Қырағылық танытқандар марапатталды

1944
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбеде ҚР Президентінің Жарлығына орай өткен жылғы төтенше жағдай кезінде №99235 әскери бөлімі аумағында қызмет еткен, сондай-ақ қиындыққа тап болған жандарды құтқарып қалған бір топ әскери міндеттілер марапатталды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Жиында аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы, полковник Ризат Колпашев былтыр Ақтөбеде карантин жағдайында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әскери міндетті 100 азамат қызмет еткенін, олардың ішінде төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуден бөлек, қиын жағдайға тап болған жандарды өлімнен құтқарып қалғандар да болғанын атап өтті.

Бұдан кейін шарада қырағылық танытып, әскери қызметте ерекше көзге түскен бір топ азаматқа ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың арнайы Грамотасы табысталды.

Марапатталғандар қатарында аумақтық қорғаныс батальонының жасақ бастығы, запастағы ефрейтор Бағдат Жұмағамбетов, аумақтық қорғаныс батальоны резервінің аға сарбаздары, қатардағы жауынгерлер — Жасұлан Ізтілеуов, Заманбек Қалдыбек, Арман Сағынбаев, аумақтық қорғаныс батальонының сарбаздары — Айдос Қалыбеков, Нұрбақыт Нұртайлар бар.

Шарада Қорғаныс министрінің Грамотасын алғандардың бірі — Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі  Бағдат Жұмағамбетов. Ол әскери қызметтік борышын өтеу кезінде балконнан секіргелі тұрған әйел адамды суицидтен аман алып қалған.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер