Байқоңыр ауруханасындағы біраз бұрын басталған дау-дамай асқынып жатыр

1558

Байқоңыр ауруханасының мәселесін енді кім шешер екен?!

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас

жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің төрағасы

Ахметжанов Марат мырзаға!

ҚР ІІМ министрі Тұрғұмбаев Ерлан мырзаға!

ҚР Қаржы министрі Жамаубаев Ерұлан мырзаға!

ҚР Денсаулық сақтау министрі Цой Алексей мырзаға!

Құрметті, Алексей Владимирович!

Біз сіз арқылы Марат Мұратұлына, Ерлан Заманбекұлына, Ерұлан Кенжебекұлы мырзаларға да шағымданып отырмыз.
Егерде субординация және мәдениет сақтамай, әр қайсыларыңызға тікелей шықпай, ретін сақтамай жалпы әдепсіздік көрсетіп жатсақ кешірім сұраймыз. Бізді түсініңіздер! Бұл жерде тек қана денсаулық сақтау мәселесі ғана емес, проблема өте ауқымды. Сондықтан барлықтарыңыздың көмектеріңіз мен әділетті шешімдеріңіз керек болып тұр. Мен Дарбузова Ғалифа қайта-қайта Байқоныр халқының атынан сіздерге шығып жатырмын.
Денсаулық министрі А.Цойдың қабылдауында болғаныма 3 апта өтті,.
Айналайындар! Сіздердің қарапайым халықтың жан-айқайына көңіл бөлулеріңіз үшін Байқоныр тұрғындарына не істеуі керек?
Денесіне бензин құйып, алаңда өзін өзі өртеуі керек пе?
Немесе БҰҰ-ға жазамыз ба? Айтыңыздаршы сіздер, ел басқарып отырған шенеуніксіздер ғой.
Цой мырза уәдеңіз қайда менің артымнан комиссия жіберем деген?
Істің мән-жайына қанық болғыңыз келсе, өзіңіз жұмыс сапарымен Байқонырға келіңіз.
Тұрғындардың экологиялық жағдайлардан денсаулықтары бұзылған, әлеуметтік жағдайы қорғалмаған жерде қалай тұрып жатқандарын көресіз. Егерде келсеңіз егеменді Қазақстанның тарихында Байқонырға алғашқы келген денсаулық министрі Сіз боласыз. Байқоныр ауруханасында болып жатқан былықты өз көзіңізбен көресіз. Сол кезде ғана жемқорлық жайлаған медицина саласы бір тәртіпке келеді деп үміттенеміз.
Әлде министрлер Нұр-Сұлтанда кабинеттен шықпай статистикалық болтологиямен айналысу үшін отыр ма?
Егер сіз нағыз халықтың денсаулық сақтау министрі болсаңыз, біздің қойып жатқан мәселемізді шешіңіз!
Осы күрделі мәселені шешсеңіз, Байқоныр халқының алғысы сізге шексіз болар еді.
Әлде Ресейдің Байқоныр халқын улап жатқан радиациясынан қорқасыз ба?
Байқоңыр ауруханасының бас дәрігеріне байланысты БАҚ- арқылы Президентке, Парламентке, прокурорлар,
министрлерге, әкімдерге жазған арыз-шағымдарымыз қайтып соңында облыстық денсаулық департаментіне мәселені шешу үшін келіп тіреледі.
Ал бізде С.Пазилов басқарған Қызылорда облыстық денсаулық сақтау департаменті осы созылып кеткен күрделі мәселені шеше алмай отыр.
Өйткені ол Байқоңыр ауруханасының бас дәрігерінен өлердей қорқады. Не себепті екенін білмейміз.
Осындай бізде эксцесс болып тұр: Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы өзінің бағынышты қызметкерінен қорқады. Күлкілі деп ойлайсыздар ма? Жоқ жылау керек.
Сонда не себеп: сыбайластық па, әлде тағы да біз білмейтін құпиясы барма?
Қазіргі жағдайда Пазилов мырза облыстың бас дәрігері есебінде Байқоңыр халқының алдында абыройынан мүлдем айырылып қалды. Цой мырза, Пазилов сізге бәрі жақсы "Прекрасная Маркиза" деп баяндайтын шығар.
Осы уақытта Байқонырда жағдай жарылғалы тұр. Ол біздің ауруханаға, оның бас дәрігері Жандос Әділханға байланысты. Бұл кісінің сыбайластық пен этикаға сай емес  арсыздық істері бірнеше рет БАҚ құралдарында және тікелей Сізге баяндалды. Қәзіргі жағдайда аурухана қызметкерлерінің моральді-психологиялық ахуалы өте төмен. Осының өзі ғана бас дәрігерді орнынан алып тастауға негіз болар еді. Бас дәрігердің іс- әрекеттеріндегі сыбайластық асқынып тұр. Олар барлық жерде бар, бірақ әлі күнге дейін бұл проблеманың нүктесі қойылмаған.
Біз білеміз, Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан, қаржы бақылау комитетінен ауруханада сапалы, ашық, терең тексерулер болған емес. Егер болған жағдайда да бас дәрігер оларды сатып алады. Оған оның қабілеті де жағдайы да келеді.
Оны бәрі біледі, өйткені ол біздің, ал қазір "өзінің"  ауруханасының арқасында жергілікті олигархқа айналды.
2020 жылдың аяғындағы ұжымдық жиналыстың шешімімен 20 000 000 миллион теңгенің кенеттен құрып кетуіне кім кінәлі? Халықтың салығынан жиналған бұл қомақты қаржы қайда жоғалды және осы уақытқа дейін неге әлі жауабы жоқ? Халық арасында өз араларында (жақындары) бөліп алыпты деген әңгіме тарап жүр.Осы айтқандарымыз жалған десе, өтірік емес екенін дәлелдесін, халыққа есеп берсін. Біз тыңдап, талдағымыз келеді, егер біздікі дұрыс болмаса кешірім сұрауға дайынбыз. Шындықтың түбіне жету үшін бізге қаржы бақылау комитетінен тексеру керек.  Әсіресе, бұл тікелей Байқоныр ауруханасының қызметкерлеріне қатысты, яғни қаншалықты оларды тонап жатыр, әлде алдап жатыр ма?!  Сенімді көздерден білгеніміз, пандемия кезінде, яғни қазан-қараша айларында жалған мобильді группа құрылып (жалған ведомость ) жеке банк карточкаларына ақша аударылып өз араларында қызметтеріне байланысты бөлінген.  Ақшаның мөлшері өте көп.
Егер біз жала жауып жатсақ, халық алдында таза екендеріңді дәлелдеңдер! Бұл байқамай сыртқа шығып кеткен фактілер, ал біз білмейтініміз қанша екенін бір Құдайдың өзі біледі. Ауруханадағы қаражат, мемлекеттік бюджет не болып жатқаны жеті қат жердің астындағы құпия.
Бұл жағдайды кім тексеру керек? Денсаулық сақтау министрі ме? Әлде облыстық денсаулық сақтау басқармасы ма? Немесе қаржы бақылау комитеті ме? Ішкі істер министрлігі ме? Кім?
Сатылмайтын, қатаң комиссия келіп тексеру керек, сол кезде былықтың (қаржылық, қылмыстық) бәрі сыртқа шығады. Жоғарыдағы БАҚ- та, басқа да айтылған фактілерге қосымша тағы бір қылмыстық істі толықтырғымыз келіп тұр. Ауруханада лицензия жоқ бола тұра осы уақытқа дейін косметологиялық операциялар жасалып келді. Таң қалып, масқара болатыны - осы операцияларды іріңді таңу бөлмесінде(гнойный перевязочный) жасаған. Бұл операциялар операциялық блокта, стерилді жағдайда жасалуы керек. Құдай сақтап қалған, егер асқыну болғанда болса кері процесс болар еді. Қынжылтатыны, бұл операциялар ауру тарихы (история болезни) ашылмай, тіркелмей астыртын тығылып жұмыс біткеннен кейін жасалған. Ұйымдастырып "крыша" болып отырған бас дәрігер Жандос Әділхан. Операцияның есебі жоқ, яғни өте көп.
Бұл қылмыс емес пе?
Әлде қылмыс болу үшін адам өлу керек пе?
Айқай-шу шыққан соң лезде жауып тастады. Құжат жоқ, демек проблема жоқ, қолыңнан келсе дәлелдеп ал деп қорықпай отыр. Менің Жандос Әділханды әшкерелеу кезінде менің атыма ол кісіден талай рет қорқыту әрекеттері болды.
Бірақ мені тығылған(скрытый) телефон арқылы боқтықпен балағаттағаны менің ашуымды келтіріп, намысыма тиді. Жазылған смс-терді прокуратураның айтуымен Шымкентке (сол жақта ғана жасайды) 2 ай бұрын филологиялық экспертизаға бердім. Соның нәтижесі кеше келді. Барлығын ұйымдастырған, қатысы бар кім деп ойлайсыздар ғой?

Мына кісілер: бас дәрігер Жандос Әділхан, заңгер Алмас Тұрғанбай, програмист Мақсат Шакирбеков. Оларға қарсы Байқоныр Ішкі істер бөлімімен іс қозғалды. Бас дәрігердің бет бейнесі осы. Адамды емдеу ісімен емес, өзіне қарсы шыққан қызметкерлерді қорқыту, балағаттау, кемсіту,  алдау,  шантаж жасау ісімен айналысады.
Ең маңыздысы бас дәрігердің Россияның полицияларының көмегімен аурухана қызметкерлерін қорқытып басқаруы ұлтаралық шиеліністің тууына әкеліп соғуы мүмкін. Егерде халықаралық жанжал шықса, оған Жандос Әділханның тікелей іс әрекеті себеп деп санаймыз.

Құрметпен, Дарбузова Ғ. және факті жинаған аурухананың қызметкерлері.

 

"Адырна" ұлттық порталы

 

(Авторлардың көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді. Егер де қарсы тараптың пікірі туындаса, оны да жариялауға дайынбыз!)

 

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар