«Қателігімді мойындаймын». Кешірім сұрау қылмыс пен жазаны жеңілдете ме?

2748
Adyrna.kz Telegram
Фото: Adyrna.kz
Фото: Adyrna.kz

Түрлі айыппен сотталғандар президент пен халықтан кешірім сұрап, бостандыққа шығуы қаншалықты әділетті? 

Соңғы кездері қозғалған істер тоқтатылып, немесе сотталып, жазасын жеңілдетілгендер туралы жиі айтыла бастады. Солардың арасында белгілі тұлғалар, немесе бұрынғы президенттің туыстары да бар. 

«КЕЗІНДЕ ТІСІМ БАТҚАН...»

Қыркүйек айының басында Қайрат Сатыбалды бостандыққа шықты. Ол бұған дейін сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін 6 жылға сотталған болатын. Алайда  сот оның шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырды. Қалған 3 жыл 3 ай мерзімді ол Алматыда пробациялық бақылауда өткізеді.

Сот үкіміне дейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қазақстанға жымқырған 783 млрд теңгенің активтерін қайтарып, халық пен президенттен кешірім сұраған еді.

«Қадірлі сот, қадірлі қазақ елі, кез-келген азамат үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік болуға тиіс. Халқымызда сөз бар, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген. Мен жасаған қателіктерімді мойындаймын. Маған қатысты қылмыстық іс бойынша мен органдарға көмектесіп бүкіл заңсыз қаржыны қайтарып жатырмын. Елден заңсыз шығарған активтерді қайтару елдің ырысын өзіне қайтару деп білемін. Бұл мемлекет басшысы қабылдаған маңызды шешімдердің бірі... Кезінде тісім батқан, ақысына кірген адамдардан және мемлекет басшысынан кешірім сұраймын», - деген болатын сотталушы.

Дегенмен, «мемлекет мүддесін биік қойған» Қайрат Сатыбалдының кешіріммен жазасын жеңілдетуі көптің ашуын тудырды. Бұл мәселе әлеуметтік желіде қатаң сыналды.  

«ХАЛЫҚ БИЛІККЕ СЕНБЕЙДІ»

Қоғам белсендісі, белгілі экономист Жанұзақ Әкім «Адырна» ұлттық порталына биліктің кешірім сұрағандарға жеңілдік жасауы халықты өздерінен алшақтататынын айтты.

 - Қазір мемлекеттің бар мүлкін жымқырып алып, кешірім сұрайтындар көбеюде. Бұл – Конституцияны белден басып, қылмыстың үстіне қылмыс жасап жатқандардың тірлігі. Дамыған, демократиялық елдерде азаматтардың барлығы заң алдында тең, - дейді ол.

 - 30 жылда былықтырдық. Соны жалғастырып жатырмыз. Біріншіден, коррупциямен күресуіміз керек, сол коррупциялық қылмыс жасағандарды, соттағандарды жеңіл жазалап, бостандыққа шығару бұл қылмысты он есе асырады. Ал оларды бостандыққа шығарғандар он есе қылмыс жасағандар деп есептеймін.Себебі, заңның үстінен басып шешім шығарып отыр. Бұл халықтың билікке сенбеуіне себеп болады, - деп қосты Жанұзақ Әкім. 

Айтуынша, бұл әрекеттер қоғамға билік өзінің функциясын орындамай отыр және  қылмыскер, олигархиялық-корупциялық топтардың жақтап отыр деген әсер беруі мүмкін. 

 - Егер билік елде тұрақтылық пен бірлік болғанын қаласа, мұндай рақымшылық жасай беруді қою керек. Әркім өз жазасын алып шықсын. Кейін басқаларға да сабақ болуы қажет, - дейді Жанұзақ Әкім.

«ШЫН ЖҮРЕКТЕН» ӨКІНУ

 «Шын жүректен» өкініп, жазасын жеңілдеткендердің ішінде Қайрат Сатыбалдыны түрмеден күтіп алған інісі Самат Әбіш те бар.  "Қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды" деп айыпталған ол 8 жылға шартты жаза алған. Судья сотталушының «жас балаларының барын және шын жүректен өкінгенін» ескеріп, шартты жаза берген. 

Сонымен қатар, «Қаңтар оқиғасы кезінде ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билікті асыра пайдаланды» деп айыпталған бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та шартты жазаға кесілген болатын.

Сотта прокурор айыптауды қолдап, соттан 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Сотталушының өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінгені айтылған. 

ОТҚА ЖАНБАЙТЫН, СУҒА БАТПАЙТЫН ӘЛИЯ НАЗАРБАЕВА

Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның утилизациялық алымға иелік ететін «ӨКМ операторы» компаниясының  халықаралық іздеуде жүрген бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтароваға да Біріккен Араб Әмірліктерінен экстрадицияланып, қарашада оған 7 жылға шартты жаза берілген. Ол 2018 жылы утилизация алымы жинағынан, 920 млн теңге мөлшерінде заңсыз дивиденд алды деп айыпталған.

Сондай-ақ, аталған компанияға қатысты 2023 жылдың 3 шілдесінде бұрынғы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов - 7 жылға, «ӨКМ операторы» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Людмила Коротенко - 7 жылға, «ӨКМ операторы» ЖШС-нің сол кездегі директоры Медет Құмарғалиев - 7 жылға және аталған мекеменің бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған. Сот оларға «бөтеннің мүлкін жымқырды» және «билікті асыра пайдаланды» деген айып тақты. Дегенмен, компанияның алғашқы құрылтайшысы болған Әлия Назарбаеваға айтарлықтай ауыр айыптар тағылса да, ешқайсысы қылмыстық іске ұласпады.

БІЛІП, БІЛМЕЙ ІСТЕГЕНДЕРГЕ РАҚЫМШЫЛЫҚ

Маусым айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қаулысы негізінде «мемлекетке опасыздық жасады» және «билікті басып алмақ болды» деген айыппен 18 жылға сотталған ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов те президенттен кешірім сұрады.  Алайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәсімовке рақымшылық жасаудан бас тартты.

Ал таяуда  ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығымен белгілі синолог Константин Сыроежкинге рақымшылық жасады. Нәтижесінде, оның соттылығы алынып тасталып, құқығы қалпына келтірілген.

Сыроежкин 2019 жылы Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлімі «Мемлекетке опасыздық жасау» бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Дегенмен, ол президенттен 2023 жылдың желтоқсан айында рақымшылық жасауын сұраған. Кейін 4 наурызда Сыроежкиннің шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартқаны туралы хабарланды. 

«МЕН КЕШІРІМ БЕРГІМ КЕЛМЕЙДІ...»

Белсенді желі қолданушысы Қуаныш Еділхантегі бұлай кешірім сұрап, құтылып кетуге өзінің қалай қарайтынын былай білдірген.

«Мысалы, айталық, Тартыпалды деген біреу ТВ арқылы бүкіл қазақ халқынан кешірім сұрады делік. Қазақ халқы деген соң оған мен де кірем, бірақ мен кешірім бергім келмейді. Жалғыз мен емес, қазақ халқының басым бөлігі кешірімің не, тіпті әлгі Тартыпалдыны көргісі де келмейді делік, сонда не болады? Бұл тек жәй формализм болып шықпай ма? Ендеше, сұрап не керек? Мұның сот жазасын жеңілдетуге қаншалықты қатысы бар? Сондай-ақ сепаратистер ауыздарына келгендерін құсып, артынан кешірім сұрап жазадан құтылып кетіп жатады, ондайдың әлденешеуіне куә болдық. Сонда бұл қалай? Осы процедура заңды ма? Заңды болса, ол қылмыстық Кодексте қалай қаралған? Арнайы жүйесі бар ма? Кешіреміз, немесе кешірмейміз деген сияқты қандай да бір реакция болуы керек, оны фиксация жасайтын орган болуы керек шығар? Сондай-ақ президенттен кешірім сұрап құтылып кету ше? Оған сондай құқық берілген бе? Берілмесе ендеше бұрын осылайша құтылып кеткендерді қайта қамау керек шығар?» деп жазған болатын. 

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖАСАУҒА ҚҰҚЫ БАР»

Бұл сұраққа белгілі заңгер Шыңқуат Байжанов жауап берді. Ол мәселенің моральдық қыры бар екенін баса айтқан.

 - Халықтан кешірім сұрау деген заң жоқ. Бірақ президенттің рахымшылық жасауға құқы бар. Бірақ ол да арнайы талқылаудан өтіп барып қабылданатын акт. Ал Қаңтардағы қанды қырғынға тікелей қатысы бар Самат Әбішке 8 жыл шартты жаза беру, экс-министр Тұрғынбаевқа 5 жыл шартты жаза беру, Әлия Назарбаеваның адамына бірнеше миллиард утиль алымның ақшасын жегені үшін 6 жыл шартты жаза беру, жемқорлықпен сотталған Бергей Рысқалиевтің миллиард дүниесін тәркілемей қайтарып беруі, Сатыбалдыны мерзімінен бұрын шартты жазамен босату барып тұрған заңсыздық, әділетсіздік, - дейді заңгер.

Қолында билігі барлар кешірім сұрап, жазадан құтылуды әдетке айналдырса, халық та соған әуес болады деген пікірлер де айтылып жатады. Желіде білгенін айтып, қоғамды дүрліктірген түрлі әрекетінен кейін халықтан кешірім сұрап жататындар көп. Тұрғындарға дөрекі сөйлеген шенеуніктер де, төбелескен оқушылар да,  даңдайсыған сепаратистер де  кешірім сұрап тезірек құтылуға қам жасайды. Мұндайда оларға жаза қандай?

  - Істеген қылмысынан кейін кешірім сұрайтындар көп. Дегенмен, оларға заң бойынша жаза бар. Қылмыстық кодекстің 131 бабы бойынша, адамның ар намысына тиетін сөздер айтып, қорласа және соған дәлелдер болса, сот сараптамасы тағайындалып заң бойынша жауапкершілікке тартылады. Қорлау фактісі бойынша 100 айлық есеп көрсеткіште айыппұл немесе 120 сағатқа дейінгі мерзімде қоғамдық жұмыстарға тартуы мүмкін. Ал егер әлеуметтік желі арқылы адамның ар-намысына тиіп, балағат сөздер айтса, 200 айлық көрсеткіште айыппұл салуға немесе 180 сағатқа дейін мерзімдік қоғамдық жұмысқа тарту қарастырылған. Ал әрбір қылмыстық іс бойынша айыпталған адамдар заң бойынша жазалануы керек, - дейді белгілі заңгер Тілеужан Кішкенбаев. 

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер