Қырғыз-тәжік қақтығысы: Шекарада не болып жатыр?

3225
Adyrna.kz Telegram

Қырғыз-тәжік шекарасында басталған жанжалға нүкте қойылды. «Адырна» ұлттық порталының тілшісі екі ел арасындағы қақтығыстың неден басталып, оқиғаның қалай өрбігенін баяндайды.

Атыс неден басталды?

28 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасында қақтығыс болды. Қақтығыс кешкі уақытта тәжік тарапы Қырғызстанның Кок-Таш ауылына жақын жердегі бағанаға бейнебақылау камерасын қоймақ болғанынан басталған. Тәжікстандықтар камераны суды әділетті бөлу процесін бақылау үшін қойған. Жергілікті тұрғындар бақылау камерасын алып тастауды талап етіп, ізінше келіспей қалған. Нәтижесінде қос тараптан 100-150 адам бір-біріне тас лақтырған.

Ал 29 сәуірде екі ел арасындағы жағдай ушығып, атыс басталған. Олар атыс барысында автомат және пулемет қолданған деген фактілер бар.

Қарулы қақтығысты қай елдің бастағаны белгісіз. Қырғыз елінің өкілдері тәжікстандықтар жанжалды бірінші бастады десе, Тәжікстан тарапы қырғыз елінің тәжік шекарашыларына оқ атып бастағанын айтты.

Қанша адам зардап шекті?

Бүгінгі мәлімет бойынша қақтығыс салдарынан Қырғызстаннан жалпы 183 адам зардап шеккен. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ализа Солтонбекова хабарлады. Зардап шегуші 99 адамның 56-сы Бішкек медициналық мекемелерінде емделіп жатыр. Ал қайтыс болғандар саны 35-ке жеткен.

Ал Тәжікстан үкіметі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Десе де Sputnik Тәжікстан секілді жергілікті басылымдар әзірге расталмаған ақпарат бойынша, қаза тапқандар саны 20-ға жетуі, ал жарақат алғандар 160 болуы мүмкін дейді.

Қырғыз-тәжік қақтығысы аяқталды ма?

Қос тарап атысты толығымен тоқтатып, әскерлерді шығаруға келісті. Екі елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеттерінің басшылары осы ақпарат төңірегінде мәлімдеме жасады.

1 мамыр күні Қырғызстанның Баткен облысында келіссөздер өтті. Жиынға Тәжікстан МҰҚК басшысы Саймумин Ятимов пен Қырғызстан МҰҚК басшысы Қамшыбек Ташиев қатысты. Олар екі мемлекеттің шекарасындағы атысты толық тоқтату туралы келісімге келді.

Кездесу кезінде қос тарап шекарадағы жанжалды шешуге байланысты іс-шаралар туралы пікір алмасты. Ятимов барлық мәселелерді тез арада шешуге жұмыс жасайтындығын, халықтың достық пен түсінікте өмір сүретіндігін айтты. Ал Ташиев екі елдің мүддесі үшін төрт тармақтан тұратын хаттама қабылданғанын тілге тиек етті.

Тоқаев қақтығысқа қатысты пікір білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз-тәжік шекарасындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.

«Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік шекарасындағы қарулы қақтығыс туралы ақпаратты асқан алаңдаушылықпен қабылдадым. Қырғыз бен тәжік халықтары біздің бауырларымыз, тарихымыз бен мәдени құндылықтарымыз ортақ», - делінген мәлімдемесінде.

Сонымен қатар президент Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығы даналық танытып, даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешетініне сенетінін айтты.

«Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын», - деді Тоқаев.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер