Ресей елге "Спутник V" вакцинасының 4 миллион дозасын жеткізеді

791

Ресей Қазақстанға қосымша "Спутник V" вакцинасының 4 миллион дозасын жеткізеді, деп хабарлайды Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі.

Дүйсенбі күні Қазақстан үкіметінің басшысы Асқар Мамин Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Ол Ресей премьері Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді.

Кездесу барысында COVID-19-дың таралуына қарсы күрес және екі елдің экономикасы үшін пандемияның салдарын жою жөніндегі бірлескен шараларға ерекше назар аударылды.

"Спутник V" ресейлік вакцинасының 4 миллион дозасын Қазақстанға қосымша жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді", - делінген хабарламада.

"Вирустың таралуын жеңу үшін біздің елдеріміздің күш-жігерін, оның ішінде халықты жаппай вакциналау мәселелерінде үйлестірудің жоғары деңгейі қажет", - деп келтірді Асқар Маминнің сөзін баспасөз қызметі.

Үкімет басшылары, сонымен қатар, сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, энергетика және ғарыш салаларындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі арттыру мәселелерін талқылады. ЕАЭО форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды.

Бұдан бөлек, осы жылдың екінші жартысында Көкшетауда өтетін "Экология және жасыл өсім саласындағы ынтымақтастық" тақырыбына арналған XVII Аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселесі талқыланды.

Айта кетсек, Қазақстанға 1 ақпан жаппай вакциналау басталардың алдында Ресейден "Спутник V" вакцинасы бірінші компонентінің 22 мың дозасы жеткізілді. Бүгінде препарат толығымен пайдаланылды.

Пікірлер
Редакция таңдауы