Шу болған шатқал: Бозжыра маңайы қоқысқа толып тұр

3308
Adyrna.kz Telegram

Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалының маңайы қоқысқа толып қалған, деп хабарлайды "КТК" арнасы. 

"Қызылсай" табиғи паркінің инспекторлары осылай деп дабыл қағып отыр. Күнделікті келіп-кеткен туристер артынан ішіп-жеген қалдығын тастап, аналаны былғап кетеді екен.

Бозжыраны тамашалауға соңғы екі айда 2 мыңға жуық саяхатшы келген. Олардың әрқайсысының артын жинап жүруге инспекторлардың мүмкіндігі жоқ. Әр адам өзінің қоқысын алып кетсе, айнала таза болатынын айтады олар.

Аңызақ дала, ойыс-шұңқырлы құмды жол, шөлді ландшафт. Табиғаттың ғажап туындысы саналған Бозжыраға жету жолы оңай емес. Таңдай қағып тамсанатын қыраттар Жабайұшқан қаумалының бір бөлігінде орналасқан. Әктастардан құралған таулардың биіктігі 250 метрге жетеді. Жұртты қызықтыратыны да сол.

Бозжыра шатқалындағы көріністі тамашалауға туристер Ақтаудан 300 шақырым жол жүріп келеді. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл жер ежелгі Тетис мұхитының түбі болған. Қамал іспеттес, азу тістес таулар бұрынғы мұхит шөгінділері.

Көрікті жерді көруге келетіндер күн санап көбейіп келеді. Бірақ бәрі бірдей тазалық сақтамайды дейді инспекторлар. Кейбірі от жағып, ішімдік бөтелкесі мен тамақ қалдықтарын далаға шашып кетеді екен. Тіпті кейде қоқысты жинап үлгермейтінін айтады. Олар Бозжыраны көруге келгендерге тамақ ішіп тынығатын орындар салынса деген ниет білдірді.

“1-наурыздан бері осы туристік маршруттың жұмысы басталғалы 2000-ға жуық адам келді. Мейрам күндері одан да көп келеді. Барынша ескертіп нұсқаулық береміз. Бұл жерде от жағуға болмайтынын, қоқыс тастауға болмайтынын айтамыз. Бірақ туристердің барлығын бірдей бақылай алмай отырмыз. Сол себепті осы арада болашақта туристерді реттейтін бір орын салынса деген ұсынысымыз бар”, – дейді "Жабайұшқан" табиғи қаумалының аға инспекторы Наурыз Әнесов.

“Орталық салудағы мақсат – транспорттың жүрісін бәсеңдету. Туристердің қозғалысын тәртіпке келтіру керек.Оларды қабылдауға алдымен жоғарыдан жол салыну керек. Жосалы арқылы түсетін 18 км жол бар. Міне, осыны асфальттау керек. Еш шаң шықпау керек”, – дейді эколог Орынбасар Тоқжанов.

Алайда Бозджырада қонақ үй мен демалыс орнын салуға екінің бірі келісе бермейді. Тау-тасты кезген туристер тек қоқыс тастайтын жәшік пен әжетхана қойса жетіп жатыр дейді. Ал тұмса табиғатқа тиіспесін деген пікірде.

“Қоқыс тастайтын жерлер болса. Былай бәрі жақсы. Бұл дала, далаға асфальт салмайды ғой. Дала жолы осындай болады, табиғаттың байлығы өзі осы”, –дейді саяхатшы Жанқанат Ырзықбай.

Табиғи аумақтың инспекторлары ерекше жерді сақтау үшін, Бозжыра аумағына кіруді көктемнен бастап ақылы етіп қойған. Бұл жабайы туризммен күресудің алғашқы қадамы. Жиналған ақшаға қоқыс жәшігін орнатып, шлагбаум қою үшін тиісті органдарға хат жіберіп қойған.

Пікірлер