Шымкенттік дәрігер-лор эндоскопиялық әдіспен ота жасауда

3465
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігері Асхат Хамидулин лор ағзаларға эндоскопиялық әдіспен ота жасауда.

2019 жылы ашылған оториноларингологиялық бөлімінің құрылуына дәрігердің өзі атсалысқан. Еліміздегі санаулы отоневрологтардың бірі - Асхат Хамидулин бүгінде аталған бөлімнің меңгерушісі.

Дәрігердің айтуынша, жаңа әдіспен жасалған отаның ерекшелігі науқастың денесіне пышақ тигізбей, тек аппараттың көмегімен жүзеге асады екен. Бұл пациенттердің стационарлық емін де жеделдетеді екен.
«Бұл отаның тиімді жері – мұрынның қуыстарына денені тілмей бара аламыз. Есту қабілеттерін жақсартатын және мұрынмен демалуды қалпына келтіретін операциялардың барлық түрін жасаймыз. Тамақты да емдейміз. Өз тәжірибемде офтальмолог және нейрохирург дәрігерлерімен тығыз жұмыс жасағандықтан көз каналдары арқылы да ота жасаймыз»,-дейді маман.

Медицина саласында он жылдан астам еңбек өтілі бар дәрігер оториноларингологиялық ауруларды хирургиялық операцияның көмегімен емдеуге болатынын айтады. 2019 жылдан бері 200-ден астам науқасқа операция жасалған. Дәрігер тұрғындарға смартфон сынды жаңа технологияны қолданғанда денсаулыққа келер зиянды әрекеттен қорғануды ұмытпауға шақырды.

Лор бөлімінің ашылуы науқастармен қатар, жас мамандардың тәжірибе алаңына айналды. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының резиденттері осы бөлімде білімдерін шыңдап жүр. Бұған дейін құлақ пен мұрынға қатысты оталар Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жасалып келсе, енді шымкенттіктер де қаладағы №1 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлерінің көмегіне жүгіне алады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

 

Пікірлер