Токио Олимпиадасы туралы қызықты деректер

602
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

5 жыл бойы спорт сүйер қауымды сарғайта күттірген Токио Олимпиадасы әне-міне дегенше есігімізді қақпақшы. "Тойдың болғанынан боладысы қызық" демекші аталмыш додаға қатысты бірнеше ақпараттарды назарларыңызға ұсынып көрмекпіз

Жапонияның төртінші олимпиадасы

Бұған дейін Күншығыс мемлекеті төртжылдықтың басты додасын үш мәрте өз елдерінде өткізу мәртебесіне ие болды. Алғашында 1940 жылға жоспарланған олимпиада ойындары Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты өткізілмеген болатын. Кейінгі олимпиадалар 1964 және 1998 жылы жалауларын желбіретіп, Жапон халқының айдарынан жел естірді.

Токионың үлкен үзілісі

2006 жылы Жапония билігінің бастамасымен «Токионың үлкен үзілісі» атты бағдарлама қабылданып, кейін «Tokyo 2020 Vision» деген атауға ауыстырылды. Бағдарламаның басты мақсаты олимпиададан кейінгі қала тіршілігін жоғары деңгейде ұстау. Токио қаласына бой көтеретін «Олимпиада қалашықтары» аламан дода біткен соң да өз дамуларын жалғастырып, қаланың көркеюіне үлкен үлесін қоспақ. Осыған дейін Оңтүстік Америка, Европа елдерінде өткізілген көптеген олимпиада ойындарынан кейінгі қалалардың дағдарысқа ұшырағанын ескеріп, үлкен қадамға барған жапондықтарға таң қалмасқа болмайды.

Басты стадион

Олимпиада ойындарының басты ордасы ретінде есептеліп отырған алаң 2014 жылы ескі Олимпиадалық стадионның орнына бой көтерген болатын. Алғашында регбиден әлем кубогы жарыстарын өткізу үшін жөнделген стадион уақытында дайын болмағандығына байланысты бірден Олимпиада ойындарын қабылдамақ. Құрылыстың бағасы бастапқыда 22млрд долларға бағаланған болатын, бірақ аталған баға ел халқының арасында дүрбелең тудырып, халықаралық комитеттер шешімімен бюджет 1.2 миллион долларға қысқарды.

Олимпиадалық стадион ашылу салтанаты, футбол, регби және көркем гимнастика секілді спорт түрлерін қамтымақ.

Ең заманауи олимпиада

Ұйымдастыру алқасының болжамынша бұл олимпиада жалпы спорт тарихындағы ең заманауи және жаңа өнертабыс технологияларына толы шара болмақ. Жапониялықтар олимпиадаға тек спорттық емес, жалпы адамзаттық жаңа технологияларды жұмылдырмақ ниетте.

Үш қағида

Токио Олимпиадасының іргесі үш негізгі қағидамен қаланбақ. Олар:

-Әркелкілік арқылы бірлік. Бұл біздің «Ақпыз, қара, сарымыз, Ағайынбыз бәріміз»-деген мәтелемізге ұқсайды. Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше олимпиада мақсаты адамдарды ұлтына, нәсіліне қарап бөлуге жол бермеу.

-Дамуға ұмтылу. Олимпиада қалашығының олимпиададан кейін де халық игілігі үшін қызмет етуінің өзі халықты бір орында тұрып қалмауға үйрететіндігі айтпаса да түсінікті. Бұл жолғы төртжылдықтың бәсекесі спортшыларды да жанкүйерлерді де әрдайым өз-өзін дамыту, жетілдіру мақсатында еңбек етуге, білім алуға шақырмақ.

-Мұра. Спорттық дәстүрлер мен адамгершілік қағидаттарын Токио олимпиадасы өзінің басты құндылықтары ретінде қарастыруда. Буындар арасындағы сабақтастық, келер ұрпаққа аталған құндылықтардың берілуі де олимпиаданың басты алғышарттарының бірі ретінде көрініс табуда.

5G Интернет және ширтуалды шындық

2018 жылдың қыс мезгілінде Intel және NTT компаниялары 5G интернеттің дайын екендігі туралы бастама көтерген болатын. Аталған ұсыныстарды ескерген Халықаралық Олимпиада комитеті Intel компаниясымен келісімге келді. Ендігі уақытта қала тұрғындары мен олимпиада қонақтары жылдам интернетті қолданушы алғашқы толқынның қатарына қосылады. Бұдан бөлек көрермендер кез келген спорт жарысын виртуалды шындық көзілдіріктері арқылы стадионға бармай-ақ көре алады.

Жедел пойыз

Ғалымдар жедел жылдамдықты пойыздар 2030 жылға таман қолданысқа енеді деп болжаған болатын. Бірақ жапон өндірушілері аталған болжамды 10 жылға жаңылдырды. Олимпиада уақытында халықтың қатынауы үшін жылдамдығы 600 км/сағ-тан асатын жылдам пойыздар іске қосылмақ. Пойыздың сынақ үлгілері қазіргі уақытта Токиода қолданысқа енді.

Назарларыңызға Токио олимпиадасының айналасындағы ақпараттардың алғашқы топтамасын ұсындық. Алдағы уақытта тағы да бірнеше қызықты факттарды ұсынатын боламыз. Жаңа заманның олимпиадасын асыға күтейік, спортшыларымызға сәттілік тілейік, тек аты жаман дерт доданың шырқын бұзбаса екен дейміз.

Қуандық Көргенов

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар