Қазақ сахна өнері тарихында сөз болмаған тың қойылым!

4998
Adyrna.kz Telegram

30 мамырда Алматы қаласы әкімдігі және Алматы қаласы әкімдігіне қарасты Мәдениет басқармасының қолдауымен Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрында» саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Кез болған соң кер заман» атты (Қоюшы-режиссер – Жұлдызбек Жұманбай, құрастырушы автор – Ардақ Беркімбай) музыкалық қойылым-концерт өтті. Бұл қазақ театрының тарихында сөз болмаған тың жаңалық болды. Қазақ театрының шығармашылық келбетін, бағыт-бағдарын одан әрі айқындай түсіп, театр репертуарын қалыптастыру жолында жаңа ізденістерге тиек болатыны сөзсіз.

Қойылым-концертте саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп Құтпанұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Қапез Байғабылұлы, Сұлубай, Аманғали сынды өнер тұлғалары және Шәкерім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабай, Сәкен Сейфуллин сияқты ұлттық саяси-мәдени элитаның әндері айтылып, рухты мұралары насихатталып, сахналанды. Кеш қонақтары қатарынан «Алаш» қайраткерлерінің ұрпақтары бой көрсетті.
«Алатау» дәстүрлі өнер театры» КМКҚ-нің директоры, Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Ринат Заитов «Кеңес үкіметі тарапынан ұйымдастырылған ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін, сонымен қатар сол кездегі ұлтымыздың ынтымаққа келе алмауы халқымыз үшін ауыр соққы болды», – дейді.

Қойылым-концерт Көкбай Жанатайұлының сөзіне жазылған Алаш Ордашылар гимнімен аяқталды:

Қазағым қақтықпа, қамалма,
Ел болар қамыңды амалда.
Партия, сұрқия, қым-қиғыш,
Пейлі арам, көп надан, сенде де.

Жатқа жем, бай едің, кең едің,
Қолыңда билік жоқ ел едің.
Қаны жат, діні жат, жат елден,
Таяқты жеп едің, жеп едің.

Қазағым біріңді бірің дос,
Көрмесең бұл істің бәрі бос.
Деді Абай, бұл қалай, шуламай,
Басың қос, басың қос, басың қос.

Қойылым-концертте орындалған шығармалар төмендегідей:

1) Үкілі Ыбырай: «Қалдырған»
Үкілі Ыбырайдың ең сүбелі әрі көп нұсқалы туындыларының бірі – «Қалдырған». А.Затаевич «Қалдырғанның» I-түрін Әбдірахман Бегішовтен, II-түрін Ахмет Малдыбаевтан, IV-түрін Сәбит Мұқановтан жазып алған (Ерлан Төлеутай, Үкілі Ыбырай).

2) Қапез Байғабылұлы: «Қапездің қоштасуы»
Бұл әнді Қапез 1937 жылы айдалып бара жатқанда шығарған. Қапезбен бірге 300-ге жуық адам Кегеннен Қырғызсайға, одан Алматыға айдалады («Ана тілі» Ұлт газеті).
3) Аманғали Кенжеахметұлы: «Аманғали»
Оның жүріс-тұрысы, сыр-сипаты, ақындық өнері, серілік қасиеті, өршіл азат болмысы жергілікті шенділерге бәрібір жақпайтын еді. 1928 жылы қуғыншылар тағы да Аманғалидың соңына түсіп, ақыры есіл ер оққа ұшып, мерт болады («Ана тілі» Ұлт газеті).

4) Тұрмағамбет Ізтілеуұлы: «Тұрмағамбеттің толғауы»

Бастаған ісін біржайлы қылып, әке алдындағы перзенттік борышын толық ақтаған Әбдірауық, әкеден қалған қолжазба-құжаттардың сақталып, ұрпақ кәдесіне жарауын жеті перзентінің ішінен ұлы Өсерге аманаттаған (Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармалары).

5) Сұлубай Сапыұлы: «Сұлубай»
Сұлубай Сапыұлы – тумысынан ақын, әнші, сері адам. Оның бақытсыз, беймаза өмірі гоминдан билеушілерімен арпалыста өткен. Гоминдандықтар елді Ганьсу, Шанхайға қуғанда Алтайда күрес бастап, ат ойнатып, қатерге бас тігіп, ерлік туын көтерген кемеңгер азамат (Илья Жақанов, Үзілген ән).

6) Әбікен Хасенов: «Қоңыр күйі»

«Атылған азаматтарға арнап едім» – деген сөзін естіген Жүсіп Алтайбаев: «Әбеке-ау, мынаны ешкім естімесін, оттан аман қалған азаматтарға зияны тиіп жүрер», – деп шошып кетеді. Әбікен де осыдан кейін «Қайран, азаматтар-айды» тартпай кетеді. Кейін 1958 жылы Сәкен ақталған соң ғана радиоға жазуға тәуекелге барады. Күйтабаққа да күйдің атын атамай «Қоңыр» деп жаздырады (Егемен Қазақстан).

Ел іргесі бүтін, халқымызда бірлік, жерімізде тыныштық болсын!

Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы,

"Алатау" дәстүрлі өнер театры

Пікірлер