Тоқаев: Вакцинациядан басқа амал жоқ

490

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының денсаулық сақтау саласындағы күрделі ахуалы туралы баяндады

Айтуынша, күрделі мәселелер коронавирустың артында мән бермей қалып қойып жатыр.

– Жалпы азаматтардың медициналық қызмет көрсету сапасына көңілі толмайтынын айтуымыз керек. Медицина кадрларының жетіспеушілігі де көптің көкейіндегі күрмеулі мәселе. Бұл проблема жылдар бойына шешілмей келе жатыр. Әсіресе, кешегі төтенше жағдай режимі кезінде бұл мәселенің өзектілігі арта түсті. Қалаға 300-ге жуық дәрігер қажет. Бұл өте көп. Егер Алматыда жағдай осындай болса, онда шет жатқан аймақтар туралы не айтуға болады?! Аталған жағдайды қаланың денсаулық сақтау басқармасындағы кадрлардың тоқтаусыз ауысуы ушықтырып жіберіп отыр. Онда жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтар орын алды. Қалай айтсақ та, денсаулық сақтау басқармасында тұрақтылық болған жоқ. Әкімдік бұл мәселелерді шешумен нақты айналысу керек, – деді президент.

– Мен тағы да отандастарымызды сабыр сақтауға, барлық санитарлық нормаларды қатаң ұстануға, коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияны қолдауға шақырамын. Үкімет пен әкімдіктер жаппай вакцинация жүргізуге дайын болуы керек. Біз 1 ақпаннан вакцинация жұмысын бастадық. Бірақ дәл қазіргі уақытқа дейін вакцина салдырған азаматтардың саны 19 мыңнан сәл ғана асады. Жоспар бойынша біз 6 миллионнан астам адамға вакцина салдыруымыз керек.  Егер өз өндірісіміздің қуаты мен Ресейден әкелінетін вакцина жетпей жатса, онда нарыққа шығып, қажетті көлемді импорттау қажет. Жаппай иммунитет қалыптастырмай ауруды жеңе алмаймыз, экономиканы қайта қалпына келтіру де мүмкін емес. Үкіметке аталған жұмысты жандандыруды тапсырамын. Бұл мәселені өзім бақылап отырамын. Вакцинацияға дұрыс қарау керек, бұдан басқа жол жоқ. Осы мәселені азаматтардың есіне тағы бір мәрте салғым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Пікірлер
Редакция таңдауы