«Үнді штамы» себеп болып отыр: Елімізде екпе міндеттеледі

807

Елімізде алдағы уақытта халықаралық рейстерден бөлек, ел ішінде ұшақ, пойызбен қатынайтын жолаушылар үшін ПТР тест тапсыру міндеттелуі мүмкін. Мұндай болжамды вице-премьер Ералы Тоғжанов жасады. Шенеуніктің сөзінше, қатаң шараларға баруға Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында анықталған «Үнді штамы» себеп болып отыр екен. Бірақ әлі нақты ереже бекітілген жоқ. Сондай-ақ Ералы Тоғжанов карантин талаптарының күшейтілетінін мәлімдеді. Коронавирусқа қатысты соңғы деректермен бөлісу үшін әріптесім Қайыркен Отыншы студиямен тікелей байланысқа шықты. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Кеш жарық, Ғалым. Ия, жаңа ғана орталық коммуникациялар қызметінде ведомствоаралық комиссияның мүшелері баспасөз жиынын өткізді. Сонымен, бұған дейін ерікті түрде салынады деген вакцина әп сәтте міндетті шараға айналып шыға келді. Ералы Тоғжановтың сөзінше, алдымен қызмет көрсету саласында еңбек ететін азаматтар коронавирусқа қарсы екпе алуға мәжбүр болады. Бұл шараларға жауаптылар ел аумағында мутациялық штам анықталған соң барып отыр екен. Бірақ бас тартқандарға айыппұл салынбайды», - дейді тілші Қайыркен Отыншы.

«Кеше ғана ведомство аралық комиссияның нақты шешімі шықты. Сол шешім бойынша осы сфера услуг дейміз соның айналасында жұмыс жасайтын азаматтардың бәрі міндетті түрде вакцина алу керек. Егер дәрігерлік қарама қайшылықтар болатын болса, ол жерде ешқандай сұрақ болмайды. Егер бас тартатын жағдайда болатын болса, олардың барлығы міндетті түрде жұмасына бір рет ПЦР өту керек», - дейді ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ елдегі вакцинациялау қарқыны ведомство аралық комиссия мүшелерінің көңілдерінен шықпай отыр екен. Алдағы екі аптада препараттың 2 млн дозасы дайындалмақ. Ал коронавирусқа қарсы вакцина салдыру бойынша Елорда көш соңында қалып қойыпты. Жауаптылар карантин шараларын күшейту арқылы, күніне 70 мыңға жуық азаматқа екпе егуді жоспарлап отыр.

«Бұл қауіпті мутацияға ұшыраған штамдардан өзін-өзі қорғаудың қарапайым бір ғана жолы бар. Одан басқа шараларды әлі әлем елдері ойлап тапқан жоқ. Вирус жұғу қаупін төмендету үшін вакцина салдыру қажет. Сондықтан, мен тағы да барша қазақстандықтарға екпе алуға кеңес беремін. Өзіңізді және жақын адамдарыңыздың денсаулығын ойлаңыз», - дейді ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

«Сондай-ақ бүкіл әлемді шулатқан коронавирустың «Дельта» немесе «Үнді штамы» Алматыдан да анықталды. Оңтүстік шаһарда Covid-19 жұқтырғандардың сынамасынан  мутацияға ұшыраған түрі табылған көрінеді. Одан бөлек, қаланың бас санитар дәрігері алғаш рет «Нью-Йорк» штамы да қалада табылуы мүмкін деген болжам жасады», - дейді тілші Қайыркен Отыншы.

«Кеше біз тағы зерттеген кезде 9 сынаманың бір сынамасында «Штам Дельта», «Үндістан штамы» дейміз сол анықталды. Біз екі рет оны жасадық. Бүгін тағы таңертеңнен бастап контрольдық зерттеу жасаған кезде біз толығымен анықтадық.

Айта кетейін, күні кеше бас қалада коронавирус жұқтырған 55 науқастан қосымша сынама алған мамандар, 30 адамнан «Үнді» штамының мутацияланған түрін анықтапты. Қазір індет жабысқан жандар стационарларда ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер бұл штамның жұғу көрсеткішін өте жоғары деп бағалады», - дейді Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар Алексей Цой осы мәселеге қатысты ойымен бөлісті.

«Біз бұған дейін айтқанымыдай вирустың мутацияланған түрі болғандықтан науқастарда жаңа симтомдар пайда болды. Ол іші өту, жүректің айнуы, құсу, есту қабілетінің төмендеуі сынды белгілер. Бұл штамдар адамдарға тез жұғады. Қазір, ауру қарқыны орташа деп бағалап отырмыз. Алдағы уақытта, науқастардың денсаулығын жіті бақылаймыз», - дейді ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы