СҚО-да сазгер Сегіз серінің жерленген зираты табылды

791

Солтүстік Қазақстан облысында белгілі ақын, сазгер Сегіз серінің жерленген зираты табылды. Биыл басына мазар орнатылмақ, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Сүйінші хабарды СҚО музейлер бірестігінің қызметкері, өлкетанушы Ахметжан Қуантаев жеткізді. «Сегіз серінің жатқан жерін замандастары куәландырған. Ақындардың жазғандары бар. 45 ақын жоқтау шығарған. Солардың ішінде Дос көлінің жағасында жерленді деген жолдар бар. Кейін Сегіз серінің оқушысы, қостанайлық ақын Нұржан Наушабаев әдейі арнап келіп, екі ай Сегіз серінің ауылында болып, балаларымен, бәйбішесімен кездесіп, сонда жазған жыры бар. Шумақтардың бірінде: «Дос көлінің жағасында болдым, қойылған тасты көрдім», – деген жолдар кездеседі. Кейін аласапыран заман болып кетті ғой, 19 ғасырдың аяғы, 20 ғасырдың басы. Содан ұмыт болды, қойған тасы жоғалған. 1863 жылы көрші елдің тұрғындары, көшіп келген қара шекпенділер тасын бұзып әкетті деп айтып жүрді.

2018 жылы Сегіз серінің 200 жылдығын тойлап жатқан кезде, неліктен бізге оның жатқан жерін таппасқа деген ой келді. Әдебиеттен білеміз Дос көлінің жағасына жерленді деген. Бірінші мақсатым сол зиратты табу болды. Жатқан қабірін білмесек те, осы жерде Сегіз сері жерленген деген бір ескерткіш қоюды өзіме парыз санадым», – дейді Ахметжан Қуантаев. Өлкентанушы Сегіз серінің жиендерінен туған Батыр деген жігітті ертіп алып, Тимирязев ауданына жол тартады. Екі жыл бойы Сегіз сері жайында білетін, жатқан жерін көрсете алатын адамдарды іздеумен болады.

«20 шақты адамды таптым. Олар бұрын сол маңдағы Докучаево елдімекендегі шаруашылықтарды басқарған, агроном, зоотехник болған. Малшыларымен сөйлесіп, аңшыларды іздедім. Өйткені олар сол жерді жақсы біледі ғой. Айтулары бойынша көлдің шығыс жағынан ескі қорымды таптым. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары Сегіз серінің Нұрмұханбет деген немересі болған. Соны көрген екі әжемен кездестім. Олар ол кезде жас келіншек екен. Біраз нәрсе естерінде қалыпты. Рысбике анамыз атамның дәл қасына жерленген деп жаңағы Нұрмұханбет, лақап аты – Қырықай айтып отырады екен», – дейді музей қызметкері.

2020 жылы Ахметжан Қуантаев ол жерді зерттеуге аттанады. Дрон ұшырып, ол жерде басқа ескі қорымның жоқтығына көз жеткізеді.

«Қазақ зираттарының өз тәртібі бар. Беделді адамды жерлегенде басын биік етіп көтереді. Зиратта сондай екі-үшеуі болды. Ал екі оба бір-біріне түйісіп, бірге қосылып кеткен. Бізбен бірге танымал археолог Анатолий Плешаков барған еді. Ол да зираттың көне екенін және белгілі тұлғаның жерленгенін айтып, біздің болжамымызды растады», – дейді өлкетанушы.

Сегіз сері – ақын, әнші, батыр, «Елім-ай» әнінің авторы Қожаберген жыраудың ұрпағы. Ол да атасына тартқан өнерпаз болған екен. Шын аты Мұхамедханафия, жеңгелері шебер қайныларын еркелетіп Сегіз атап кеткен.

Биыл Сегіз серінің басына мазар орнату жоспарланып отыр.

Пікірлер
Редакция таңдауы