Мәди Ахмет "Жұрттың баласымен" дебатқа шыға ма?

4406
Adyrna.kz Telegram

Мәжілістің ең жас депутаты Мәди Ахмет «Жұрттың баласы» лақап атымен танымал блогер Мұрат Даниярдың шақыртуын қабыл алды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Жақында Мұрат Даниярдың жіберген шақыруын көрдім. Оның алдында, өзінің жеке видеоканалында жасотандықтар туралы еш негізсіз ақпараттардан құралған материалмен бөлісті. Мен туралы жазғанына мән бермесем де, әріптестерім туралы айтқанына шыдау мүмкін емес.

Кей азаматтар өзінің саяси амбициясын іске асыра алмай, оны тек өзгелерді даттау арқылы жасағысы келеді. Бірақ, ел басына қиындықтар туған кезде, жоқ болып кететінін өз көзіммен талай көрдім.

Менің жас белсенді достарымның істерін ел көріп отыр. Жасалған істер туралы пікірталас алаңында шегелеп айтамын. Айтылған сөз, атылған оқпен тең!»– деді депутат.

Ол дебат шарттарын да атап өтті. Біріншіден, пікірсайыс міндетті түрде LIVE, тікелей эфирде өтуі тиіс. Екіншіден, дебат танымал, қазақтілді аудиториясы бар, кәсіби тілшінің YouTube каналында ұйымдастырылуы керек.

Алайда блогер Instagram желісіндегі ресми парақшасында орыс тілінде сөйлейтінін атап өтті. Мұрат Даниярдың пікірінше, халықты тілге байланысты бөлуге болмайды.

Пікірсайыстың нақты қай күні болатыны әзірге белгісіз.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер