Роза ӨМІРТАЙ: Құқықтық сауаттылық ата-анадан балаға ген арқылы беріледі

1547

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Алматы қалалық тәжірибелі заңгерлер палатасының мүшесі, Нархоз университетінің Құқық және әлеуметтік пәндер мектебі, Құқық департаментінің қауымдастырылған профессоры,  з.ғ.к., Өміртай Роза ханыммен болды.

-Роза ханым, қоғамның құқықтық тұрғыдан сауаттылығы қандай деңгейде?

-Бұл туралы статистикалық агенттіктер сияқты дөп басып айта алмайтыным белгілі. Алайда орта деңгейде екенін білемін. 5-6 жыл бұрынғы жағдайға қарағанда халықтың сана-сезімі дамыған, ой-өрісі әлдеқайда жетілген. Халықтың құқықтық сауаттылығы заңды мінез-құлықтың қалыптасуымен тығыз байланысты деп санаймын. Ал оның қандай деңгейде болатыны қоғамдағы жүріс-тұрыс ережелерінен байқалады. Мәселен, жуырда бізде сайлау өтті. Сайлау барысында өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезінген тұлғалар барып, дауыс беріп, өз үлестерін қосып қайтты. Бірақ бұл процестен бас тартқандары да аз болмады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы нәтиже шығып, жария етілді. Осыдан біздің саяси құқықтық сауаттылығымыздың қай деңгейде екенін аңғаруға болады.

Құқықтық сауаттылықтың түрлері көп. Қоғамда қанша қатынас болса, мысалы, экономикада, білім беруде, саясатта және ғылымда да құқықтық сауаттылық бар. Бұл әр қатынастың өзінің мәдениетіне сәйкес пайда болады. Бірақ біздің Конституцияда азаматтардың құқықтық тұрғыдан сауатын ашуды мемлекеттің негізгі мақсаттарының бірі деп жазылған. Осыған орай түрлі мемлекеттік бағдарламалар, шараларды дайындап, жүзеге асырып жатырмыз. Олар аз да болса өз нәтижесін де беретіні сөзсіз. Тіпті жоққа шығарған күннің өзінде тамшыдай болса да, мақсатқа жетуге өз үлестерін қосып жатыр. Республикалық маңызы бар қалалардың құқықтық сауаттылығы ауылдық елді-мекендерге қарағанда әлдеқайда жоғары екенін мойындауымыз керек. Себебі олардың ақпаратқа қолжетімділігі басым.

Құқықтық сауаттылық тал бесіктен бастау алады. Ол бір қиын дүние емес. Егер ата-анасы мінез-құлқын, іс-әрекетін заңға сәйкес алып жүретін болса,  ғылымда дәлелденгендей, ол қасиет ген арқылы балаға міндетті түрде беріледі. Құқықтық сауаттылықты қалыптастырсақ,  "дамыған мемлекетпіз" деп ауыз толтырып айтуға негіз болушы еді.

-Құқықтық сана мен құқықтық мәдениет деген ұғымды қалай түсіндірер едіңіз?

-Құқықтық сана - теориялық ұғым. Оның жеке, яғни индивид ретінде қалыптасқан (студенттердің, зейнеткерлердің, қоғам қайраткерлерінің құқықтық санасы) түрлері бар. Тағы кәсіптік, яғни белгілі бір кәсіп иелерінің, журналистердің, заңгерлердің құқықтық санасы болады. Ол халықтың қай топтан екеніне де тығыз байланысты. Мысалы, зейнеткерлер өздеріне берілген құқықтар мен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқарып жатыр ма? Олар үкіметтен нені талап етіп жатыр? Қазір зейнетке шығу жасы қызу талқыға түсіп жүр. Олардың әрқайсысының өз пікірін ортаға сала білуі - құқықтық санасы қалыптасқанының дәлелі.

Ал енді құқықтық мәдениет дегеніміз - құқықтық сананың жоғарғы деңгейге жеткен формасы. Заңмен таныс болу, құқығыңды кез келген ортада қорғай алу - оның басты айғағы. Рухани мәдениеттің элементтерін біз ең қарапайым қоғамдық көліктегі жүріс-тұрыстан байқаймыз. Қарт кісілерді сыйлап, жастардың алдын кесе өтпеуі, орын беруі - құқықтық мәдениеттің қалыптасқанының белгісі. Ол  қоғаммен байланысқа түсу арқылы күрделене түсетін ұғым.

-Қазақстандағы бейінді ведомстволар адам құқығын қорғау тұрғысынан қалай жұмыс істеп жатыр?

-Адам құқығы заң аясында қорғалады. Бұзылған құқықтарды қалпына келтіру үшін ірі құқық бұзушылық орын алған жағдайда сот билігі заңға сәйкес жазалау шараларын жүзеге асырады . Сотқа дейінгі тергеу, істі қарау барысында құқығы бұзылған азаматтардың мүддесін тиісті органдар қорғай алады. Бейінді ведомстволардың қағаз жүзінде бекітілген қызметтік міндеттерінің қаншалықты орындалып жатқанын талдау үшін алдымен «ол жерде кімдер жұмыс жасап жүр, біліктілік дәрежесі қандай, қандай жолмен билікке келді?» дейтін сұрақтарға жауап іздегеніміз дұрыс болады. Егер мемлекеттік билік органдарына немесе құқық қорғау органдарында отырған қызметкер біліктілік емтихандарын адал еңбегімен тапсырып, өз ісіне қызығушылығы ерекше болып, бала кезінен дайындалып, көздеген мақсатына жеткен болса, онда біз ол қызметкерден адам құқығын толықтай қорғайтындай нәтиже күте аламыз. Ал құлықсыз адамдар алдына келген азаматқа, тапсырылған іске немқұрайлықпен қарайды. Біз бірінші кезекте адам құқығын қорғаумен айналысатын ведомстволарға қызметке тұру талаптарын күшейтуіміз керек.

Қоғамда әділдікке қол жеткізу әлі де қиын. Кенет құқық бұзушылық орын алса, БАҚ арқылы Президент бұл жағдайды өз бақылауына алғанын естіп жатамыз. Ендеше бұл тиісті органдар өз қызметін атқара алмай жатыр, сенімсіздік әлі де бар дегенді білдіреді. Бұрын "балық басынан шіриді" деуші еді, ал қазір аяғынан бастап шіріп жатқан сияқты. Президент өз бақылауына алғанымен, бірақ төменгі жақта келеңсіздіктер көп орын алады. Сондықтан адам құқығын қорғайтын органдарда жиі мониторинг, тазарту жұмыстары жүріп жатқаны көңіл қуантады. Себебі біз үшін әділдік қашанда маңызды.

-Сот жүйесіндегі реформалардың мазмұны мен мақсаты қандай?

-Сот жүйесіндегі реформалар алдымен судьялық қызметке орналасатын кандидаттарға қойылатын талаптарға қатысты. Себебі бұрын-соңды тек сот жүйесінде жұмыс істеп жүрген сол буынның адамдары ғана судья болуға құқылы еді. Бастысы кандидатқа қойылған талаптар мен ережелерге сәйкес келсе болғаны. Ал қазіргі реформалар бойынша ЖОО-да ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған, ғылыми ізденіспен айналысқан, заңның тілін жетік меңгерген мамандарды судья ретінде тану мәселесі де көтеріледі. Себебі бұл  сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың бір жолы. Сонымен қатар ғылымға қатысы бар судья кез келген істі қараған кезде жан-жақты ойланып, таразыға салып, обьективті көзқараспен сот шешімін шығара алады. Бір кездері Қазақ мемлекеттік заң академиясына жолым түсіп, жиі барып тұратынмын. Сол кезеңнің, сол оқу орнының түлектері бүгінгіге қарағанда әлдеқайда білімді болатын. Ал қазір «қай ЖОО-ның студенттері білікті?» десе, ойланып қалатын жағдайға жеттік. Айта кетерлік жайт, Болашақ бағдарламасы бойынша оқыған мамандардың да артықшылықтары бар.

Сот жүйеcіндегі реформалар дегеніміз - өзгерістер. Құқығы бұзылған азаматтарды қорғау мақсатында құрылған бірнеше топтың түрлері бар. Егер қоғамдық өрескел құқық бұзушылық, тұрмыстық құқық бұзушылықтар орын алатын болса, бұл іс әкімшілік сотта қаралады. Әрі қарай теріс қылық немесе қылмыс орын алса,  оны қылмыстық істер жөніндегі соттар қарастырады. Ал материалдық-моральдық шығындар, заңды мүдделерге зиян келіп жатса, бұл істерді  азаматтық істер жөніндегі сот өз бақылауына алады. Биыл «ҚР әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» өз күшіне енеді. Біздің заңда «материалдық және процессуалдық» деген ұғым бар. Бұл жерде сотқа дейінгі тергеу, сот процесі кезінде іс қалай қаралады, қалай шешімін табады деген мәселер қарастырылады. Егер бірінші инстанция сотында мәселе шешімін таппаса, апелляциялық сотта қайта қарастырылып, бұзылған құқық тиісті деңгейде қорғалады. Ал тіпті бұл жағдайда өзгеріс болмаса, кассациялық сот деген бар. Дегенмен біздің сот жүйесінде кассациялық сотта қаралатын істердің саны шектеулі. Заң бойынша тізім жасалған. Тізімде жоқ жағдайларды біз Жоғарғы сотта қарастыра алмаймыз. Бірақ заңгерлер кассациялық соттағы шектеулерге қарсы шыққан. Себебі Конституцияда жазылғандай адам құқығы қандай жағдай болмасын қорғалуы керек.

Реформалардың мазмұны құқықтық мемлекетті қалыптастыруға бағытталған. Біздің мемлекеттік биліктің үш тармағы бар: атқару, заң шығару, сот. 1995 жылы Конституция қабылданғалы аталған үш тармақ өз саласында тепе-теңдік және тежемелік қағидасын басшылыққа ала отырып, өздеріне жүктелген міндеттерді орындап келеді. Соның ішінде сот жүйесінде реформалардың мазмұны - халықты сотқа,  сот көмегіне жүгінген кезде әділ шешімнің шығатынына сендіру және осыны жүзеге асыратын судья деген тұлғаның мәртебесін арттыру.

-Электронды сот төрелігін іске асырудың артықшылығы неде?

-Оның артықшылығы халық  білікті адвокаттар мен құқық қорғаушылардың  көмегіне қиындықсыз жүгіне алады. Мәселен,  мен Алматыда тұратындықтан Солтүстікте орналасқан клиенттерге қызмет көрсетуден бас тартатынмын. Ал қазір онлайн форматта Қазақстанның кез келген бөлігіндегі адамдарға қызмет көрсете аламын. Сол сияқты қалалық жерде қоныстанған заң саласына қатысы бар тұлғалармен байланысу ауылдық аймақтағы адамдар үшін қиындық тудыратын. Ал қазір электронды формат бұл мәселенің шешіміне айналды. Сондықтан электронды сот төрелігі қолжетімділікке, жоғары деңгейдегі заң көмегіне жүгінуге, уақыт үнемдеуге мүмкіндік берді. Бірақ онлайн сот төрелігі техника сапасының жетілуін қажет етеді.

-Құқықтық актілердің қолданылу аясы қандай? Бұл актілер қандай жағдайда әрекет етеді?

-Бұл ұғым 2016 жылға дейін қолданыста болған. 1998 жылы қабылданған «ҚР Нормативтік құқықтық актілері туралы» заң болған. 2016 жылы ол заңды күшін жойды да, оның орнына «Құқықтық актілер туралы» ҚР заңы қабылданып, заңды күшіне енді. Содан бастап біз «құқықтық актілер» деген ұғымды қолданып жүрміз. Оның ауқымы өте кең.  Құқық саласында қабылданған барлық актілердің жиынтығын айтамыз. Құқықтың актілердің ең жоғарғы заңды күші бар (иерархиясы бойынша) - Конституция. Конституция мемлекет аумағында теңдей және тікелей қолданылады. Одан кейінгі орында Конституциялық заң орналасқан. Әрі қарай Президенттің Конституциялық заңды күші бар жарлықтары, Президент қаулылары, нұсқаулықтары деп заңды күшінің аясының тарылуына байланысты жалғаса береді. Жергілікті сипаттағы актілерге әкімдердің шешімдерін, үкімдерін жатқызамыз. Нормативтік актілерді екі түрге бөліп қарастыруға болады: ұлттық (мемлекеттің ішкі заңдары) және халықаралық (халықаралық деңгейде қабылдаған, ратификацияланған құжаттар). Құқықтық актілер шығу тегіне қарай негізгі және туынды деп бөлінеді. Негізгі актілерге Конституция, Конституциялық заң, Кодекстерді жатқызамыз. Ал туынды актілерге аталған негізгі нормативтік заң актілерді тиісті деңгейде орындау мақсатында, жергілікті деңгейде жүзеге асыру қажет болған жағдайда қабылданатын актілер тиесілі. Мәселен, Парламент қызметтерін, оның ішкі жұмыс ережесін орындап, құрылымын анықтау сияқты жұмыстарды жүзеге асыру үшін регламент қабылданады. Ол туынды құжат болып табылады.

-Жаңа заң қабылдау немесе заңға өзгерістер енгізер алдында халықтың пікіріне құлақ асқан дұрыс па? Бұл процесс Қазақстанда қалай жүреді?

-Бізде бұл процесске арналған "ҚР референдум туралы заңы" бар. Соған сәйкес мемлекет пен халықтың өмірі үшін маңызды жағдайлар референдумда қарастырылады. Ол - халықтың пікірімен санасатын, демократиялық мемлекетте қолданылатын әдіс. Мысалы, Конституцияға толықтыру мен өзгеріс енгізу керек болса, бұл мәселе референдумда талқыланады. Бірақ Қазақстанның саяси режимі, біртұтастығын өзгерту сияқты мәселелерді мүлдем көтеруге болмайды. Ал тиісті, нақтылы қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін жалпы халықтың пікірін білудің қажеті жоқ, бірақ сол саладағы білікті мамандардың ойын білу, тыңдау маңызды. Себебі әр маман өзінің саласын жетік меңгерген, оның қандай кемшілігі немесе артықшылығы бар екенін жақсы біледі. Мәселен, соңғы уақытта адвокатура саласындағы Әділет министрлігі ұсынған заң жобасы қызу талқыға түсті. Алайда ол заң жобасын кімдер жасаған? Егер оны адвокатураға тікелей қатысы бар адамдар жасаса, мұншалықты өзекті мәселеге айналмас еді. Заң мазмұнында олардың мүдделеріне қайшы келетіндей нормалар кездеседі. Заң қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде орындалсын десек, өз ісінің білікті, білімді мамандарымен бірігіп, заң жобасын даярлауымыз қажет.

-Білікті заңгерлерді қандай қасиетіне, қай ісіне қарап таңдауға болады?

-Заңға сүйеніп, мәселеленің шешімін табатын заңгерлердің көмегіне жүгінген дұрыс. Кейде жанымда жүрген әріптестерімнің өзі маған күле қарайды. Себебі мен тек заңға сүйеніп, әділдікті орнатуға барымды саламын. Бастысы ниетпен іске кірісіп, соңына дейін шыдамдылық танытып, заңның тілін жетік меңгеріп, өзгелердің  ғана емес, өз құқығыңды да бес саусақтай білсең, кез келген тығырықтан шығуға мүмкіндік бар. Негізі заңгер жолы - күрес жолы.

-Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен: Айжан Сыланова,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар