271 млн қарызы бар Ұлытау ауданы халықты жарық пен судан қысу үстінде

3985
Adyrna.kz Telegram

 Қарағанды облысының салық инспекциясы мен Қазақстан Республикасының Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасына АШЫҚ ХАТ!

"Ұлытауға бардың ба, Ұлар етің жедің бе?!" деген ел аузындағы сөзді естімеген жан жоқ шығар. Сол табиғаты көркем, қазба-байлықтардың көзіне айналған, ауасы саф, суы мөлдір, киелі Ұлытау халқының тұрғындарының басым көпшілігі бүгінде жарық пен суға зар болып отыр. Ұлытау тұрғындарының айтуынша, жарық пен суды Ұлытау ауданының коммуналды шаруашылық бөлімі жылда себепсізден себепсіз сөндіріп тастайтын көрінеді. Одан кейін егістік суару былай тұрсын, бір жұтым су таппай сеңделеді екен. Коммуналды шаруашылық бөлімінің бухгалтері Дәниза Нұржигитова бұл жағдайды Ұлытау ауданының мемлекетке 271 миллион берешегі бар екендігімен байланыстырады. Ал «шағын ғана аудан қалайша сонша сомаға қарызға батты?» деген сұраққа аудан басшылықтары мардымды жауап бере алмауда.

Тұрғындар жыл сайын әкімшілікке су мен жарық мәселесін реттеу үшін бөлінетін қаржының қайда жұмсалып жатқаның түсінбей дал болуда. Олар  коммуналды шаруашылық бөлімінің қызметкерлері бұл жағдайға кінәлі емес екендігін тілге тиек етіп, «мекеме қызметкерлері жалақы алмай жүргеніне бірнеше айдың жүзі болды», - дейді.

Қордаланған мәселе Ұлытау ауданына әр әкім қаралар келген сайын қаузалатын көрінеді. Алайда еш өзгеріс болмаған соң тұрғындар да үмітін үзген. «Осы жолы жаңадан тағайындалған әкім Советбек Медебаев та су мен жарықты жөндеу мәселесінде қимылдайын демейді», - дейді тұрғындар.

Ал «коммуналды шаруашылыққа жауапты басшы Хамзат Абудаллаевич су мен жарық қашан қосылады» деген тұрғындардың күн сайын қойған сауалына немқұрайлылық танытып, толассыз хаттарға жауап бермей, тіпті тұтқа да көтермейтін көрінеді. Тіпті WhatsApp әлеуметтік желісінде «КОМХОЗ жарнамасы» деген атпен  арнайы ашылған топтың бүгінде 255 мүшесі бар екен. Барлығының дерлік күндіз-түні жазып жатқан мәселесі Құдайдың қара суы мен бір сығырайған жарығы қана (топтағы толассыз хаттар легі төменде көрсетілген).

Алайда «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей Ұлытау ауданының әкімдігі де,  коммуналды шаруашылық бөлімінің басшылығы да тұрғындар үшін тырнақтай әрекет жасамауда. Қысқасын айтқанда, аты дардай Ұлытаудың заты дардай болмай тұр. Аталған мәселені Қарағанды облысының салық инспекциясы, Қарағанды облысының тұрғын-үй коммуналды шаруашылық басшылықтары, Қазақстан Республикасының Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы, ҚР-ның Қаржы министрлігінің салық комитеті, ҚР-ның сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі назарға алып, бір шешімін тауып беруін өтініп сұраймыз.

"Ұлытау" ауданының тұрғындары,

 "Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер