Әлеуметке «Әлеуметтік кодекс» қажет пе?

4388
Adyrna.kz Telegram

2020 жылдың қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Әлеуметтік кодексті" әзірлеуді тапсырған болатын.

Президент өз сөзінде осы  "Әлеуметтік кодекске" қатысты былай деп пікір білдірген еді:

“Іс жүзінде бұл құжат азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жүйелеуге, олардың өзара міндеттемелерін нақты көрсетуге, сондай-ақ қазақстандықтарға берілетін минималды әлеуметтік кепілдіктерді: мектепке дейінгі тәрбиеден бастап азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға дейін анықтауға арналған”

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұрынғы министрі  Біржан Нұрымбетов өткен жылдың қазан айындағы баспасөз конференциясында кодекстің тұжырымдамасы 2021 жылдың екінші тоқсанынан кешіктірмей ұсынылатынын айтқан болатын.

Осы ретте аталған министрліктің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Ниязов Асқар Нұрланұлымен өткен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Асқар Нұрланұлы жалпы кодекстің тұжырымдамасын әзірлеу барысы туралы, оның қарапайым азаматтарға пайдасы, қашан қолданысқа енгізілетіні жөніндегі сұрақтарға жауап берді.

Президенттің тапсырмасына  сәйкес, "Әлеуметтік кодекстің" тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз. Тұжырымдаманы әзірлеу барысында 100-ге тарта сарапшылар тартылған болатын. Осы сарапшылардан жұмыс   тобы құрылды. Оның ішінде біздің азаматтық өкілдер, үкіметтік  емес ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік органдар мен Парламент депутаттарының өкілдері  қатысқан болатын. Енді осы жұмыс тобын құру барысында біз Қазақстан Республикасының аумағын аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде 500-ден астам ұсыныстар келіп түсті. Осы ұсыныстарды саралай отырып, біз "Әлеуметтік кодекстің" тұжырымдамасын әзірлеуге кірістік. Жалпы  Президенттің айтқан тапсырмасына сәйкес, осы әлеуметтік заңнаманы түсіндіру барысында халыққа қиындық туғызатын тұстары мен  азаматтардың өздерінің  құқықтарын толық білмейтіндігі ең басты назарда тұр.  Қазір елімізде әр түрлі жағдайға байланысты әр түрлі заңнама бар екені белгілі.

"Әлеуметтік кодекстің"  ең басты мақсаты - азаматтарға түсінікті етіп жазу және бүкіл әлеуметтік  қамсыздандыру саласын қамтитын заңнаманың барлығын бір кодекске жинақтау.

Қазіргі кезде осы әлеуметтік  салада 16 заң және 1 кодекс бар, осыларға  тәуелді 150-ге тарта құқықтық-нормативтік  актілер бар. Осылардың барлығын саралап,  зерттей отырып,  16 заң мен 1 кодекстің нормаларының барлығын бір әлеуметтік кодекстің аясында жинақтадық. Нәтижесінде тұжырымдалған, халық пен қарапайым  азаматтар үшін түсінікті тілмен жазылған  нормалардан тұратын заң қабылданады.

Осы тұжырымдаманы әзірлеу барысында құрылған жұмыс тобымен бірлесіп, әлемдік тәжірибені зерттеген болатынбыз.  Әлемдік тәжірибені зерттей келе, әлеуметтік кодекстің жалпы аналогтары көптеген елдерде жоқ екенін көрдік. Яғни дамыған Еуропа елдерін алатын болсақ та олардың көпшілігінде осы "Әлеуметтік кодекс"  қарастырылмаған.

"Әлеуметтік кодексті" енгізу  барысында әртүрлі тәртіптерге сүйену керек. Әр ел өзінің ұлттық заңнамасына, ұлттық қасиетіне және өзінің қажеттіліктеріне  икемдеп жасайды. Сол сияқты біздің "Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің" тұжырымдамасын әзірлеу барысында аталған  16 заң мен 1 кодекстің нормалары  түсінікті тілмен жазылады. Сонымен қатар азаматтар өз құқықтарын қорғау барысында әлеуметтік  мәселелерінің  барлығына жауапты сол кодекстен табады. Енді әлеуметтік заңнаманы әзірлеу барысында ол халыққа көрсететін әлеуметтік қызметтерді, мысалы, бала туылғаннан бастап қартаю шағына дейінгі  алатын әлеуметтік қызметтер кезең-кезеңмен бөлініп, жеке-жеке сараланады. Әр бапта, әр тарауда өздеріне сәйкес нормалармен  жазылады. Қазір өздеріңіз білетіндей, бала туған кезде берілетін, балаға қарағаны үшін, мүгедек балаға немесе мүгедек болған азаматқа берілетін жәрдемақылар бар, жұмысқа тұру бойынша, зейнетке шығу  сұрақтары, еңбек етіп жүріп белгілі  бір жағдайлармен еңбекке қабілетсіз болып қалатын жағдайлар, міне, осы және басқа да әлеуметтік сұрақтар әртүрлі заңнамамен қарастырылған. Енді осылардың барлығы бір "Әлеуметтік кодекстің" аясында  тізбектеліп,  тараулар мен бөлімдерге бөлініп жазылатын болады.

Құжаттарды әзірлеу барысында да жеңілдіктер болады. Мысалы, егер қандай да бір қызмет түрі азаматтарға көрсетілуі керек болса, мемлекеттік орган ол қызметті азаматтарға өздері ұсынады. Осындай тәсіл қолданылатын болады. Бұл енді бірден жүзеге аса қояды деп айту қиын, дегенмен көш жүре түзеледі деген бар ғой. Өзінің қиындықтары бар болса да, рет-ретімен жүзеге асырамыз.

Биылғы жылдың соңына дейін тұжырымдаманы толықтай әзірлеп, аяқтауымыз керек.  Кодекстің заңнамалық жобасы келесі жылдың соңына дейін Парламентке жолданады.

Осы күнге дейін осы "Әлеуметтік кодекстің" тұжырымдамасын әзірлеу туралы ашық айтылып жатыр. Егер де жұмыс тобына өз ынтасымен, өз еркімен қатысамын дейтін азаматтар болса, оларға шектеу жоқ, өтініштерін білдіріп, жұмыс тобының мүшесі бола алады. Әзірге көпбалалы аналар атынан жұмыс тобына қатысуға өтініш білдірген адам жоқ.

Қазіргі дағдарыс уақытында, азаматтардың көпшілігі экономикалық және психологиялық тоқырауды бастарынан өткізіп жатқанда оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау қажеттілігі арта түсуде. Сол себепті әлеуметтік мәселелерді оңай әрі тиімді шешу үшін жүйеленген, түсінікті тілмен жазылған  заңнаманың қабылдануы  үлкен бір жетістік болар еді.

 

Дайындаған: Ерке Жомарт,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер