70 жыл айтылмаған ақиқат. Гагарин ұшқан алаң ежелгі өркениет  үстіне салынғанын білеміз бе?

4888
Adyrna.kz Telegram

Байқоңырдың салынғанына 70 жыл толды. Әскери құрылысшы ресейлік басылымға берген сұхбатында Гагарин старт алаңының орнынан көне өркениет ошағы табылғанын айтқан. Қазақстан өз жеріндегі археологиялық артефактіден бейхабар болған ба?

Осыдан тура 70 жыл бұрын, 1955 жылғы 12 қаңтарда, алғаш рет Төретам бекетіндегі екі вагон-үйге әскери құрылысшылар келіп орналасты. Осылайша Байқоңыр ғарыш айлағын салуға дайындық басталды. Ондағы №1 ғарыштық ұшу кешенінен, немесе Гагарин старт алаңының орнынан қазақ жеріндегі ежелгі өркениетке тиесілі артефактінің табылғанын білеміз бе?

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР НЕ САЛҒАНЫН БІЛМЕГЕН

Құпия мәлімет қатаң сақталған уақытта әскери құрылысшылар не салып жатқанын білді ме? Бұл туралы Ресейдің еңбек сіңірген құрылысшысы, аты аңызға айналған Гагарин атындағы старт алаңының прорабы, отставкадағы полковник Сергей Алексеенко «Российская газетаға» айтып берген.

- Олар тек қорғаныс министрлігі шекараларды қорғау және соғыс жағдайында АҚШ-қа жауапты ядролық соққы жасау үшін зымыран базасын құрып жатқанын білді. Бас штабтың ойлап тапқан аңызы бойынша бұл база «Стадион» деп аталды. Алғашқы құрылысшылар Төретам станциясына 1955 жылдың қаңтарында келді. Бірақ тек қыркүйекте алғашқы стартқа арналған шұңқыр қазу жұмыстары басталды. Бастапқыда техника жетіспеді. Небәрі бес скрепер, екі бульдозер, екі экскаватор және бес самосвал болды. Осылармен 50 метр тереңдіктегі шұңқырдан бірнеше айдың ішінде 1 миллион текше метрден астам топырақ шығаруға тура келді. Бұл Азов теңізін қасықпен қазғанмен бірдей еді. Тереңдік 1,5-2 метрге жеткенде, құмның орнына экскаватор шөмішіне бағынбайтын ауыр саз шыға бастады. Біз оны балғамен жұмсартуға тырыстық, бірақ еш нәтиже болмады. Ал бұл кезде түрлі инстанция өкілдері сызбаларға қарап, сол кездегі прорабтың «бос жатқанын» айтып сынады. Нәтижесінде, ол өз қабілетіне деген сенімін жоғалтып, жай ғана бір шұңқырды қазу қолынан келмейтінін ойлап, ауруханаға түсіп қалды. Мен ол кезде басқа нысандарда жұмыс істеп жүрдім. Есімде, шұңқыр жұмысына түспесем екен деп ойладым. Бірақ тілегім керісінше болды. 1956 жылдың қаңтарынан бастап мені алғашқы ғарыштық старттың прорабы етіп тағайындады. Сөйтіп Байқоңырдың нөлден бастап, барлық құрылыс кезеңдерінен өттім. «Гагарин кешенін» тапсыру актісіне қол қоюға дейін, кейінірек басқа да нысандарды пайдалануға бергенге дейін жұмыс істедім, - дейді Гагарин атындағы старт алаңының прорабы, отставкадағы полковник Сергей Алексеенко.

«БІЗ ЕЖЕЛГІ ӨРКЕНИЕТ ЖИЕГІНДЕ ҚҰРЫЛЫС ЖҮРГІЗІП ЖАТЫРМЫЗ...»

Гагарин атындағы старт алаңының прорабы, отставкадағы полковник Сергей Алексеенконің ғарыш айлағының бас конструкторы Сергей Королевпен байланысы өте тығыз болған. «Королевтің қатал мінезін сезіндіңіз бе?» деген сұраққа Алексеенко былай деп жауап берді:

- Ол мені алғаш кездескенде-ақ, кеудемнен ұстап алды. Айта кетейін, оның фамилиясын құпия сақтау мақсатында ашық айтқан емес, тек «сізбен бас конструктор кездеседі» деп қана айтылды. Шұғыл кездесу қажет болды. Біз бірнеше ұсақ жарылыстарды жасадық та, кенеттен су деңгейіне жеттік. Сонда ғана жобалау институтының сызбалары гидрогеология туралы мәліметтерсіз дайындалғаны белгілі болды. Мен тоқтап, жеткен тереңдікте іргетас плитасын орнатуды ұсындым. Бірақ тапсырыс берушінің «рұқсаты» қажет еді. Алайда Сергей Павлович менің бетіме жұдырығын тақап, «Жоқ, сен маған шұңқырды дәл жобадағыдай етіп қазып бересің, әйтпесе өте алыс жерден алтын іздейтін боласың!» - деп қатал айтты. Мен ашуланып, «Сізге осы тереңдік неге сонша маңызды? Бір метр артық, бір метр кем – айырмашылығы қандай?» - деп жауап қаттым. Королев сабырға келіп, «Мен бұған келісе алмаймын. Ракетаның ағындық газдарының еркін жүру ұзындығы ұшатын ракетаның биіктігінің жартысынан кем болмауы тиіс. Әйтпесе, ракета старттан көтеріле алмайды немесе көтерілген соң, жақын маңға құлап түседі. Сондықтан өтінемін, бәрін жобада көрсетілгендей етіп орында!» - деді. Сол кезде ғана алғаш рет біз шын мәнінде не салып жатқанымызды түсіндім. Кейін де Королевпен аздаған келіспеушіліктер болды, бірақ өзара түсіністік толықтай орнады,- дейді Сергей Алексеенко.

- Ақыры, бас конструктордың өтінішін орындадық. Шұңқырды қазу кезінде су баспады. Бәрін есептеп, қажетті деңгейге дейін «құрғақ жерден» топырақты алу үшін екі қуатты жарылыс жасадық. Бізге «жоғарыдан» жарылыс жасауға тыйым салынған еді. Бірақ басқа амал көрмедік. Өзімізге қауіп-қатер төнсе де әрекет жасадық. Мен ғарыш айлағы құрылысының басшысы Георгий Шубников пен қорғаныс министрлігі бас басқармасының бас инженері Михаил Григоренко арасындағы әңгіменің куәсі болдым. «Егер бірдеңе болса, Алексеенконы түрмеге отырғызбаймыз, бірақ бір жұлдызын алып, шенін төмендетеміз» деген болатын олар. Алғашқы шурфтар түнде бұрғыланды. Ал күндіз оларды топырақпен бүркемелеп қоятын. Бұл тексерушілердің ештеңе байқамауы үшін жасалды. Бірінші жарылыс таңғы сағат 5-ке белгіленген еді. Ал оған бес минут қалғанда маған жарғыштар бригадирі келіп, «Мүмкін, жармай-ақ қоямыз. Бұл шұңқырды жартылай қазылған күйінде қалдырайық» - деді. Мен саусағыммен ескерту жасап, сағатты көрсеттім. Содан кейін 20 тонналық жарылғыш затты жардық. Бірінші болып шұңқырдың шетіне бригадир келді. Қарап тұрып «жарайсың, прораб! Су жоқ. Академик-контролерлердің мысын басып тастадық!» деп айқайлап жіберді, - деп еске алады Алексеенко.

- Сергей Королев Байқоңырды Одесса, Мәскеу және Троице-Сергий лаврасымен қатар тұратын бақытты мекен деп санайтын. Неге десеңіз, Гагарин атындағы старт алаңы қазылған шұңқырдан 35 метр тереңдікте ежелгі ошақ орны, тұз байланған ағаш отын қалдықтары табылды. Құрылысшылар дереу археологтарды шақырды, бірақ олар келмеді. Содан кейін ошақ пен отын қалдықтары жәшікке салынып, астанаға жіберілді. Үш айдан кейін жауап келді. Табылған заттың жасы 10-30 мың жылдықты қамтитын болып шықты. Мұны білген Сергей Павлович «біз ежелгі өркениеттің жиегінде құрылыс жүргізіп жатырмыз, демек, бұл біз үшін де бақыт мекені болады» - деп түйіндеді. Өзі ошақ орнынан табылған бір кішкентай көмірді сіріңке қорабына салып, өзімен бірге алып кетті, - дейді Гагарин атындағы старт алаңының прорабы болған отставкадағы полковник Сергей Алексеенко.

ҒАРЫШ АЙЛАҒЫНДАҒЫ ІШІМДІК ИГІЛІК ПЕ?

Байқоңырдағы Гагарин атындағы старт алаңының прорабы болған отставкадағы полковник Сергей Алексеенко ғарыш айлағындағы мынандай бір деректен де хабар берді.

- 1957 жылы Королевтің көмекшісі жүйелерді жуу үшін 12 тонна спиртке тапсырыс берген еді. Алайда тек 7 тоннасы ғана пайдаланылды. Қалғанын не істеу керек? КСРО Мемлекеттік қамтамасыз ету басқармасы келесі жылға тек пайдаланылған мөлшерге ғана спирт бөлетінін бәрі білетін. Көмекші бульдозер шақырып, цистерна жанынан шұңқыр қазды да, қалған спиртті сол жерге төкті. Содан соң оны құммен көміп тастады. Бірақ біреу бұл туралы біліп қалып, құмды ашып тастапты... Осылайша, ішімдік тыйым салынған полигонда ішіп жүретіндер пайда болды. Дегенмен, тез арада қайта тәртіп орнады. Спирттің қалғанын өртеп жіберді. Ал Сергей Павлович «Қандай ұят, осындай иігілікті жерге көмуге тура келді» деп ұзақ уақыт бойы күрсініп жүрді - деп еске алды прораб Байқоңыр айлағындағы құрылыс хикаясын.

Ресейдің «Роскосмос» компаниясы Қазақстанға бір кездері Юрий Гагарин ұшқан Байқоңырдағы №1 ұшу алаңын мұражай кешеніне айналдыруды ұсынған. «Роскосмос» Байқоңырдағы пайдаланылмаған ғарыштық технологиялардың үлгілері орналасатын мұражай кешенін жасамақшы.

№1 ғарыштық ұшу кешені «Гагарин старты» деп те аталады. Дәл осы жерден 1961 жылы 12 сәуірде жер бетіндегі тұңғыш ғарышкер 27 жастағы Юрий Гагарин мінген кеме ғарышқа ұшырылды. Оның ұшуы 108 минутқа созылды. Бүгінде ғарыш айлағы мен аттас қаланы Ресей Қазақстаннан 2050 жылға дейін жалға алған.  «Байқоңыр» кешенінің ауданы 6717 шаршы шақырымды алып жатыр. Онда әртүрлі ғарыштық құрылғылар арқылы 3 мыңнан астам зымыран ұшырылған. Осы жерден орбитаға 150-ге жуық ғарышкер аттанған.

Пікірлер