Құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде

3998
Adyrna.kz Telegram
Суретті түсірген Ерлан Әлиасқаров
Суретті түсірген Ерлан Әлиасқаров

Соңғы жылдары жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынына қарасақ, аудан экономикасының дамуында осы салада жақсы үрдістің барына куә боламыз. Құрылыстың көбеюі әлеуметтік мәселелерді шешіп, бой көтерген тұрғын үйлер, жаңа мектептер мен балабақшалар, дәрігерлік амбулаториялар, демалыс орындары жергілікті тұрғындардың игілігіне жарап, жұмыссыздық деңгейінің азаюына да өз үлесін қосары сөзсіз. Өткен жылдағыдай биыл да ауданымызда осындай онды жұмыстар жалғасын тауып, бірқатар маңызды нысандардың іргетасы қалануда.

Осы ретте біз аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Бақытжан Машраппен бірге бірқатар округтерде болып, салынып жатқан нысандарды аралап өттік.

Баспана мәселесі шешілуде

Халықтың тұрмыс жағдайын жақсартатын көрсеткіштерінің бірі тұрғын үймен қамтамасыз ету екені белгілі. Оның үстіне әр қазақтың баспанасы тек тұратын үйі ғана емес, сондай-ақ, жақындарын күтіп, қонақ қабылдар құтханасы, киелі қара шаңырағы екені анық. Осы ретте біздің ауданымызда жер телімдері беріліп, биыл бірқатар жеке тұрғын үйлердің құрылысы ауқымды түрде жүргізілуде.

Мәселен, ауданымызға қарасты Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт мектебінің маңына жақын орналасқан жердің аумағында 20 сатып алу құқығынсыз жалға берілетін, жер үйдің құрылысы жүргізілуде. 262 млн. 404 мың теңге қаржы қарастырылған бұл құрылыстың аяқталуы ағымдағы жылдың мамыр айына жоспарланған. Жалпы, 1,3 гектар аумақты алып, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан бұл үйдің жобалық-сметалық құжаттары 2019 жылы «АРС ЛТД» ЖШС-мен әзірленіп, осы жылдың қаңтар айында мемлекеттік сараптамадан сәтті өткен еді. Мақұлданғаннан кейін оның құрылыс жұмыстары «АС-Строй» ЖШС-не беріліп, құрылыс компаниясы өткен жылдың тамыз айында жұмысын бастап кетті.
64 шаршы метр жерді алатын үйдің барлығы дерлік үш бөлмелі. Оған қоса әр үйдің қасында қосалқы заттарды қоюға арналған қосымша сарайшық та салынған. Мұнан бөлек, адамдардың қолайлылығы үшін инфрақұрылым (жер асты қазандық, су, газ, жарық жүйелері) нысандарыныңда құрылыстары аяқталды. Ал, бүгінде көшелер жасалуда.

Сонымен қатар, «Алматы – Бішкек» күре жолына жақын орналасқан Әйтей ауылына қарасты «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінде 30 га. жер телімінде екі қабатты «таунхаус» стилінде салынған 520 пәтерлік 130 үй бой көтеруде. Жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге 18,85 млн. теңге қаражат бөлінген бұл үй бүгінде үш кезеңмен салынып жатыр. Нақтырақ айтқанда, жалпы 9 млрд. теңге қаражат бөлінген құрылыстың екінші кезеңі 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталып, 50 үй салынды, осы жылдың маусым айында бітетін үшінші кезеңде 50 үй салынады. Ал, төртінші кезең ағымдағы жылы басталып 30 үй бой көтеретін болады.
Бақытжан Абутұрапұлының айтуынша, тұрғызылып жатқан үйлер уақтылы салынып, әрі сапалы болуы үшін оның құрылыс жұмыстарын «Корпорация Ақ Орда» ЖШС, «Казстройподряд» ЖШС, «Данекер» ЖШС, «УМР-6» ЖШС сияқты бірқатар компаниялар жүргізіп жатыр. Бұл таунхаустың бір ерекшелігі, мұнда бір үй төрт отбасына арналған. Әр отбасының өзінің жеке бақшасына арналған жер аумағы бар, оған қоса, әр үйдің алдында кішігірім автотұрақ та орналасқан. Жоғарыда айтып өткен Шамалған ауылындағы үйлердегі сияқты мұнда да жерасты қазандық, су, газ, жарық жүйелері толықтай жүргізіліп, бүгінде құрылысшылар жолдарды асфальттау жұмыстарын жүргізуде.
Алдағы уақытта мұнда мектеп, балаларға арналған ойын алаңдары мен саябақ салынатын болады.

Доланда 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салынып жатыр

Ауданымызда тұрғын үйлердің құрылысынан бөлек, әлеуметтік ғимараттардың құрылыс жұмыстары да қарқынды жүруде. Сондай нысанның бірі – Райымбек ауылдық округіне қарасты Долан ауылындағы дәрігерлік амбулатория.

«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында салынып жатқан дәрігерлік амбулатория құрылысына облыстық бюджеттен 296,295 млн. теңге бөлінген болатын. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Голден Сити» ЖШС-гі жүргізіп жатқан заманауи бір қабатты медициналық мекеме ауысымында 25 адамды қабылдай алады.

Алғашқы көмек көрсетуге барлық жағдай жасалып, арнайы аспаптармен жабдықталған емдеу, екпе бөлмесі, тіс дәрігері, гинекология, терапевт кабинеттері бар мекеменің құрылыс жұмыстарын аяқтау ағымдағы жылдың мамыр айына белгіленген.

Үштерек ауылында мектеп салынып жатыр

Ауданның әлеуеті артып, өсіп-өркендеуімен қатар, халық саны да едәуір артуда. Осы орайда түрлі салада көкейкесті мәселе де туындайтыны анық. Бұл ретте жылдан-жылға өсіп келе жатқан тұрғындардың мектепке деген қажеттілігін өтеу маңызды екені белгілі. Сондықтан аудан әкімдікгі бұл мәселені күн тәртібінен түсірген емес. Бүгінде ауданымызда білім саласы бойынша үш ауысымдылықты жою мақсатында мектептердің де құрылыс жұмыстары жақсы жалғасуда.

Мәселен, ағымдағы жылы қолданысқа берілетін Жамбыл ауылдық округіндегі екі ауысымды мектеп солардың қатарына жатады. Өткен жылдан бастап құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «СП NEFT» ЖШС жүргізіп жатқан 450 орындық мектептің салынуына жалпы 1 млрд. 289 млн. теңге қарастырылған. 2,2 гектар аумақты алатын үш қабатты білім ұясының жұмысы биыл аяқталып, қолданысқа беріледі.

Сонымен қатар, Әйтей ауылдық округінің Үштерек ауылында да биыл 600 орындық жаңа мектеп бой көтеретін болады. Екі гектар аумақта құрылысын мердігер мекеме «Ақорда» ЖШС-і жүргізіп жатқан білім мекемесі үш қабатты болмақ. Облыстық бюджеттен 2 млрд. 006 млн. теңге қаражат қарастырылып, оның құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарлауда.

Екі мектептің аумағында дене шынықтырумен айналысуға арналған стадиондар мен ойын аландары салынатын болады.

Иә, елімізде орын алған күрделі жағдайға қарамастан, ауданымызда құрылыс саласы өркендеп, көптеген әлеуметтік нысандар салынғанын жоғарыда саралап шықтық. Бұл күн санап көркейіп, жаңарып, жасарып келе жатқан ауданымыздың дамуына үлкен ықпалын тигізетіні анық.

Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

Пікірлер