Шыңғыс Мұқан: Тамақ істеп, нан да пісірдім

1874
Adyrna.kz Telegram

Аляутдиновтың фанаты емеспін. Діни уағыздарды да тыңдап жүрмін деп айта алмаймын. Бірақ Шәмілдің мына бір сөзінде жан бар. Тыңдап отырып, жасөспірім кезім есіме оралды.

Енді ер жетіп келе жатқанда анда-мұнда барғың келеді (Шардарада баратын жер базар ғана), барған соң, анау-мынауды алғың келеді. Әкемнен ақша сұраймын. Береді. Бірақ қайда жұмсайтыныңды сұрап береді. Көзді жұмып бере салмайды.

Сұраудың астына алып ақша берген соң, әрі-беріден соң ақша да сұрағың келмейді.

Оның үстіне әкең ойын жасырмай жазатын журналист болған соң, ара-тұра жұмыстан да бірер жылға шығып қалады. Оның үстіне үйде басы артық ақша да жоқ.

Егемендіктің алғашқы он жылдығында ер жеттік. Ауылдағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Соны біліп өскен соң, мүлде ақша сұрамайсың. Тіпті мектепті бітіргенде түсетін виньеткаға 500 теңге жинағанда үйден ақша сұрауға намыстанып, мектепті виньеткасыз бітірдім.

Одан Алматыға аттандым. Оқуға кетіп бара жатқанда әкем марқұм 5 мың теңге берді. Содан Алматыда жазда официант болып бірер ай жұмыс істедім. Ауылда оқушы кезімде мал бағып, бақтағы жеміс-жидекті базарға апарып сатып ақша тапқанымды есептемегенде даяшылық - менің алғашқы жұмысым болды. Даяшы болып тапқан алғашқы айлығыма ырымдап нан мен айран алдым.

Өзімнен екі жас үлкен әпкем Гүлнәр Мұханова Алматыға екі жыл бұрын барған, ҚазҰУ-да оқиды. Мен барған жылы, үшінші курста оқып жүріп “Түркістан” газетіне жұмысқа тұрды, одан “Хабар” мен “Азаттықта” қатар істеді. ҚазҰУ-дің 5-жатақханасында тегін тұрамыз. Әпкемнің айлығын үнемдесек, екеуімізге жетеді.

Ақшаны үнемдеу үшін базардан бір қап ұн, бір қап рожки алып келем. Қамыр илеп, чудо-печкаға нан пісірем. Алғаш рет нан пісірген күнім әлі есімде. Ауылдағы жеңгеме хабарласып, технологиясын сұрап алдым. Көз көріп жүрген процесс болған соң, аса қиынға соқпады. Бірақ наным чудо-печкадан тақтайдай қатып шықты. Тәптіштеп тағы сұрап алдым. Сөйтсем, ашытқыға ыстық су емес, жылы су құю керек екен.

Ауылдан тоң майға қуырдақ қатырып беріп жібереді. Оны сковородкаға салып, ерітіп, үстіне су құйып, рожки сала қоясың. Төрт жыл рожки жеген соң ба, кейіннен біраз уақыт рожкиге қарай алмай жүрдім.

Содан не керек, 18 жасыма жетпей “Жас алаш” газетіне жұмысқа тұрдым. Содан бастап әкемнен ақша сұраған емеспін. 3-4 курстың оқу ақысын да өзім төледім.

Сонда ішкені алдында, ішпегені артында болған құрдастарымды көріп, кейде налитынмын. Кейіннен, аяқтанған соң, тартынып жүріп ер жету бұл бір сор емес, бақ екенін ұқтым.

 

Пікірлер