"Өлі разы болмай, тірі байымайды"

6757
Adyrna.kz Telegram
Осы қазақ халқында бір жақсы қасиет сақталған. Сақтардан қалған сабақтастық, Ғұндардағы ғибратты ғұрып, мүмкін әрідегі ата-бабамыздан қалған жосық болар, әйтеуір әруақтар жерленген бейітті (мола, қорым, зират, там, кесене, күмбез т.б.) қастер тұтқан.
Этнографтар бейттің жолдың бойына салыну себебін жолаушылар бет сипап, дұға қылсын деген мақсатпен бірге жауын-шашын, боранда ықтасын қылып, түнеп аттануын да ойластырғаннан деген уәж айтады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Әруақ - тірінің азығы, ұрпақтың қазығы» дегенде де соны меңзеген.
Әскер жүз мыңдап қырылатын ұлы соғыстардан қалған мылқау молалар «Мықтың үйі» деп аталады. Отан үшін қан төккен сансыз ұрпаққа қойылған ескерткіш десе де болады. Мықтың үйі өз алдына, он сегіз мың ғалам жаралғалы бері 124 мың пайғамбар өткен екен. Қайсысы қай тарапта көміліп жатқанын кім білген? Жалпы текті жұртымыз адам баласының ақыреттік үйіне құрметпен қараған. Бүгін сол қасиетіміз семіп кетпеген шығар деп үміттенем(ін).
Алып шаһарлардың іргесіндегі, ауылдан шалғай қараусыз жатқан қорымдарды тазартатын бір күн керек-ақ. Сауапты күннің мақсаты - бейіттерді тұрмыстық қалдықтардан, күл-қоқыстан арылту, әруақтарға тағзым ету, зиярат арқылы ұрпақты тазалыққа тәрбиелеу.
Жылда мамыр айының үшінші жексенбісін «Тағзым» күні деп белгілесек қайтеді? Биылдан бастап осыны дәстүрге айналдырсақ деген ұсынысым бар.
P.S. Әсіредіншіл бауырларыма айтарым, «Мекке, Медине және Иерусалимде орналасқан үш мешіттен басқа мешіттерді зиярат ету үшін жолға шығуға болмайды» деген хадисте қабірлерді қастерлеуге болмайды деген жаман ой, арам ниет жоқ. Санасы бар салафиттің өзі дұрыс түсінеді деп ойлаймын. Қабірлерді зиярат ету сүндет амалы, ал оны жылына тым құрыса бір рет тазарту, исі мұсылман баласына амандық тілеп, жәми әруаққа құран бағыштау иманы бар азаматтың парызы екенін ұқса екен деймін. Ұхуд тауында шейіт кеткен сахабалардың сүйегін су шайып кетіп, денелері еш бұзылмаған соң қайта жерленген.
Жаннатул бақиға құрметі бөлек сау ақылды араптар Ұхудтағы қорымға да ерекше құрметпен қарайтынын білеміз. Пайғамбарымыздың (ﷺ) қызы Фатима әр жұма сайын Ұхуд тауына барып, шейіт болған Хамзаның (р.а.) қабірін зиярат етіп тұрған. Ал біз тым құрыса жылына бір рет қана өмірден озған өз туған-туыс, ата-әжелеріміздің бейітінің басын тазалап, құран бағыштайық.
Ағайын, осы бір ортақ акцияны қолдайсыз деп үміттенемін.
Онда осы жазбаға пікір қалдырыңыз, бөлісіңіз, ең бастысы осы жексенбі күні арнайы барып, жақын(дар)ыңыз жатқан бейіт басын тазалап қайтыңыз(дар)!
Серік АБАС-ШАХ
Пікірлер