1 мамырда туған...

686

(Мамырға маталған сәуірдің сәбилері хақында)

Жалпы, біршама тойшылдау һәм ептеу мерекешілдеу жұрт екеніміз рас қой. Сондықтан болса керек, жақын-жуық, ағайын-туыстың біразы туған күндеріне дейін белгілі бір мерекеге орайластырады. Шындығында да шаттығы мол шуақты мейрам күндері өмірге келгендер өте көп. Әсіресе, айтулы екі мерекеде – 1 қаңтар мен 1 мамырда дүние есігін ашқандар жетіп артылады.

Әрине, біздің біріншімайтанушы немесе туғанкүнтанушы емес екеніміз айдан анық. Дегенмен, бұл тақырыптың да тұмсығын түрткілеп көрейікші.

1 мамыр... Бұл мерекені жер шарын мекендеген бүкіл халықтың үштен екісі тойлайды. Көптеген мемлекеттерде мамырдың бірінші күні еңбек мейрамы ретінде сипатталады. Ертеректе жұмысшылардың түрлі ереуілдері нақты осы күннен бастау алған деседі. Сол 1 мамыр он тоғызыншы ғасырдың аяғынан бері жалпыға бірдей елдік дәстүрден тыс қалып көрмепті. Тек әр елдегі атауы әр түрлі. Баяғыда, Италияда Муссолини билік құрған дәуірде 1 мамыр 21 сәуірге ауыстырылыпты. Мерекені тәуір көрсе де, мамырдың бірін онша ұната қоймаған диктатор бүлікшілердің бас көтеруін еске салатын бұл күнді бері қарай жылжытып әкеліпті. Бақандай жиырма күнге... Кешегі Кеңес Одағы кезінде жұрт біткен алаулатып-жалаулатып, ерулетіп-шерулетіп жүріп тойлайтын мейрамның көкесі осы еді. Тегінде, 1 мамырдағы туған күндердің қатар тұрған сәуірмен сабақтастығына да осы секілді түрлі мысалдар арқау болды-ау деймін.

Сонымен, 1 мамыр... Бұл күні тұлғасы тарихымызға таңбаланған, елімізге еңбегі сіңген бірқатар белгілі кісілер дүниеге келіпті. Ойымызға түскенін ғана айтайық... Атақты суретші Қанафия Телжанов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Нина Қаюпова, Елеусін Сағындықов, Розақұл Халмұрадов, академик-философ Әбдімәлік Нысанбаев, мәдениет майталманы Үмітхан Мұңалбаева, оқалы генералдар Ардақ Әшімбекұлы мен Мейрам Аюбаев, жастайынан жоғары қызмет істеп, биікке ұмтылған егіз ару Әсел және Әсем Нүсіповалар және басқалар дүниенің дидарын 1 мамырда көрген. Сонымен қатар, үлкен-кішіні ірілі-ұсақты жаңалық-хабарлармен жұртты үнемі азықтандырып отыратын, елінің қатары есепсіз, халқының қатары қисапсыз Фейсбук патшалығының тұрақты тұрғындары – белгілі актер, желтоқсан қаһарманы Мейрам Қайса, аса дарынды айтыскер қызымыз Айнұр Тұрсынбаева, асылдың сынығы, тектінің тұлпар боп туған тұяғы Арнұр Көшенеев, ұлағатты ұстаз, парасатты педагог Айсұлу Тәсімова, танымал журналистер Мейрам Жанәділов, Мейрамбек Шілдебаев, Нұрбол Алманов және басқалар мамырдың алғашқы күнінде жарық әлемге жол ашқанын әлеуметтік желі желдей есіп, түн ортасынан бері тынбай мәлімдеп жатыр...


1 мамыр күні кіндік қаны тамған шетелдіктер де баршылық. Орыс жазушысы Виктор Астафьев, актер Сергей Захаров, тележурналист Елена Ханга солардың қатарында. Тіпті, бір кезде қазақ жерінде екі-үш жыл жұмыс істеп, кейін ел-жұртты қанды қырғынға ұшыратқан, есімінен ел шошитын Ежовқа дейін көзін дәл осы күні тырнап ашқанға ұқсайды.

Бірақ... бір қызығы, сол 1 мамырда туған кісілердің көбісі шындығына келгенде... 1 мамырда тумаған. Не оған дейін, не сәл кейін... Бұл да қазақтың бір дәстүрлі дағдысы. Себептері әр түрлі. Біреу туу туралы құжатты кеш алады. Екіншісі жаңа туған перзентінің мекен-жайы ауылдық кеңестің орталығынан алыста болуын сылтауратады Үшіншісінің куәлікті толтыруға барып келетін уақыты немесе жіберетін адамының реті болмайды. Төртіншісіне бесікте жатқанына бес-алты тәулік болған баласының жай күннен гөрі мерекеде туғаны тиімдірек һәм беделдірек сияқты көрінеді. Әйтеуір, желеу көп. Бірде ел жақтағы бір әжеміз немересінің атын жаздырып, куәлік алып келу үшін ауданға барыпты. Тіркеу мекемесіне кірсе, сол күні қас қылғандай, үстел басында бір орыс келіншек отырады. «Әже, қыз баланың атын кім қоясыз?» деп сұраса, әлгі апамыздың ойлап келген есімі қапелімде есіне түспейді. Сосын бар орысшасын жинап, ұмытып қалғанын айтқысы кеп, «Ой, зәбила...» дейді ғой. Орыс келіншек сөзге келместен куәлікке Зәбила деп жазып беріпті. Сол Зәбила Өтепбергенқызы – қазір ковидпен күресіп жүрген білікті дәрігерлердің бірі. Сондай-ақ, осындай тосын жәйттерге байланысты көптеген адамның аты ғана емес, туған күндері де жаңсақ жазылып кеткен. Бұл мәселенің 1 мамырда дүниеге келгендерге де қатысы бар...

Мәселен, жақын араласататын адамдарымның өмірінен-ақ мысал келтіріп көрелік. Сонау студент кезімнен қатар келе жатқан үзеңгілес достарым, сөз өнерінің зергерлері Бауыржан Жақып, Айткен Есдәулет, Амантай Шәріп және Амантайдың үйіндегі майысқан Мира келінім құжат бойынша 1 мамырда туған. Ал енді осылардың ішінде дәрі-дәрмектің білгірі, біздің ибалы келін – Мира Омардан басқасы 1 мамырда тумаған. Баукең 27 сәуірде, Айтекең 29 сәуірде, Амантай 30 сәуірде өмірге келген. Бұл тұрғыда ата-анасының ауызша куәлігі өз алдына, қай нәрсеге де ғылыми ұстаныммен келетін Амантайдың бұлтартпас дәлелі бар. Туу туралы құжатын толтырған кісі ет қызуымен 30 деген цифрды жазып жіберіп, іле-шала үстінен сызып тастапты. Алайда оның сол асығыс қимылының ізі куәліктің бетінде қалып қойған. Егер журналист емес, криминалист болса да тәп-тәуір жұмыс істеп кете беретін қисынтанушы Амантай соны ақылмен аңдап, біліммен барлап біліп отыр.

Бірінші мамырдың табиғаты секілді мінезі өте жайдары, адам баласына ешқашан жамандық ойламайтын ақкөңіл Сүлеймен Мәмет ағам да құжат бойынша дәл осы күні туған. Ал шындығына келсек, ол кісі «Еншалла, ырыздықтан кенде болман, Келіппін дүниеге қоңыр күзде» деп Мұрат Мөңкеұлы айтқандай, нағыз қоңыр күзде, яғни, 28 қыркүйекке туыпты. Негізі, қара сөздің хас шеберлері Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкейді халқымызға тарту еткен 28 қыркүйек қай күннен кем?! Бірақ мерекешілдік пе, әлде құжатты кеш алу дәстүрі ме, кім білсін, үйдегі үлкендер Сүлеймен ағамның да туу туралы куәлігіне 1 мамырды жақсылап тұрып қондырған. Несі бар, «Мынау да жүре берсін...» дегендей, бұл да бір тәуір күн!

Ұмытпасам, күні кеше ғана өмірден өткен тележурналистиканың тұйғыны Нұртөлеу Иманғалиұлының да екі туған күні бар еді. 1 мамыр және 14 мамыр. Қайсысы шын туған күні екені есімізде жоқ. Біреуі қағазда, біреуі санада... Тағы бір іні-досым, жақында ғана ел-жұртты елең еткізіп, оқырманға «От пен су» деген ерекше романын ұсынған Иманғазы Нұрахметұлының туған күн хикаясы тіпті қызық. Қытай жерінде туған Имекемнің құжаттарын толтырған адам оның туған күнін класындағы басқа бір баланың туған күнімен шатастырып алып, қолма-қол алмастырып бере салыпты. 1967 жылы 1 мамырда кіндігі кесілгені Аллаға аян Иманғазы әлі күнге дейін құжат бойынша қадасы қағылған 1966 жылғы 14 сәуір деген туған күнмен біте қайнасып келеді. Өмірдің өткелектерінен өтіп, талай от пен судан аман келе жатқан жігерлі жігіт өзге мемлекетте баяғыда қатталған құжатын енді қалай ауыстырмақ? Сөйтіп, талай сәуір талай мамырдың соңынан қалмай үнемі ілесіп келеді.
Құжатына 1 мамыр қонжиған өзіміз де «оңып» тұрған жоқпыз. Көк жүзіне алғаш рет адам аттанған айтулы оқиғадан кейін тура бір жыл өткенде ажары айдай, шаңдағы майдай, күн сәулелі Қаратереңнің топырағында туған бізге де ғарыш әлеміне, ғарышкерлердің тұлғасына, галактиканың қыр-сырына байланысты түрлі есім қою жөнінде бірқатар мәселелер қозғалып, соның бәрі туған күнімізді бұдан да танымалдау мерекеге телумен аяқталған көрінеді...

Ай, осы заманы бертіндеу уыздай жас жігіттер шынымен-ақ 1 мамырда туған шығар деп айрықша талантты інім, Гарвард университетінің түлегі Рауан Кенжеханұлына хабарластым. Жақсы әке мен ардақты ананың, ел-жұртының үмітін ақтап, інілігін де, ірілігін де көрсетіп жүрген парасатты перзентті құттықтап, ағалық ақ тілек айттым Сөйтсем, біздің Рауан да 1 мамырда емес, 30 сәуірде дүниеге келіпті... Мейлі, бәрібір 1 мамыр оның да құжатын айшықтап, ажарын ашып тұр. Біз сенен бәрібір безіне қоймаспыз, бірінші мамыр!

Жарайды, тағдыры 1 мамырмен тамырласып кеткен ағаларым мен әпкелерім, інілерім мен қарындастарым, жүректе жатталған, құжатта қатталған бүгінгі туған күндеріңіз құтты болсын! Бәріңізге де аман-саулық тілейміз!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер
Редакция таңдауы