(Қышқыл сатира)
Сот төрағасы жәбірленушіге сөз берді. Өтірікші шенеунік сөйлей жөнелді.
–Шындық Беткеайтарұлы өткен айда менің көлеңкемді басып кетті. Ол менің намысмды, ар–ожданымды қорлады. Менің абыройлы көлеңкем сол жерде майысып, өзім де бір түрлі болып кеттім! Сондықтан, Шындықты өмір бойына соттау керек!
–Шындығымыз жоғалса, қайтіп мемлекет боламыз? Көлеңкесін басқаны үшін де соттауға бола ма? –деп оның қорғаушысының шыр–пыры шықты.
–Шындықты дарға асу керек! –деп қалды бір сатқын.
–Шындықсыз да өмір сүреміз!
–Шындықтың қолына кісен салынсын!
Сот төрағасы үзіліс жариялады. Үзіліс кезінде мемлекеттік жағымпаз Шындыққа жақындап, жағымпаздана басу айтып жатты.
–Сабыр сақтаңыз. Көп болса, елу жыл түрмеде отырасыз. Мен сізді қатты құрметтеймін, дегенмен, өтіріктің ғана емес, Жалғанбай Ақпаратұлының да аяғынан шалғаныңыз жарамады, Жалмауыз Жегенұлының да қыр соңына түсіп алдыңыз. Сабыр етіңіз, мен сіздің Әділет, Ақ, Таза, Пейіл деген балаларыңызға қамқор болып жүремін.
Үзіліс аяқталып, сот үкім оқи бастады:
–Өтіріктің көлеңкесін қасақана басқаны үшін, Шындық Беткеайтарұлы қылмыстық көдекстің «өлә» бабының «Масқара» тармағы бойынша, өмір бақи бас бостандығынан айырылады. Шындықтың пейіл, ақ көңілдері, жан тазалығы тәркіленіп, Өтірікбайға, Жемқорбекке жүз миллиард теңге айып төлейді.
Күзетшілер Шындықтың қолына кісен салды. Қорғаушысы кассациялық арыз жазатынын мәлімдеді. Шындық жеңе ме, жеңіле ме?
Мұхтар ШЕРІМ