Әкімдікке мәселелерін айтқан көпбалалы аналарды полицейлер соққыға жықты

3366
Adyrna.kz Telegram

Қызылордада бір топ көпбалалы ана өткен түнді облыс әкімдігінің алдында өткізді. Олар қала әкімдігі жақында үлестірген қаржылай көмек шын мұқтаж, жағдайы төмен отбасыларға берілмеді деп ашынды. Ал ең сорақысы бұл мәселелерді әуелі шенеуніктерге жеткізбек болғанымызда, полицейлер келіп кейбірімізді соққыға жығып кетті дейді. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Қала әкімдігінен көмек сұрап барып, ақыр соңы полицейлер ұрды деген аналар амалсыз түн ортасында облыс әкімдігіне жиналғандарын айтады. Олар осында түнеп, аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованы таң атқанша сол маңда күтеміз деп бекініп келіпті.

Айтуларынша жақында қала әкімдігі кәсіпкерлермен бірлесіп, жағдайы төмен отбасыларға қаржылай көмек берген. Ал ашулы аналар бұл көмекті шенеуніктер әділ үлестірмеді дейді. Олардың қала әкімдігіндегілер құлақ аспаған осы мәселені облыс әкімінің өзіне жеткізгісі келеді.

«56 адамға қаржылай көмек берілді. Ең азы 50 мың теңгеден алған. Анадан ананың айырмашылығы жоқ. Көмек беріле ме, шын мұқтаж адамдарға берілсін», - дейді көпбалалы ана Жанар Пірманова.

Көпбалалы аналардың айтуынша, қала әкімдігіне бұған дейін де көмекке мұқтаж екендерін айтып бірнеше рет жиналған. Ал шенділер оларды құзырлы орган қызметкерлерін шақырып қорқытқан. Ол аздай аналарды әкімдік ғимаратына жақындатпау үшін түрлі қитұрқылыққа барған.

«Көпбалалы аналар отырған ғимараттың жарығын сөндірді де тастады. Тас қараңғы болды. Сол кезде 15-20 шақты милиция ішке топ ете қалды. Милициялар деген малша сүйрейді аналарды», - деді көп балалы ана Раушан Алшанбаева.

Полиция департаменті өткен түнде көп балалы аналарға тәртіп сақшылары тарапынан күшпен қысым көрсетілмеді деп отыр. Ал аналар айтқан қаржылай көмекке қатысты қалалық және облыстық әкімдік әзірге пікір білдірмеді.

"Адырна" ұлттық порталы 

(фото Stan.kz сайтынан)

Пікірлер