Шымкентте өткен республикалық «Наурыз» айтыс өз мәресіне жетті

1566
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте Ұлыстың ұлы күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Жүрсіннің жүйріктері, Сәбиттің сәйгүліктері», «Наурыз, гүл көктем, жыл басы» атты республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған айтысқа бүкіл республикадан 15 ақын шақырылған болатын. Айтыстың екінші күніне бес жұп ақын іріктеліп алынды. Айтысты белгілі ақын Жүрсін Ерман жүргізсе, дүбірлі доданы тамашалауға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов келді.

Наурызды жырға қосқан ақындар, ел бірлігі мен ынтымақты, ұлттық құндылығымыз бен дәстүріміз жайын сөз етті. Халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Нұр-Сұлтан қаласынан келген Еркебұлан Қайназаровқа берілді.

Топтан оза шапқан ақынға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Ал бірінші орынға лайық деп танылған Батыс қазақстандық Бауыржан Ширмединұлына 1 млн. теңге берілді. Әрқайсысы 500 мың теңгенің сертификатына ие болған Бекарыс Шойбеков және Айбек Қалиев екінші орынға табан тіреді. Алматы қаласының тумасы Шұғайып Сезімхан, шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен Қалижан Білдаш үшінші орынды иемденсе, оларға 300 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Қалған қатысушыларға арнайы жүлде, Мәделіқожа, Майлықожа, Құлыншақ, Көппай Омаров, Тәушан Әбуова, Орынбай Тайманов және Қаныбек Сарыбаев атындағы жүлделер берілді.

«Наурыз айтыс» республикалық ақындар айтысы «Түркістан» сарайында қазіргі жағдайдағы барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер