Шахан кентіндегі қазандық дауы бітер емес

2390
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды облысының атышулы Шахан кентінде қазандық дауы бітер емес. Тұрғындар жылу орталығы енді іске қосылады-ау дегенде, оның ақысын қалталары көтермейтінін білген. Әр пәтерге жылу жеткізу үшін мердігерлер 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейін сұраған. Ал қарапайым халық бұл соманы қайдан табарын білмейді, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Алпысты алқымдаған Юрий Алкин 30 жыл шахтада жұмыс істеген. Жылдар бойы пеш жағып, баспанасын жылытып жүр. Қазандық салынып, оған қосыламыз деп жүргенде, орталықтан тараған жылуды баспанасына тарту үшін 500 мың теңге төлеуі керек екенін білген. Зейнеткер қомақты қаржыны қайдан аларын білмейді.

"500 мың теңгені тауып бере алмайтыным анық. Алатыным 90 мың. Мен өмір бойы өз күшіме ғана сенген адаммын. Соншама ақшаны жинау мен үшін мүмкін емес", – дейді Шахан кентінің тұрғыны.

Осылайша қазандық салынғанымен оның жылуы қолжетімсіз екенін білген жұрттың билікке өкпесі қара қазандай. Бұған дейін шенеуніктер әр пәтерге жылу тарту үшін 200 мың теңгеден 500 жүз мың теңгеге дейін ақша төлейтіндерін айтқан. Шахандықтар бұл соманы халықтың қалтасы көтермейтінін алға тартады.

"235 мыңнан 500 мыңға дейін деген не сұмдық. Бәрінде 4-5 баладан бар. Енді не істейік? Үкімет қайда қарап отыр? Тұрғындардың жартысы төлей алмайды", – жергілікті тұрғын Ақмарал Ахметова.

Билік өкілдерінің айтуынша, аты шулы қазандық 2 млрд теңгедей қаражатқа салынған. Кенттегі 11 әлеуметтік нысан оған тегін қосылады. Ал қалған жүзге жуық үй тұрғындары орталық қазандықтан жылуды өз күшімен тартып алуы тиіс. Бұл шығынды үкімет көтере алмайды.

"Үкімет өз ақшасына үйдің ішіне істеп бере алмайды. Міне, қазандық салып, жылу желісін тартып жатыр. Бәрі дайын болғанда үйіне дейін кіргізіп, қосып береміз. Яғни, қосып беру ақшасы сонша шықты. Сонымен қатар, демеушілер де іздеп жатырмыз. Расында да қиын жағдайдағы отбасыларға көмектесеміз", – дейді кент әкімі Ғалым Өмірбеков.

Пікірлер