автобустың маршруттары қаралған. Бұл маршруттар үлкен автобустардың жүруге мүмкіндігі жоқ, көшелері тар және жолаушылар ағыны төмен тұрғын алаптарға қатынайтын болады.

Қазіргі таңда қалада 71 маршрут жолаушыларға тасымалдау қызметін көрсетуде, оның ішінде 56 машрут кешенді схемаға сәйкестендіріліп, қозғалыс сызбалары оңтайландырылды.

Сессия соңында қала әкімі М.Әйтенов қала үшін қабылданатын маңызды шешімдер тек депутаттар мен қала тұрғындарының қатысуымен ғана болатынын тағы бір еске салып өтті.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер