Шымкенттен Риддерге тағы да көмек жіберілді (видео)

2415
Adyrna.kz Telegram

2021 жылғы 19 мамырда сағат 15.00-де Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты алдынан Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің қатысуымен Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында өрттен зардап шеккен отбасыларға арналған гуманитарлық көмек керуені жөнелтілді.

Шығыс Қазақстанда орын алған техногендік апаттан кейін Шымкент қаласында «Риддер, біз біргеміз!» айдарымен зардап шеккен отбасыларға қайырымдылық көмек ұйымдастыру штабтары құрылған болатын. Мұндай штабтар қаламыздағы «Жастар ресурстық орталығы» мен «Қоғамдық келісім» мекемелері жанынан ашылып, шығысқазақстандық азаматтарға гуманитарлық көмек көрсетуге азаматтық ұйымдар, волонтерлық қозғалыстар, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары жұмылдырылды.

Шымкент қаласының жастар ұйымдары 15 мамырда екі жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек керуенінің алғашқы легін Риддер қаласына жөнелткен еді.

Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де ел болып атқарылатын бастамадан шет қалмай, зардап шеккен отбасыларға қажетті азық-түлік тауарлары мен тұрмыстық қажеттілік заттарын жинақтады. Нәтижесінде қала тұрғындары мен этнос өкілдері тарапынан 3 тонна ұн, 2 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 500 кг. күріш, 1,5 тонна басқада азық-түлік тауарлары (макарон, шәй өнімдері, қант, конфет, күлше, май, т.б), 800 дана асханалық су мен сусындар, шаруашылық бұйымдары, төсек жабдықтары, барлығы 8 тоннадан астам жүк жиналды.

Қоғамда қайырымдылықты дамыту арқылы өзара бауырластығымызды нығайтуға, бір-бірімізге деген жанашырлық қасиетті жандандыруға қалада әрекет ететін 17 этномәдени бірлестік жұмылып, ауызбіршілігіміздің жоғары үлгісін көрсетті.

Игі істі ұйымдастырып, өткізуге «Silkway» Халықаралық университеті, өзбек, корей, шешен-ингуш, ұйғыр, неміс этномәдени бірлестіктері, қалалық Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі белсенділік танытып, жоғары азаматтық бастамашылдығымен көзге түсті.

 Айта кету керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен еліміздегі қайырымдылық істерінің үйлестіруші міндетін атқару Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген болатын. Ассамблея өкілдері жыл сайын дәстүрлі түрде қоғамда қайырымдылықты ілгерілетуге арналған кешенді іс-шаралар ұйымдастырып келеді.

Биылғы жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі белесіне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпыхалықтық «30 игі іс» қайырымдылық марафоны бастау алды. Осы кешенді іс-шара аясында Шымкент қаласында қайырымдылық тақырыбы аясында 4 ауқымды жоба іске асатын болады.

Пікірлер