«Құранды бермеді»: Навальный түзету колониясын сотқа берді

3733
Adyrna.kz Telegram

Ресейде қамауда отырған оппозициялық саясаткер Алексей Навальный түзету мекемесінің мұсылмандар үшін қасиетті кітап саналатын Құранды оқуға бермегені үшін колонияны сотқа берді. Сейсенбі күні оның Инстаграмдағы парақшасында сол туралы хабарлама жарияланды, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы azattyq.org сайтына сілтеме жасап.

«Маған Құран кітабымды бермей жатыр. Жыныңа тиеді. Мені жаңадан түрмеге отырғызған кезде өз-өзімді дамыту үшін тізім құрастырғанмын. Сондағы пунктердің бірі: Құран мен Пайғамбар Сүннетін терең зерттеп, түсіну болатын» деп жазды Навальный.

Ол жазбада исламды түсініп қана қоймай, Құранды жаттауға да бекінгенін жеткізген. Бірақ саясаткердің айтуынша, №2 Покров колониясы әкімшілігі сотталушыларға кітап бермейді, тіпті өзімен әкелген кітаптарды да алу қиынның қиыны. Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, бұған дейін ол үш апта ішінде Библияға әрең қол жеткізген. Жазбаға қарағанда Навальный ұсталған кезде өзімен бірге әкелген кітаптар арасында Құран да болған.

«Міне, түрме бастығына кезекті арыз жазып, сотқа бердім. Қанша уақыт шыдауға болады? Маған енді Құран оқуға да болмай ма не? Оның үстіне аштық жариялағаныма 13 күн болды, философиялық көңіл күйде жүрмін» деді ол.

Дегенмен Ресейдің ақпарат құралдары әзірге сот сайтынан Навальныйдың шағымын таба алмаған.

- 2 ақпанда Мәскеудің Симонов соты Алексей Навальныйды 2013 жылы «Ив Роше ісі» бойынша шыққан шартты жаза ережелерін орындамады деп саясаткерді түрмеге жіберген. Еуропаның Адам құқығы жөніндегі соты істің саясиланғанын айтқан. Оппозиционер түрмеде шамамен 2,5 жыл болады. ​

- Наурыз айының ортасында Навальный белі мен аяғының ауыратынына шағымданған. 31 наурызда өзіне қажетті дәрежеде медициналық көмек көрсетілмей жатқанын мәлімдеп, аштық жариялаған. Компьютер томографиясы оның омыртқа дискісінде «грыжа» барын көрсеткен. Осыған дейін саясаткер «респираторлық ауру белгілерімен» түрменің медициналық бөліміне жатқызылған. Ол адвокаттарына отрядтағы 15 адамның үшеуінен түбіркүлез анықталып, ауруханаға түскенін хабарлаған. Ал түрме дәрігерлері Навальныйдың өзі де қатты жөтеліп, дене қызуы жоғары болғанын айтқан.

- Наурыз айының соңында мыңнан астам дәрігер билікке ашық хат жазып, саясаткерге тәуелсіз дәрігерді кіргізуге шақырған.

- Федералдық қылмыстық жазаны орындау комитеті (ФСИН) оған көмек көрсетіліп жатқанын алға тартады.

Пікірлер