«Тамағына пышақ тақаған»: Қарақшы қамауға алынды

3122

Алматы полицейлері жас әйелге пышақпен қауіп төндіріп, қарақшылық шабуыл жасаған күдіктіні құрықтады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қаласы Бостандық ауданы Радостовец көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғынынан “102” пультіне 00.50-де шұғыл қоңырау келіп түсті. Шошынған әйел көршілес пәтерден көмек сұрап айқайлаған дауысты естігенін айтты.

– Біз көрсетілген пәтерге санаулы минуттарда жеттік. Есікті ашпастан, пәтер иесі бәрі дұрыс екендігін және біздің көмегімізге мұқтаж емес екенін айтты. Шынымды айтсам, әйелдің дауысы үрейлі болды, сондықтан біз мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей, оқиға орнынан кетпеу туралы шешім қабылдадық. Біз есікті ашуды сұрадық, бірақ жауап болмады. Содан кейін тыңдап тұрып, пәтер ішінде шудың, қандай-да бір кикілжіңнің бар екенін байқадық. Менің әріптесім кілт саңылауы арқылы бетіне қара бетперде киген адамды көрді, оның қолында пышақ болды, ер адам пышақты әйелдің тамағына тақап тұрды. Дұрыс шешім қабылдау және күдікті құрбанына зақым келтіріп үлгермеуі үшін оны шошытып алмау маңызды болды. Бір сәтте біз пәтерге кіріп үлгердік, қарулы адам дереу залалсыздандырылып, ұсталды. Тексеру барысында күдіктінің бұрын төрт рет сотталған 40 жастағы азамат екені анықталды – деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің инспекторы Нұрдос Тұрлыбек.

Қалалық криминалдық полицияның мәліметінше, күдікті көшеде қыздың соңынан түсіп, оның пәтеріне баса-көктеп кірген. Үйде ешкім жоқ болған.

– Ер адам пышақпен қорқытып, жәбірленушіге қарақшылық шабуыл жасаған, ол жәбірленушіден құнды заттары мен жинақ ақшасын беруді талап еткен. Алайда патрульдік полицейлер мен көршінің полицияға дер кезінде хабар беруі қаскөйдің қылмыстық жоспарларын бұзды. Ол қамауға алынды. Қылмыстық іс Бостандық аудандық Полиция басқармасында тергелуде. Оқиға орнынан заттай айғақтар алынып, іс материалдарына тіркелді, – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы