Ақын Сараның портреті

3330
Adyrna.kz Telegram

Бір кездері «Біржан-Сара» айтысы болған ба?» – деген сұрақтан басталған даудың соңы «ақын Сараның өзі өмірде болған тұлға ма, әлде қиялдан туған образ ба?» дегенге дейін жеткені мәлім. Айтыстың болған, болмағаны жайлы талас-тартыс әлі де соңғы шешімін айта қойды дей алмайсыз. Ал, Сараның өмірде болғаны жайлы күмәнге орын жоқ.
Нақтырақ деректерге сүйенсек, Сара Тастанбекқызының туғанына 2018 жылы 140 жыл толады. Ақынның жерлестері осы мерейтой қарсаңында бір жақсы жәдігерге қол жеткізді. Осы жазда ғана ақын туған Ақсу ауданы, Қапал ауылындағы музейі тағы бірнеше құнды экспонатпен толықты. Ақынның бірнеше суреті Мәскеуде сақтаулы тұрғаны жайлы дерек біраз уақыт бұрын шыққан. Оны салған осы Талдықорған өңірінің тумасы, 60-­шы жылдары Талдықорған облысының бас сәулетшісі болған Маргарита Ващенко (Мәскеуде 2005 жылы қайтыс болған). Суреттер жайлы ақпарат берген суретшінің қызы Гелия Тимофеева. Шешесінің көзі кеткен соң, отбасылық мұрағатта сақталып келген суреттер мен бірқатар мүсіншелерді Қазақстанға қайтару туралы шешімге келіпті. Анасының аманаты да сол болса керек. – Анама Сара туралы аңыз қатты ұнапты. Содан ақын туралы терең білгісі келіп, оның туыс-жұрағатын іздейді. Бастапқыда ақын әулетінің ұрпағын салып көреді. Сосын, ең жақын деген туыстарының естеліктеріне сүйене отырып, ақынның бейнесін сомдап шығады. Шешем дүниеден озған соң, артында қалған мұралардың құнды екенін біліп, сіздермен хабарластым. Өйт­кені мен де мәңгілік емеспін ғой, – депті қазақ­стандықтарды шығарып салып тұрып. Анасының қолынан шыққан әр туындыға ұқыпты қарап келген Гелия ханым Сараның 12 суретімен бірге Шәкәрім мен Шоқан­ның шағын бюсін де табыс етіпті. Алматы облыстық қоғамдық келісім кеңесі өкілдері кезінде Сара Тастанбекқызының мүсінін дайындау, бейнесін қалыптау төңірегіндегі жұмысқа белсене араласқан Ващенконың мұрағатынан ақынға қатысты бірқатар материалдар, суретшінің осы төңіректе жазысқан хаттары мен жазбалары да табылғанын айтады. Табылған материалдар алдағы уақытта жан-жақты зерттеліп, ақын өмірін толықтыра түсетін бірқатар материалдар жарияланатын болады. Ақынның суреттерін әкелу үшін арнайы жолға шыққан «Нақ-Бірлік» қоғам­дық ұйымының төрайымы, Алматы облыстық Аналар алқасының мүшесі Салтанат Меңлібаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын туған жер мен айтысқан жерлер терең зерттеліп, әлгі бір тұрлаусыз дауға нүкте қойылар дегенге үміт артады. Заманында ақын Сараның, Ілияс Жансүгіровтің, Ғани Мұратбаевтың мүсінін жасаған мүсіншінің қолында ұзақ жылдар бойы сақталған суреттердің құны күн өткен сайын арта түсері анық. Суреттер жайлы осы бір аздаған естеліктердің өзі жып-жылы естіледі. Суретшінің қызымен осы уаққа дейін хат алысып, Ресейдегі Қазақстан елшілігі арқылы осы кездесуді ұйымдастырған Салтанат ханымның еңбегінің зор екенін де айта кету керек.


Толығырақ: https://egemen.kz/article/161899-aqyn-saranynh-portreti

                                                        Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы

Пікірлер