257 миллион: Танысы алматылық тұрғынды тақырға отырғызып кетті

3223
Adyrna.kz Telegram

Алматылық Алтынай Үсенова екі айдан бері арзан қонақ үйді паналауға мәжбүр. Шетелде оқыған қаржыгер бір кездері өте табысты адам болған. Ширек ғасырға жуық уақыт халықаралық компанияларда қызмет еткен. Үсенова мұндай мүсәпір күйге түсуіне жақын танысын кінәлап отыр. 8 жылдан бері жақын араласқан адамы бір-ақ сәтте өзін тақырға отырғызып кеткен, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы «Заң сөйлесін» бағдарламасына сілтеме жасап.

«Екі пәтерімнен, үлкен үйімнен айырылып, далада қалдым. Сыдықов Олжас Серікұлы деген адам мені алдап, сеніміме кіріп, 257 миллион теңге ақшамды алып кетті. 25 жыл істеген еңбегім құмға сіңгендей жоқ болды. Енді үйсіз, күйсіз мынадай жерде тұруға мәжбүрмін», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Алтынай Үсенова.

Олжас Алтынайды агробизнеске инвестиция салуға көндірген. Қырғызстаннан тонналап картоп әкеліп, оны елдегі ірі сауда орындарына өткізетіні туралы келісім шарттарды көрсетеді. Шаш етектен пайдаға кенелесің, салған ақшаң еселеп қайтады деп сендірген.

«5-10 мың доллар, одан кейін 56 мың доллар, соңында 200 мың долларды қолына санап бердім. Ол маған 1 миллион доллардың келісім шарттарын көрсетті. Әр келісім шарттан 40% үлесіңді алып отырасың деді. Алайда 40% түгілі салған инвестициямды, ақшамды ала алмай қалдым. Сөйтсем айтқанының бәрі өтірік екен. Келісім шартта көрсетілген компаниялар түгел жалған болып шықты», - дейді ол.

Алтынайдың танысына көзсіз сенуінің, еш қорықпастан бизнеске ақша салуының тағы бір себебі бар. Келіншек Олжастың әкесі жоғары қызметтегі лауазым иесі болғанына қарап, ондай азаматтың ұлы алдап кетпес деп сенген.

«Олжас - бар жерден шыққан жігіт. Әкесі үлкен қызметте отыр. Ол өзін үнемі табысты адам ретінде, мықты бизнесмен кейпінде көрсететін. Ақша берерде осы жағдаяттар маған қатты әсер етті. Ел үшін қызмет етіп жүрген тұлғаның баласы алдайды деп еш ойламадым», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Алтынай Үсенова.

Қазір Алтынайдың қолында ақшаның орнына Олжасқа жіберген ақшаларының түбіртегі ғана бар. 257 миллион теңгені қалтаға басқан танысы қарызды әне берем, міне береммен уақытты созған. Мына аудиохабарламасында да жас жігіт ақшаны қайтарып беретінін айтып сендіреді.

«Мен тірлікті аяқсыз қалдырғым келмейді. Саған уәде еткендей, бәрін доллармен, доллар бағамы қандай болса да доллармен қайтарамын. Рақметімді де айтамын. Алтынай, сараң адам емесімді білесің ғой? Мен бәрін қайтарамын, сен оны жақсы білесің», - деп аудиохабарлама жіберген Олжас Сыдықов.

Бірақ уәде етілген пайда да, ақшаның өзі де болмаған соң Алтынай Үсенова полицияға арызданған. Қылмыстық іс қозғаған Алматы қаласының Алмалы аудандық полиция басқармасының тергеушілері Олжастың атына тіркелген компаниялардың жалған екенін анықтаған көрінеді.

«Тергеу кезінде оның атына тіркелген 5 компанияның бір-бірімен жалған келісім шарт жасап отырғаны анықталды. Шет елдермен байланыс түгілі бір тиынға сауда жасамаған. Бірақ құжаттарды өте сауатты рәсімдеген. Қойылған мөрлер мен келісім шарттар бір адамның қолынан шыққан», - дейді Алтынай.

Олжас Сыдықовтың үстінен аса ірі көлемді ақша жымқырды, алаяқтық жасады деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Күдікті екі айдан бері тергеу абақтысында отыр.

Алтынайдың адвокаты оның ақшаны су жаңа көлікке, басқа қымбат мүлік алуға жұмсағаны дәлелденсе де, тергеу сыбдыр жүріп жатыр деп есептейді.

«Тергеушілердің басты мақсаты - қылмыскерді ұстап, түрмеге отырғызу ғана емес, жәбірленушіге келтірген зиянын өндіріп беру. Күні бүгінге дейін Олжастың банк есепшоты мен атындағы бар мүлкіне ешқандай бұғат қойылмаған. Оның ақшаны алаяқтық жолмен алғанына барлық дәлелді берсек те, тергеу дұрыс жүріп жатқан жоқ. Іс бұрмаланып жатыр деп санаймыз», - дейді адвокат Ренат Наинбаев.

Алтынай Үсенова тергеудің тұралауына Олжастың әкесінің мансабы себепкер ме деп күдіктенеді. Әйтпесе, қолдарындағы бар айғақпен тергеу ісін екі айдың ішінде аяқтауға болар еді дейді. Ал абақтыда отырған күдіктінің әкесі, расымен де, астанада жауапты қызметтегі лауазым иесі болып шықты.

Олжастың әкесі Серік Сыдықов мырза ұзақ жыл сенат аппаратында басшылық қызметте істеген. Қазір орталық сайлау комиссиясының мүшесі. Жәбірленушінің күдігіне байланысты Серік мырзамен сөйлестік. Ол баласының басындағы жағдайға араласпайтынын, бәрін құзырлы орындар шешетінін айтты.

«Оны мен қайдан білейін? Мен баламның тергеуде жатқанын ғана білемін. Бірақ оның детальдарын білмеймін. Қылмыстық іс тергеуде жатыр. Ол кәмелет жасына толған азамат болғандықтан, өз ісіне өзі жауап береді. Оның детальдарын білмеймін. Ол кісі арыз беріпті. Менің жұмыс орныма жазған, басқа жерлерге де жазған. Ол туралы не айта аламын? Ештеңе дей алмаймын», - дейді Олжастың әкесі Серік Сыдықов.

Алматы қаласының полиция департаментіне хабарластық. Тергеудің мән-жайын сұрадық. Департамент өкілі қылмыстық істің әзірге тергеліп жатқанын, наурыз айында істі сотқа жолдайтындарын айтып, жазбаша жауап берді.

Алданып бар ақшамнан айырылдым деген Алтынай Үсенова әлі де біраз уақыт қонақ үйде тұратын секілді.

Пікірлер