Зейнет жасына жақындағандарға жұмыс тауып беру жобасы іске қосылмақ

2636
Adyrna.kz Telegram

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнет жасына жақындаған қызметкерлерді қолдау бойынша жаңа жобаны қолға алып жатыр. Ол бойынша мемлекет егде жастағы жұмысшылардың еңбекақысын субсидиялайды. Бұл туралы брифингте вице-министр Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап. 

Ол зейнетке әлі шықпаған егде жастағы адамдардың жұмыс табуы қиын екенін атап өтті. Осыған байланысты ведомство "Күміс жас" атты жаңа жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.

"Ол бойынша біз екі жыл бойы, зейнетке дейін жұмыс берушіге еңбекақының белгілі бір көлемін өтейміз. Қазір бұл мәселе пысықталып жатыр, ұсыныс қолдау тапты. Бізде нақты цифрлар, болжам бар. Енді осы мәселелерді шешу керек", – деді Біржанов.

Айтуынша, 40-45 жастағы адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша ешқандай проблема жоқ. Бұл санат еңбек нарығында өте белсенді саналады.

Вице-министр оқуды енді бітірген жастар да көпке дейін жұмыс таба алмай қиналатынын айтты.

Министрлік жастар үшін "Жастар практикасы" және "Алғашқы жұмыс орны" атты жобаларды әзірледі.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентті құрайды. Яғни, 449 мың адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.

Пікірлер