Қазыбек Иса. Елімізде алаш көсеміне лайық бір көше де болмауы - аруаққа қиянат!

3385
Adyrna.kz Telegram

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса "Ақ жол" партиясы фракциясы атынан Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Е.Л.Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. 

Құрметті Ералы Лұқпанұлы! 

   «Ақ жол» партиясы фракциясы биыл 3 наурызда «Алаш қайраткерлерін ұмыт қалдыру - саяси әділетсіздік» атты өзіңізге депутаттық сауал жолдағаны белгілі. Онда ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысының өңірлердегі қайраткерлерінің есімдері ұмыт қалып, ешқандай есте қалдыру шаралары жасалмай отырғаны айтылған еді. Енді анықталып жатқандай, ел ішіндегі елеусіз қалғандар тек Алаш қайраткерлері ғана емес,  Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш көсемдерінің өздері де лайықты ұлықталмай жатқанына көз жетіздік.

       Биыл Орта Азиядағы тұңғыш саяси партия «Алаш» партиясын құрып, Алаш Орда үкіметін басқарған энциклопедист-ғалым Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынуымен Тәуелсіздіктің 30-жылдығы бағдарламасына енгізілді.

Таяуда 31 наурызда Түркістан Декларациясын қабылдаған  Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі саммитінде Түркі кеңесі мемлекеттерінің басшылары Тұранның ұлы тұлғаларының ішінде Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойын да  атап өту үшін іс-шаралар өткізуге шешім қабылдады.

Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын ЮНЕСКО тойлаған 2016 жылдан бері жыр болып келде жатқан Қарағандыдағы Октябрь ауданы енді Әлихан ауданына айналды!  Алаш ақыры Октябрьді жеңді! 

Бұл қадамдардың бәріне әрине, шүкіршілік айтамыз. Дегенмен, бірақ Әлихан Бөкейхан атында еліміздің астанасынан бастап, барлық облыс орталықтарында да, үлкен қалаларда да  ешқандай Алаш көсемінің атына лайықты көшелер жоқ екені анықталды.

Астанамыздан бастасақ, Бөкейхан көшесі орталықта емес,   ол елеусіз көшені көбінесе «Мәңгілік ел» көшесіндегі кептелістен қашқан жүргізушілер жақсы біледі.

Алматыдағы Бөкейханов есімі берілген көше орталықтан шет, өндірістік ауданда және ел «Барахолка» атап кеткен базар  артындағы қуыс-қуыста орналасқан.

    Шымкенттің шетіндегі Тассай ауылының тасасында қалған Бөкейханов көшесінің ұзындығы  500 метрдей ғана,  жиырма шақты үй орналасқан, тіпті жарық  та жоқ. Сол маңайдағы адам атауынсыз көшелердің ұзындығының өзі  одан көп артық.

2017 жылы Алаштың жүз жылдығында Шымкентте Лениннің ескерткішін қалпына келтіруге 103 миллион теңге бөлінгенде «Қазақ үні» газетінде «Шымкентте Лениннің емес, Әлиханның ескерткіші тұруы керек!» деп дабыл қаққан едік.

Алаш Ордасы аталған Семейде де, облыс орталығы Өскеменде де  Әлихан атына лайық көше жоқ! Семей қаласының шет жағындағы «Комсомол» кентінен шағын ғана көше беріліпті..

Өскеменде қаланың шет жағында, 22-ші шағынауданда жиырма шақты үйді ғана құрайтын шағын көшеге Алаш көсемінің атын да атамай, тек «Бокейханова» деп жазып қойған...

     Қалалардағы бойында бірде-бір оқу-мәдени орындары жоқ бұл тасадағы тар көшелердің барлығын Әлихан Бөкеейханның көшесі деп  елге көрсетудің өзі ұят!

Сонда біз  Әлихан көшесін қалың көпшіліктен «жасырып» қойғаннан не ұтамыз?! 

Ал Әлиханның туған облысы орталығы Қарағанды қаласында оның атындағы көше атымен жоқ екенін бізден басқа ел есітпей-ақ қойсын... 

     Қазақ Елінде біртуар тұлғамыздың атына лайық көше болмауы және қазақ ауылшаруашылығы  ғылымының басында тұрған ғұлама ғалымға бір де бір жоғары оқу орнының аты берілмеуі  Алаш көсемінің  аруағына жасалған қиянат! 

Жалпы, биыл 30 жылдығы тойланатын Тәуелсіз Қазақстанның парламенті тарихында Алаш аты, Әлихан, Ахмет, Міржақып есімдері ең бірінші рет 2007 жылы  Алаштың 90 жылдығында «Ақ жол» партиясының депутаттық сауалында  аталды.   Ал 2012 жылы «Ақ жол» фракциясы құрылып, партия Алаш бағдарламасын қабылдағалы бері Алаш арыстарының аттарын мәңгілік есте қалдыру шаралары мен қалаларда Алаш аллеяларын ашуды тұрақты ұсынумен келе жатырмыз.

Биыл 3 наурызда  Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институы бірлесіп өткізген «Әлихан Бөкейхан – Қазақ елі мен жерінің тұтастық рәмізі» атты Халықаралық конференцияда еліміздің лайықты бір жоғары оқу орнына Әлихан Бөкейханның есімін беру және үлкен қалаларда «Алаш» аллеясын ашу мәселесі тағы да көтеріліп, қарарға енгізілді.

Осыған орай, «Ақ жол» партиясы ұсынамыз:

1.Әлихан Бөкейхан - негізгі мамандығы ормантанушы-ғалым, яғни агроном. Ол 1897-1901,1902-1903 және 1926 жылдар аралығында қазақ облыстарының жер-суын, қазақтың дәстүрлі көшпелі әрі жартылай көшпелі шаруашылығын зерттеген Ф.А. Щербина, С.П. Швецов және КСРО Ғылым академиясының Антропологиялық экспедицияларына қатысып, қазақтың қой тұқымдары мен қой шаруашылығы, ірі қара мал және жылқы тұқымдары мен шаруашылықтарын зерттеп, 3 іргелі ғылыми монография, бірнеше ондаған ғылыми мақала-очерк жазып қалдырған ғалым. Осы күнге дейін қазақтың ауылшаруашылығын зерттеуге Ә.Н. Бөкейханнан артық зор үлес қосқан ғалым жоқ екенін ерекше атап көрсетеміз.

Сондықтан қазақтың бүгінгі ауылшаруашылығы ғылымының негізін қалаған ғұлама ғалым есімін Алматы қаласындағы әзірге аты жоқ Қазақтың ұлттық аграрлық университеніне берген әбден лайық деп есептейміз.

2.Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы  Тұран даңғылы мен Сығанақ көшелерінің қиылысындағы бос тұрған алаңға «Алаш» аллеясын ашып, Әлихан ескерткіші мен Алаш қайраткерлері бюстерін орнату қажет.

3.Еліміздегі барлық қалалардың орталығынан   Әлихан Бөкейхан атына лайықты   көше беріліп, Алаш алаңдары ашылуы тиіс.

Құрметпен,  «Ақ жол»  фракциясы депутаттары:

Қ.Иса,

А. Перуашев,

А.Әбілдаев,

Е. Барлыбаев,
Б. Дүйсенбинов,

С.Ерубаев,

Д. Еспаева,

А.Жұмабаева,

А.Линник,

Е.Өмірғали,

М.Раманқұлов,

А.Сембинов.

«Нұр Отан» фракциясы мүшелері:

М.Тәжмағамбетова

Ә.Әбсеметова

 

 

 

 

 

Пікірлер