Алматыда Жириновскийге ескерткіш орнатыла ма? Әкімдік жауап берді

854
Adyrna.kz Telegram
Фото: yandex.ru
Фото: yandex.ru

Алматы әкімдігі қалада марқұм ресейлік саясаткер Владимир Жириновскийдің ескерткішінің ашылуы туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеп.

Бұған дейін ресейлік БАҚ Алматыда марқұм Владимир Жириновскийге ескерткіш ашылатынын хабарлаған болатын. ЛДПР негізін қалаушыға ескерткіштер 2026 жылы Ресей Федерациясының бірнеше қаласында ашылуы мүмкін екені айтылған.

Сонымен қатар, еске алу шарасы мен саясаткердің туған жері Алматыда  ескерткіштің ашылуы болатыны туралы ақпарат тарады.

Алматы Мәдениет басқармасы Tengrinews.kz сайтының сауалына берген жауабында Жириновскийге ескерткіш орнату туралы өтініш түспегенін хабарлады.

«Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиясы тиісті ұсынысты қарастырған жоқ», - делінген хабарламада.

Владимир Жириновский 1946 жылы 25 сәуірде Алматыда көп балалы отбасында дүниеге келген. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің шығыс тілдері факультетінің түрік тілі мен әдебиеті мамандығын бітірген. Сонымен бірге ол марксизм-ленинизм университетінің халықаралық қатынастар факультетінде оқыды.

Жириновский парламенттің төменгі палатасы құрылған бірінші күннен бастап қайтыс болған күнге дейін Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының сегіз шақырылымының депутаты, Мемлекеттік Думадағы ЛДПР фракциясының жетекшісі болды.

Саясаткер Қазақстанға қарсы мәлімдемелерімен есте қалды. Атап айтқанда, 2014 жылы Жириновский Қазақстан және Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан Ресейге қосылып, оның Орталық Азия федералды округіне айналуы керек деген еді. Осыдан кейін Жириновскийді Қазақстанда, Қырғызстанда персона нон грата деп жарияланды.

Ресейлік саясаткер 2022 жылы 6 сәуірде 76 жасында қайтыс болды.

Пікірлер