Несие қарызының мәселесі сенатта талқылануда

5595
Adyrna.kz Telegram

Сенаторлар банктік, микроқаржы және коллекторлық қызметті реттеу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды  «Адырна» ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Азаматтардың қарыз ауыртпалығының одан әрі өсуіне жол бермеу және несиелеудің өсу қарқынын оңтайландыру басты мәселе болып отыр. Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті кеңейтілген отырыста қарастырған заң жобасы дәл осы мәселені қамтамасыз етуге бағытталған», - делінген Сенат баспасөз қызметінің мәліметінде.

Комитет төрайымы Ольга Перепечина заң жобасының міндеті қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту, атап айтқанда банктік заемдар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен қарыздарды өтеудің бірыңғай құқықтық режимін енгізу екенін атап өтті. Яғни, борышкерге проблемалық қарыз туындаған кезде уәкілетті органға жүгіну құқығын беру, сондай-ақ проблемалық несиелер бойынша несие туралы ақпаратты сақтау мерзімін 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарту мәселелері сөз болды.

«Заң жобасы банктердің сыйақыны, тұрақсыздық айыбын және басқа төлемдерді төлеу жөніндегі талаптарына, проблемалық қарыздар туындаған кездегі барлық ипотекалық несиелер бойынша, мерзімі өткен сыйақылар әрі басқа төлемдер бойынша талаптарға тыйым салуды белгілейді», - деді Ольга Перепечина. Құжат, сонымен қатар, коллекторлық қызмет туралы заңнаманы жетілдіруді көздейді.

Борышкермен тіркелмеген телефон нөмірлерін коллекторлық агенттікпен өзара әрекеттесуге тыйым салу және борышкермен жұмыс кезінде дыбыстық және бейнежазбаны жүзеге асыру бойынша міндеттемелер белгілеу ұсынылды. Заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары әзірледі.

 

 

Пікірлер