Қара өлеңнің Қайраты

2140
Adyrna.kz Telegram

Қайрат Әлімбек... Жырқұмар қауымға танымал есім... Ілгеріректе журфакқа оқығандар оны жақсы біледі. Нағыз ақын еді ол. Шабыт қысып ширыққан шайырдың шынайы болмысы оның бүтін бітімінен, түр-сипатынан айқын көрініп тұратын. Адам баласына зияны жоқ. Тіпті шыбынға да залалы тимейтін. Тек ит жыны тырысып отырғанда сол шыбыныңның өзі келіп ұрынып жүрмесе болды...

Қайрат дегеніміз - қара өлең. Сол қара өлеңнің әр жылдардағы үзіктері... Қайрат дегеніміз - «Тотияйын көкке қадалып қылған оқ шыңдар»... Қайрат дегеніміз - «Топталып маған күледі, бір қауым қарға, Күлсе күлсінші, соларды ұрғаным бар ма?»... Қайрат дегеніміз - «Басқа жанға өзіңді қайда қию, Басталады сен кетсең, Аида, күю. Англияға ассаң да жетіп барам, Ай лав ю! – деп сосын, – Ай лав ю!». Қайрат дегеніміз - ЖенПИ-дің жатақханасы... Қайрат дегеніміз...

КазГУ-дің қалашығынан одан өткен адал, одан өткен ақкөңіл адамды табу қиынның қиыны еді. Көмек сұрап келген адамға қолындағы барын береді. Ешнәрсе сұрамағандарға да әйтеуір бірдеңе үлестіріп жүреді. Ақынның қолы ашық екенін білетін төменгі курстың балалары кешке қарай «Қайрат аға, аюдай қорбаңдаған, Дәл келе ме, военка формаң маған», - деп әскери сабаққа киетін киімін сұрап, қиылып кеп тұратын.
Өзінің көңілі қандай кіршіксіз болса, өлеңдері де сондай таза болды. Жүрегімен жазды. Жанымен жырлады. Жанарымен жеткізді. Ол күлгенде бүкіл әлемді шуаққа бөлеп, бүкпесіз күлетін. Қыстыгүні Қайрат көшеге шыққанда, шашынан будақ-будақ бу көтеріліп келе жататын. Сірә, ішкі әлемі мен сыртқы әлемі жиі арпалысқа түсетін болса керек. Ол үнемі қыз-қыз қайнап жүретін қызуқанды жігіт еді. Бірақ қызуқандылығы мінезіне берілмеген, жер қозғалса, қозғалмайды. Бірақ сол бір жылдарда идеалына айналған көзілдірікті қызды көргенде қозғалмақ түгілі бір орында тұрмай, безек қағып кететін. Бұл бір көзілдіріктілер көзілдіріксіз, көзілдіріксіздер көзілдірікті бойжеткендерге қарап емініп жүрген есірік заман-ды... Сол көңіл-күйді Қайрат ақынның:

Көрмек болып анықтап тамашаны,
Көзілдірік тағыпсың, жарасады!
Қара көзің ерекше мөлдірейді –
Анық бәрі, ап-анық болашағы.

Келтірмесін жаныңа сөзім күдік,
Кейде білмен, өзімді өзім біліп.
Айналамды анықтап алатұғын,
Керек боп жүр көңіліме көзілдірік, -

деген өлеңі дәл бедерлейтін.

Мен оны алғаш көргенімде сидаңдау, тікірейген кірпі шашы өзіне керемет жарасатын көркем жігіт еді. Кейіннен жылдар өте келе шашы едәуір сиреп, оның есесіне ойы қалыңдап, жауырыны жалпайып, өлеңі де, өзі де толысып, қазақ поэзиясының нағыз Балуан Шолағына айналды.

Әдетте, ақындардың бәрі бірдей журналистікке бейім бола бермейтін. Ал Қайраттың журналистік шеберлігінде мін жоқ-ты. Кез-келген дүниесін машинкаға бірден диктовка жасайды. Сол диктовка жасаған мақаласының өзі он ойланып, тоғыз толғанып, қаламмен қағазға түсіргендей болып мінсіз түзілер еді. Ол ең өнімді жазатын журналистің бірі болды.
Қайрат сері бірде өзінің диплом жұмысын жазуға отырды. Қорғауға бар-жоғы бір-ақ күн қалып еді. Таңертең бесінші жатақхананың он-он бес кітап, төрт-бес орындық тұратын «қызыл мүйісіне» кірді де, кешке дейін қамалып отырып, дипломын бітіріп бір-ақ шықты. Қара тер, қара жым... Оның есесіне жұмысы дайын. Маржандай жазумен елу бет. Оны енді жатақхананың жанкешті қыздары бір жерден машинка тауып, түнімен басып береді. Таңертең - қорғау! Саған онға дейін жетекші мен рецензенттің пікірін алып үлгеру керек. Үлгереді оған да... Бір-ақ күннің ішінде диплом жұмысын жазып шығудан қиын ғой дейсің бе?! Қайрат ылғи да осылай экстремальды жағдайда жұмыс істеді.

Қайраттың жүрген жерінің бәрі қызықты хикаяға толы еді. Бірде бесінші жатақханада керіліп-созылып ұйқыдан тұрып жаттық. 503-бөлме. Алдымен оянған Қайрат балконға шығып, қыламықтаған қарды көріп, «Аппақ қар, ақ қар, ақ мамық...» деп өлең өре бастады. Көзін бір-ашып, бір жұмып, манаурап жатқан Талғат Батырхан жалмажан орнынан атып тұрды. «Қар жауып тұр ма не?! Қар жауды дегенше, қан жауды десейші... Бүгінгі «Қайраттың» ойыны ойын болмайтын болды ғой...». Тумысынан супержанкүйер Талғат қаралай күйініп, тау құлағандай күй кешіп жүрсе, Қайрат: «Мағ-ғ-ған бәрі-бір!», - деп шиқылдап тұрып күледі.

- Осы футбол дегеніңді суқаным сүймейді, - дейді сосын. - Барсам болды, елдің бәрі: «Қайрат»... «Қайрат»... деп, жан-жақтан айқайлап, даусы жеткенше балағаттап, жер-жебіріме жетеді. Қара есекке теріс мінгізеді... Өйткен футболыңның...

Тағы бірде Қайрат сері бізге «серіліктің бәрін қойып, ылғи сабақ оқып, бірыңғай өлең жазам» деп уәде берді. Кез-келген ұғымға «қазақ-совет» дегенді қоспаса, сөздің дәмі кірмейтін кезең. Сол тұста жігіттер мұны әбден қалжыңға бұрып, екі сөздің біріне «қазақ-совет» дегенді тіркейтін де жүретін. Соған орай біздің Қайратымыз да қазақ-совет ұланының үлгісіндегі әп-әйбат бала болып қалыптасып келе жатқан-ды. Сабақ - кітап - өлең... Басқа жаққа бұрылмайды. «Жаса, Қайрат, жас Қайрат», - деп жігерлендіріп қойып, өзіміз қыдырыстап кетеміз.

Белгілі фантаст жазушы, ұлағатты ұстазымыз Абдул-Хамид Мархабаевтың «Кәкен екі күнге жетті» деген шығармасы бар еді. Сол ағамыз айтқандай, ақ Қайроштың тәртіптің құлы болғанына екі күн емес, тура бір апта өтті. «Ұзағынан болсын!», - дейміз де тағы ұзап шығамыз. Бір күні жатаққа келсек, Қайратымыз көрінбейді. Төсегі ұқыпты жиналған. Тура солдаттың төсегіндей. Бірақ керуетінің үстіне бір парақ қағаз қалдырып кетіпті. Сол баяғы маржандай жазуы... Бір шумақ өлең...

Өмірден көрмесем де артық тепкі,
Бұл тірлік дей алмаймын жарытып та өтті.
Қысылам қазақ-совет Ары алдында,
Дегенмен думан мені тартып кетті!..

Түн ортасына қарай жатақханаға қап-қап шабыт арқалап келді. Шыны керек, өзіміз де оқымысты Қайраттан әбден жалығып, нақ осындай көңілді Қайратты сағына бастағандай едік...
Кейін жастық шағымыздың берекелі бесігіне айналған «Жас алашта» бірге қызмет істедік. Кешке дейін атқаратын шаруаны түске дейін-ақ жапырып тастайтын.

Қара өлеңнің Қайраты осыдан он бес жыл бұрын қара жолдың үстінде мерт болды. Әбден толысқан шағында ғарышқа аттанды. Кәдімгі Гүлнар қыз «Жоғарыда жұлдыздардың сьезі, Болып жатыр мен білсем...», - деп жырлайтын қою аспан, зеңгір көк...

Арамызда аман-есен жүрсе, дәл осы күндері елу сегізге толар еді. Рухы биікте болсын Қайрат досымыздың!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер