Шымкенттегі «Ustudy» орталығында бүгін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың төртінші қорытынды кезеңі өтіп жатыр. Оған қоғамдық, гуманитарлық бағыттар бойынша - 48 оқушы, жаратылыстану, математикалық бағыттарында 55 оқушы қатысуда. Оның ішінде 3 оқушы – Нұр-Сұлтан қаласынан, 15 оқушы - Назарбаев Зияткерлік мектебінен қатысып жатыр. Елдегі пандемия жағдайын ескере отырып, республикалық олимпиада «Ustudy» орталығының ғимаратында барлық санитарлық талаптар сақталып өткізіліп отыр.
Биылғы олимпиаданың басты жаңалығы «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасы бойынша ұйымдастырылуында. Олимпиаданың тапсырмалары әр кезеңнің басында бір уақытта ұсынылады және сол тапсырмаларға әрбір қатысушыға жеке қол жеткізу коды беріледі.
Сайыс аяқталғаннан кейін қатысушылардың сканерленген жұмыстары шифрланып, қазылар алқасының мүшелеріне тексеруге жіберіледі. Әрбір кезең аяқталғаннан кейін қатысушылар жұмыстарының сканерленген көшірмелері «Дарын» орталығы интернет-ресурсында олардың жеке деректерінсіз орналастырылады. Тапсырмалар бойынша дұрыс жауаптар және олимпиаданың нәтижелері көрсетілген хаттамалар да «Дарын» орталығы сайтында жарияланатын болады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі