«Әумин» деп айғайлап, айыппұл арқалады

14927
Adyrna.kz Telegram

Атырауда деструктивті ағым өкілдеріне 400 мың теңгеден астам айыппұл салынды деп жазады «Адырна» ұлттық порталы Айқын басылымына сілтеме жасап.

Айыппұл арқалағандар мешіттегі намаз кезінде «Әумин» сөзін барынша дауыстап айтқан. «Әуминді» намаз кезінде дауыстап айту тек деструктивті ағым өкілдеріне тән.

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз селосындағы «Абдолла Хазірет» мешітінде таң намазы кезінде 3 бірдей азамат «Әумин» сөзін дауыстап айтқан. Мешіт имамының намаз кезінде «аумин» сөзін қатты айтуға болмайтындығы туралы ескертпесіне қарамастан, Ақтөбе қаласының жас тұрғындары мұндай қадамға барған. Бұл жөнінде мешіт имамы полицияға хабарлама түсірді.

Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК 490-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар аталған үштік Атырау облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы күрес басқармасының «деструктивті діни ағым жақтаушысы» ретінде тізімдік есепте тұрғаны белгілі болды.

Осыған ұқсас оқиға Индер ауданында орналасқан «Әйіп-Қажы» мешітінде де болды. Орал қаласының 28 жастағы тұрғыны кешкі намаз уақытында «Әумин» сөзін дауыстап айтқан.

Аталған құқықбұзушылыққа қатысты ҚР ӘҚБтК 490-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, 102095 теңге көлемінде айыппұл салынды. Атырау облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы күрес басқармасы «ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңнамасына сәйкес, мешітке келушілер оның талаптары мен ережелерін сақтауға міндетті екендігін ескертеді.

Қазіргі таңда Атырауда мешітте тәртіп бұзғандарға 408 мың 380 теңге айыппұл салынды.

Пікірлер