Депутат А.Цойды сынға алды

8103

"Нұр Отан" партиясының депутаты Ирина Унжакова Денсаулық сақтау министрлігін сынға алды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оның айтуынша, халық вакцинаны қалай және қайдан қабылдау керек екенін білмейді.

«Кеше Денсаулық сақтау министрі халықты екпе қабылдауға тағы бір мәрте шақырды. Бірақ сұрақ туындайды: қайда бару керек, қайдан егілу қажет? Өйткені, аймақтардағы емханаларда вакциналар жоқ. Бұл жағдай өткен жылды еске түсіреді. Бір жыл бұрын халық ПТР-сынамасын қайда және қашан тапсыруға болатынын білмеді. Бүгінгі таңда елімізде қалыптасқан жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирусқа қарсы күресте өз тәжірибесінен де, әлем тәжірибесінен де сабақ алмағанын көрсетіп тұр. Ал әлемдік тәжірибе айқын. Израиль, Ұлыбритания, Словакия, Словения, Сербия, Сингапур және басқа да бірқатар елдерде халықтың жартысынан 90 пайызға дейін егілді»,-деді Унжакова.

Сондай-ақ депутат елімізде қалыптасқан ахуалға көңілі толмайтынын жеткізді.

«Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, 101 мыңнан астам адам вакцинацияланды. Бұл 0,7 пайызды құрайды, яғни халықтың бір пайызы ғана. Вакцинация екі ай бұрын басталды. Осындай қарқынмен жалғастырсақ, 19 миллионға жуық тұрғынның 70 пайызына екпе егу үшін шамамен 15 жыл қажет болады»,-деп мәлімдеді ол.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы